Германияның Хайденхайм қаласында семсерлесуден Әлем кубогінің кезеңдік сайысы аяқталды. Бұл жарыста Қазақстан құрамасының қоржынына бір жүлде түсті.
«Шпага» жаттығуы бойынша бақ сынаған Руслан Құрбанов бастапқы бәсекелердің барлығында басымдық танытып, жартылай финалға дейін еш кедергісіз жетті. Дәл осы межеде оның жолы Коно Кокимен қиысты. Бұл есім жанкүйерлерге жақсы таныс. 25 жастағы Жапонияның мақтанышы 2021 жылы Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындарында жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілсе, былтыр Каирде өткен әлем чемпионатында қола медаль иеленді. Бұған қоса, Кокидің Азия ойындарының жеңімпазы, құрлық біріншілігінің екі дүркін қола жүлдегері және басқа да толып жатқан атақтары бар. Қазақстанның ең үздік семсерлесушісі даңқты қарсыласымен еш аянбай айқасты. Десек те жеңіс 15:10 есебімен жапониялықтың еншісінде кетті. Сөйтіп, бұл жарысты Құрбанов қола медальмен қорытындылады.