• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 28 Ақпан, 2023

Күй мұхитынан нәр алған

1785 рет
көрсетілді

Қоңыр үнге елең етер қазақ баласын ой құшағына сүңгітіп, күнделікті күйбеңнен сәтке болса да сілкіп алар бір құдірет болса, ол домбыраның шанағында жатқан болар. Бабадан жеткен бекзат мұраның өзегінен өмір үні естіледі кейде. Иә, қос ішектен қасиет пен қасіреттің, қуаныш пен қайғының даусы қатар шығып, тамырыңда бүлкілдеп жатқан әлденені түрткілейді. Жұбатқан күйшінің саусағынан төгілген Сүгірдің «Шалқымасы» тапжылмай тыңдап отырған бізді толқытып барады.

Саусағынан емес, көңілінен дегеніміз дұрыс шығар. Тәкен Әлімқұлов: «Дом­бы­раны саусақ сөйлетпейді, көңіл сөйле­теді» демеуші ме еді. Дәл солай. Күй тартқанда маң­дай тері бұрқырап, арқаланып алатын Жұбекең екпінін одан сайын үдете түсті. Жанарын бірде ашып, бірде жұмып күй ырғағымен бірге теңселіп, тебіреніп барады. Қоңыр үннің қойнауына еніп, сайын да­ланы шырқау биіктен шарлап келе жат­қан­даймыз. Күй құдіреті дегеніңіз – осы шығар...

Айтпақшы, Жұбекең деп отырғанымыз, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің күйшісі, «Мә­дениет саласының үздігі» – Жұбатқан Тәж­бенов. Тағылымды ұжымда отыз жыл табан аудармай еңбек етіп келе жат­қан өнерпаз қасиетті қара домбыраның арқасында әлемді шарлаған азамат. Қазақ өнерінің қарашаңырағына жиырма жасында қабылданған ол «өмірім домбырамен егіз өрілген» деп толғанады. Өнерпаздың өмір өрнегіне көз салсақ, расында да балаң шағынан қолынан домбыра түспеген, ән мен күйден бөліп қарауға болмайтын тағдыр иесін көреміз. Қарақалпақстанның Тақтакөпір ауданына қарасты Жиделік ауылында дүниеге келген кейіпкеріміз 2-сыныпқа аяқ басқанда ата-анасымен бірге сол өлкенің «Жаңадәрия» кеңшарына көшіп барған. Арғы атасы Қор­ғанбай елге аты мәлім айтыс ақыны болыпты. Бәдік айтыста бәсі биік тұр­ған оның қалжыңдары ел арасында «Қор­ғанбайдың қағытпалары» деген атпен ауыздан-ауызға тарапты.

«Берген шайың суық па,

Жетіп барды қуыққа.

Мен келгенше жігіттер,

Домбырамды суытпа»,

деп қағытатын бабасының қанында бар қасиет Жұбекеңе дарыпты. Мектепте «домбырашы бала» атанып, кеңшар директоры Оразалы Иім­бетов пен белгілі өнерпаз Рүстем Дәрі­баевтың бастамасымен құрылған аймақ­тық «Сарыжайлау» ансамблінің белді мүшесі болды. Мектеп бітірер шақта ағалардың алқауымен Алматыға келіп өнердің қайнаған ошағына қосылған. Емтихан тапсыру кезінде П.Чайковский атындағы музыкалық училищеге түсуге бір ғана ұпайы жетпеген жалынды жас, Қаскелеңдегі мәдени-ағарту училищесінің домбыра бөліміне қабылданады.

Алғашқы курсты енді аяқтағанда әс­керге шақырту алып, азаматтық борышын өтеуге аттанады. Сарбаздық сапары қилы кезеңмен тұспа-тұс келіп, кеңес әскерінің құрамында Ауған даласын­дағы іс-қимылдарға қатысуына тура келеді. Екі жылға жуықтаған қатерлі қақты­ғыс­тың бірінде аяғынан жараланып, елге оралған ол кәсіби білімін қазіргі Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің му­зыка факультетінде жалғастырады. «Сол бір сын сағатта жаныма жалау бол­ған домбыраның қоңыр үні еді», дейді ол.

