А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының ғалымдары бидайдың жаңа сұрпын ойлап тапты. Жаздық жұмсақ бидайдың жаңа түрі «Таймас» деп аталады.
Асыл тұқымды «Таймас» сортын орталық ғалымдары 15 жыл бойы зерттеген. Биыл мемлекеттік патент алды. Бұл туралы орталықтың Жаздық жұмсақ бидай селекциясы зертханасының меңгерушісі, жас ғалым Елжас Қайыржанов айтты.
Мамандар жаңа сорттың құрғақшылыққа төзімді екенін айтты. «Таймас» пісу түріне сәйкес орта маусымдық сортқа жатады. Астық сапасының технологиялық көрсеткіші бойынша да сорты жоғары бидай саналады.
– Мұндағы шикі қамырлылығының мөлшері – 32,3-34,5 пайыз, ақуыз – 15,1-15,7 пайыз. Сорттың өнімділігі де аса жоғары. Зерттеу жылдарында жаңа сорт максималды өнімділік көрсетті – 38,5 ц/га. Жаңа өнім Солтүстік Қазақстан жағдайында өсіруге ұсынылады, – деді Е.Қайыржанов.
Еліміздің солтүстік өңірлеріне аса бейінді жаңа сорт алқаптарда кездесетін түрлі ауруларға төзімді. Тіпті сары тот ауруын да елемейді. Аталған ауру түрі бидайдың өсуі мен жетілуіне айтарлықтай зиян келтіреді. Оған шалдыққан бидай 30-40 пайыз өнімділігін жоғалтады. Ал «Таймас» сорты бұған төзімді.
Е.Қайыржановтың айтуынша, қазір элиталық тұқым түрін көбейту жұмыстарына дайындық жүргізіліп жатыр. Алдағы екі жыл ішінде оны жеткілікті мөлшерде көбейтіп, тұқым ретінде өзге тұқым шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарына жөнелту жоспарланып отыр.
Бердібек ХАБАЙ,
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті