Әрбір он мың адамның біреуінде ғана кездесетін кеселдер бар. Алайда соған қарамастан сирек кездесетін дерттердің түрі тіпті көп, әлемде тұқым қуалайтын орфандық аурулардың 7 мыңнан аса түрі табылады. Оның ішінде медицина тіліндегі «буллезды эпидермолиз» дейтін туабітті тері кеселі көбінесе «Көбелек ауруы» деп аталады. Аты айтып тұрғандай, науқастың терісі көбелек қанаты іспетті үлбіреп әрі күлдіреп, қышып, қабыршақтанып тұрады. Өмір бойы күтімді қажет ететін күлдіреген жаралар тіпті, болымсыз жарақаттардан да, кейде өздігінен пайда бола береді.
Бірлескен тәжірибенің нәтижесі
Таяу күндері елімізде тұңғыш рет балалардың ең болмаса қалыпты өмір сүруіне мүмкіндік беретін операциялар іске асты. Осылайша, Алматы қаласында буллезді эпидермолиздің дистрофиялық түріне шалдыққан екі балаға синдактилияны жоюдың бірегей операциясы жасалып, біріккен қолдың саусақтары ажыратылды.
«Көбелек балаларға» арналған операциялар сәтті өтті десек болады. Бірақ бірнеше аптадан кейін мамандар трансплантацияланған терінің тамырланғанын, ағзамен бітіскенін көргенде ғана оның нәтижесін толық бағалауға болатынын айтады.
«Шындығында бізді толқытқан жауапты бұл күнді тарихи күн деп айтар едім», деп бастады әңгімесін С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің «Ақсай» клиникасының ортопедиялық бөлімшесінің меңгерушісі Исамдун Харамов.
Буллезді эпидермолиз – бұл генетикалық ауру, жұқпалы емес және басқаларға ешқандай қауіп төндірмейді, сирек кездесетін мутация нәтижесінде анықталады. Тері қабаттарындағы ақуыздарды кодтайтын оннан аса ген тұрақты өзгерістерге ұшырайды. Бұл кеселмен туған балаларға кез келген шалт қимылдың өзі қиындық туғызады, теріге абайсыз тиіп кетсе, ол ұзақ уақыт бойы емделетін жараға айналуы мүмкін. Қанмен берілетін бұл кеселді толық емдеу әлі мүмкін емес. Бірақ дұрыс күтім жасап, теріні үнемі зарарсыздандырып, арнайы таңғыштармен дертті жеңілдетуге болады.
Бұл аурудың ауыр асқынуларының бір түрі – псевдосиндактелия және аяқ-қол мен басқа буындардың контрактурасы, яғни шырыштана келе жабысып қалудан көрінеді. Біріккен саусақтарды тек хирургиялық жолмен ғана ажыратуға болады. Осы уақытқа дейін біздің пациенттерге шетелдерде ота жасалып келсе, енді хирургиялық операцияның осынау әдісі Алматы қаласындағы «Ақсай» университеттік клиникасына енгізіліп жатыр.
Бұған дейін буллезді эпидермолизбен ауыратын, Қазақстаннан барған балаға Ресейде операция жасалған екен. Кішкентай науқастың қолдары операциядан бірнеше айдан кейін сурет салуға икемделген. Көрші мемлекетте мұндай патологиясы бар балаларға кейінгі 5 жыл бойы операция жасалып келеді. Енді міне, «Ақсай» балалар клиникасының дәрігері Исамдун Харамовтың күш-жігерімен ресейлік мамандар біздің елімізде тәжірибе алмасумен қатар, қол саусақтарын ажырату үдерісінен демонстрациялық шеберлік дәрісін өткізді.
«Дүние есігін ашқаннан осы дертке душар болған балалар Алматы облысынан келді. Олар бізде және Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығында қаралады. Өсіп келе жатқан көпіршік жаралар ашылып, соның салдарынан саусақтар бірігіп кетеді. Бұл – өте күрделі операция. Біз бір баланы Мәскеуге де апардық, бірақ оның сол кездегі жағдайы қиын болғаны соншалықты, денесінде ұстайтын сау жері жоқ болатын. Өкінішке қарай, әріптестеріміз оған операция жасаудан бас тартты. Бірақ қазіргі таңда Санкт-Петербургтегі әріптестеріміз кеңес беруге дайын. Ал бұл жолы екі балаға да нақты операция жасалды. Құдайға шүкір, үлкен баланың білегінде сау терісі бар екен. Жағдайы ауыр кіші балаға біз тізесінің терісін алдық. Яғни зақымданбаған жерлердің терісін алуымыз керек», дейді И.Харамов.
Бұл операцияның қиындығы – буллезді эпидермолиз диагнозының ерекшеліктерінде. Ол тіпті жеңіл жарақаттармен (үйкеліс, қысым, қатты тамақ немесе тіпті өздігінен) теріде және шырышты қабаттарда көпіршіктер пайда болуымен сипатталады. Бұл балаларды «көбелектер» деп атайтыны бекер емес. Сондықтан операция кезінде тек қана бірегей, жоғары технологиялық арнаулы таңу құралдары мен пластикалық шиналарды қолдану қажет. Тағы бір бірегейлігі – наркоз беру, өйткені ауыз қуысының шырышты қабығында көпіршіктер жоғарғы тыныс жолдарында да пайда болуы мүмкін.
Осы операцияға іліккен пациенттердің бірі Есентай 9 жаста, үйден оқиды. Буллезді эпидермолиз диагнозы дүние есігін ашқанына бір айдан толғанда қойылып, саусақтары бір жасқа толғанша бірігіп қалған. Баланың қолдары көбелектің қанаты сияқты жабысып қалса, биылғы 23 ақпан күні ажыратып, қалпына келтірді. Есентай бұған дейін тіпті жарақат алудан қорқып, көп сөйлемеуге тырысады екен. Өйткені «көбелек балаларға» күлімсіреудің өзі қиын, ауруын асқындырады, езу тартқан кезде ерні жарылып, ашық жараға айналуы ғажап емес.
«Есентай өте ақылды, ноутбукта отырады, смартфонмен ойнайды, әдебиетті жақсы көреді, биылдан бастап информатиканы оқи бастады. Сөйлей алады, бәрін өзі жасауға тырысады. Операцияның сәтті өткеніне үміттенеміз», дейді Бақытгүл Әбділ.
Мамандардың айтуынша, көрші палатада жатқан 6 жастағы Бекнұрдың ахуалы анағұрлым ауыр болған. Қолдары мен аяқтары үнемі дәкемен таңулы. Мұндай балаларға анестезия жасаудың өзі қиын. Ауыз қуысы толық ашылмағандықтан, өкпе интубациясын жүргізуде де қиындық туындаған.
«Операция кезінде бала дұрыс дем алуы үшін арнайы эндоскопиялық аппарат қосылады. Әрі қарай біз жанасатын терінің барлық бөлігі арнайы таңғышпен жабылады. Қол хирургиясы операцияның қансыз аяқ-қолда жасалатындықтан, иыққа арнайы пневматикалық турникет қойылады, ол үрленеді, артерияны қысады, содан кейін қан кетуден қорықпай операция жасаймыз. Бұл турникеттің астында арнайы таңғыш қажет. Әрі қарай біз саусақтарды біріктіріп тұрған «коконды» бөліп, оларды біртіндеп кеңейте бастаймыз», деді операция әдісі туралы Санкт-Петербург қаласындағы Н.И.Пирогов атындағы Жоғары медициналық технологиялар клиникасының травматология-ортопедия бөлімінің меңгерушісі Владимир Заварухин.
Хирургтер балалардың саусақтарын ажыратқаннан кейін, операцияның ең қиын кезеңі теріні трансплантациялау басталады. Бұл үдеріс іс жүзінде зергерлік мұқияттылықты талап етеді. Тері жамылғылары қабаттарға бөлініп, әр саусаққа біртіндеп жабылады. Операция шамамен 2,5 сағатқа созылады. Бұл жолы операция тек бір қолға жасалды. Алты айдан кейін дәл осындай процедура екінші қолға жасалады, тағы алты айдан кейін аяқтарға жасалады.
Осылайша, ТМККК шеңберінде «С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» КеАҚ университеттік клиникасында отандық хирург И.Харамов алғашқы операцияны атқарды. Операцияға Н.И.Пирогов атындағы Жоғары медициналық технологиялар клиникасынан шақырылған мамандар қатысып, олардың сапарын «Көбелек балалар» қайырымдылық қоры ұйымдастырды.