Қу ағаштың қойнынан құпия үн құйы­лып түсе салмайды. Шебер күйші болу үшін тек талантты болу жеткіліксіз, ас­қақ рух керек адамға. Тағы бір күй тың­дап алып әңгіме ауанын күй құдіреті, күй­шілік өнердің өрісі тақырыбына бұрдық. Жастарды ұлттық мұраға баулып жүрген кәсіби шебердің бұл тұрғыдағы ойлары да көңілге қонады.

– Әріден бастау алған күй өнері хал­­қымыздың тарихымен астасып жа­тыр. Қорқыт, Ықылас, Қазанғап, Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Сү­гір, Дина, Нұрғисалардың арман-тілегі елімен егіз, халқымен қанаттас. Күй­ші­лер халықтың мұң-мұқтажын, мақ­сат-мүддесін дом­быраның қоңыр үні­мен жет­кізе білді. Күй болмысынан дәуір­лер­дің айнасын көреміз. Құрманғазы күй­леріндегі екпін мен жігер, Дәулеткерей шығармашылығындағы терең толғаныс пен романтикаға толы лирика, Тәттімбет күйіндегі әсем әуен мен қоңыр саз, Қазан­ғап қолтаңбасындағы ойнақы, құбылмалы ағыстар біздің рухани дүниеміздің дің­гегі. Заман арнасы қалай бұрылса да, діңгегімізден ажырамауымыз қажет. Күй­­дің рухын жанымен сезіне алған адам нағыз парасат иесіне айналады. Дом­­­бырадан құр күмбір емес, сезім саулауға тиіс. Өзім домбыраға баулып жүр­ген жастарға қояр басты талабым осы. Му­зы­кант болу үшін адамға ең алдымен есте сақтау қабілеті мен ырғақты сезіне білу қа­сиеті керек. Шеберлік жылдармен шың­­далады, ал күй ырғағын, даусын, тынысын сезіну бір басқа, – дейді Жұбатқан Тәжбенов.

Күй дауысын нағыз таланттар тоғысқан сахнадан тыңдау айрықша әсерге бөлейді. Үн ырғағымен бірге қалықтайсың. Кейде шемен шерге ілесіп орман ойдың ортасына түсесің. Сырлы сазбен өмір жолағыңның өткен шақтары тізбектеліп, санаңда сан тарау сезімдер сапырылысып жатады. Ал осы сәттің әсерін сахнада сән түзеген оркестр мүшелері қалай сезінетіні бәрінен қызық. Отыз жыл бойы осы дүбірдің ортасында жүрген орындаушыдан сөз арасында мұны да сұрадық.

– Дирижердің нұсқауынан кейін оркестр шығармаға ене бастайды. Әріп­тестеріңе қарап өзіңді бәйгеге қосылған тұл­пардай сезінесің. Бәрін ұмытып, туын­дының ішіне кіресің. Көз алдыңа су­рет келеді. Күйші кейіптеген кезеңге, сол мекенге өтесің. Әсіресе Қазанғаптың – «Кө­кілін», Ықыластың «Жезкиігін» ойна­ғанда еміреніп кетемін. Оны тілмен жеткізу мүмкін емес, ішкі түйсікпен ғана сезінетін кеп. Ұжымды ұятқа қалдыр­мауың керек. Елу адам отырса да бір ас­паптың рөлі зор. Мұны әрбір оркестр мүшесі жақсы түсінеді. Шығарма аяқ­тал­ғандағы халықтың қошемет-ықы­ласы өнерімізге көрсетілген баға деп қабыл­даймыз. Әр аспапшы шығарманың болмысын сезінбесе, беріліп ойнамаса күй мазмұны ашылмайды, құр әншейін сыңғырлаған құрғақ музыкаға айналады. Оркестріміздегі білікті мамандар мұны жан-жүйесімен сезінеді, – дейді өнер иесі.

