Түпқараған ауданының Сайын ауылында су қондырғысының іске қосылуы үлкен жаңалық болды. Күніне 1 мың текше метр су шығаратын қондырғы «Aura» демалыс кешеніндегі бұған дейін 300 текше метр қуаттылықпен тұшытылатын су көлемін 1300 текше метрге дейін арттырды.
«Алека» ЖШС теңіз жағалауынан 15 құдық қазып, арнайы су тұшыту қондырғылары көмегімен резервуарға жинайды. Қондырғы Сайын Шапағатов ауылының 4 орамының 13 көшесіндегі құбырға қосылды. Сайын ауылының әкімі Қылыш Сайранның айтуынша, қазіргі таңда «Алека» ЖШС 400 текше метрге дейін су жіберуде, алдағы уақытта өз қуатымен толыққанды қосылады деген жоспар бар.
– Қазіргі таңда ауылымызда ауыз су мәселесі өзекті болып отыр. Осы мәселені шешу мақсатында «Алека» ЖШС 1 мың текше метр ауыз сумен қамтамасыз ететін құбырды іске қосып жатыр. Аталған зауыт бастапқы кезеңде 250 текше метр су тұшытса, бүгінгі күні күнделікті 400 текше метр су тұшытады. Яғни кезең-кезеңімен көтерілуде. Қазіргі кезде тәулігіне 24 сағат бойы 4 және 5 орамның тұрғындарына ауыз су беріліп отыр. Алдағы уақытта толық іске қосып, тұрақты сумен қамту жоспары бар, дейді ауыл әкімі.
Ауыл тұрғындары енді су тапшылығы мәселесі алаңдатпайды деп сенеді.
Маңғыстау облысы