Жоғарыда атап өткендей, буллезді эпидермолиздің түрлері әрбір 70 мың адамның біреуінде кездессе, жаңа туған 125 мың нәрестенің біреуінен табылады. Біздің елімізде буллезді эпидермолиздің әр түріне шалдыққан 108 пациент тіркелген. Оның 63-і – 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер. Мамандардың айтуынша, осындай операцияға іліккен жоғарыдағы екі баладан басқа тағы 5 балаға операция жасауға болады.
Қазіргі таңда елімізде орфандық ауруы барлар арнайы таңғыш дәкелермен қамтамасыз етіледі. Дәрігерлердің айтуынша, «көбелек балалардың» терісі ғана емес, ішкі ағзалары да әлсіз, шырыштанып тұратындықтан, көп жағдайда тіс дәрігерлері оларды емдеуге жүрексінеді.
Орфандық аурулардың өзекті мәселелері
Оқиғаға орайлас, Сирек кездесетін аурулар күні аясында Алматыда Орфандық аурулармен ауыратын науқастарға көмек көрсету қауымдастығы мен Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының ұйытқы болуымен «Орфандық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдері» атты онлайн-форум өткенін айта кету қажет.
Форумға еліміздің барлық аймағы мен шетелдің білікті мамандары, Денсаулық сақтау министрлігі мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының өкілдері, сирек аурулар жөніндегі үйлестірушілер, ғылыми-зерттеу институттарының жетекші мамандары мен медициналық ЖОО профессорлары қатысты.
Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник орфандық аурулармен ауыратын науқас балаларға медициналық көмек көрсету сапасын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды бастаманы атап өтті.
«Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы 2017 жылы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен сирек кездесетін ауруларды үйлестіру орталығына айналды. Орталықта барлық онкологиялық және гематологиялық аурулар, муковисцидоз, Гоше ауруы, қан ұю кеселдері, біріншілік иммунтапшылығы, мукополисахаридоз сияқты сирек кездесетін аурулары бар науқастарды диагностикалау, емдеу, динамикалық бақылау жүргізіледі. Еліміздің барлық аймағында республикалық үйлестіруші бар. 2017 жылы Педиатрия орталығында Қоғамдық кеңес құрылып, оның құрамына қоғамдық және пациенттік ұйымдардың өкілдері кірді. Осы қордағы жұмыс барлық ұйым өкілдерін қауымдастыққа біріктіруге себеп болды. 2022 жылдан бастап Педиатрия орталығы «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп сирек кездесетін ауруларға шалдыққан балаларға тиімді, қымбат дәрілермен қамтамасыз етуде бірлескен жұмысын бастады», дейді Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басқарма төрағасы Абай Құсайынов.
Бүгінгі таңда сирек кездесетін аурулардың 7 мыңнан аса түрі белгілі және орфандық аурулардың ресми тізімінде 66 нозология бар. Әрбір ел орфандық ауруға қатысты өз өлшемдерін анықтап, әрбір мемлекет сирек кездесетін ауруларға шалдыққан науқастарға медициналық көмек көрсету жолы мен күтім көрсетудің өзіндік әдісін таңдай алады.
Бүкіл әлемде қоғамдық қорлар мен пациенттік ұйымдар орфанетика саласын дамытудың негізгі қозғаушы күші және бастамашысы болып отырғандықтан, бұл форум да Орфандық аурулармен ауыратын науқастарға көмек көрсету қауымдастығының бастамасымен ұйымдастырылды.
Екі күнге жалғасқан форумда орфандық аурулардың әртүрлі мәселе бойынша 29 баяндама тыңдалды. Форумға қатысушыларға сирек кездесетін аурулары бар балаларға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру, сондай-ақ диагностика мәселелері мен бағыттары, инновациялық терапияның қағидаттары мен әдістері, сирек ауруларға шалдыққан балаларды оңалту туралы ақпараттар берілді. Сондай-ақ басқосуда кейбір аурулардың генетикалық диагностикасының келешегі мен көкейкесті мәселелері талқыланды.
АЛМАТЫ