Аспабың жақсы болмаса, бәрі бекер. Мың жерден шебер орындаушы болса да домбырасы мыңқылдап, шіңкілдеп, шаң­қылдап тұрса күйшінің күйі қашады. Қолыңа жақсы аспап түссе – жарты бақыт. Сирек те болса сәтті жасалған ғажап дом­быралар бар. Жұбатқан күйшінің қолына да мұндай көне домбыраның бірі оркестрге алғаш барғанында ілінген. Нақ­ты қай шебердің қолынан шыққаны белгісіз айрықша үнді аспап, заманында оркестр басшылығының тапсырысымен Мәскеуде жасалған болуы мүмкін. Рысбай Ғабдиев бастаған алатаудай ағалар қиылып сұрағанда да қимапты. Оның айтуынша, домбыраның да киесі болады, әлгі домбыраны қолына қонған құт деп жориды Жұбекең. Кие мен қасиетті елемей көр. Көңіл көрігін күй күмбірінен тапқан өзі де Бесқала жерінде аты мәшһүр болған Наурызбек жырауды пір тұтып, Бөр­ші таудың баурайында Қарасай шал­дың иірімінен қуат алып өнерге қадам басқан.

– Өмір бойы өнерім өрге сүйреп келеді. Алла Тағала біздің ризығымызды домбыраның пернесіне байлап қой­ғандай. Өзім еңбек ететін Құрманғазы оркестрінде жүріп, ата-бабамыз аяқ баспаған қаншама елді араладық. Жүрген жерімізде халқымыздың кеңдігін, кемелдігін, тереңдігін өнер арқылы дәріптеп келеміз. Германия, АҚШ секілді алып державалардың сахнасында қазақ күйі күмбірлегенде көрермен орнынан тұрып қол соғып, мәдениеті қандай бай ел деп тамсанып жатады. Шетелдің алып сахналарында симфониялық оркестрмен қатар өнер көрсеткен кездеріміз аз болған жоқ. Көзіқарақты көрермен қобыз бен домбыраның үніне нағыз ғажап дүние деп тамсанғанда, бізге де қанат біткендей болды. Өнер – ұлт пен ұлтты, ел мен елді жақындастыратын ұлы көпір. Ұлттық мұрамызды ұлықтап, ұрпағымызды осы рухта тәрбиелеуге тиіспіз. Өнер әле­мінде Қошқарбек Тасбергенов, Айт­қали Жайымов, Шамғон Қажығалиев, Ал­даберген Мырзабеков, Қайрат Бай­босынов секілді атпал ағалардан көп дүние үйрендік. Бойымдағы титтей ұш­қынды жандандыруға жиен ағам Ер­ғали Отаралы да мол үлес қосты. Олар­дың әрқайсысы – бір-бір мектеп. Күй мұ­хитынан нәр алып, ұлт руханиятына аз да болса үлес қосуыма жол ашқан қа­зақ өне­рінің қасиетті қарашаңырағы – Құр­­манғазы атындағы халық аспаптар ор­кестрі, – дейді Жұбатқан Тәжбенов.

Көнеден жеткен асыл мұраны ардақ­таған азамат мәдени байлығымыз келешекке керуен тарта берсе дейді. Өзі өнерге бау­лыған шәкірттері де күй құдіретінің терең сырына үңіліп, айтулы байқауларда үздік­тер қатарынан көрініп жүр. Биыл тоқ­сан жылдығы тойланатын ордалы ұжым­ның талантты өкілі ортамызға күнде келе бермесі анық. Жұмыс бөлмеміздегі жо­сығы бөлек жүздесу жалғаса берсе дей­міз іштей. Кейіпкеріміз перне бойынан тол­қындап шыққан керімсал күйді ағыл­тып отыр. Тыңдаған сайын тынысың ке­ңейеді.

 

АЛМАТЫ