Қоғамның қайырымды бола бастағанына қуануымыз керек. Бұл адамдардың бойында мейірімнің артқанын білдіреді. Әрі ел ішіндегі қайырымдылық қағидатына иек артқан ортаның қалыптасуы біздің әлем алдындағы абыройымызды да арттыра түспек.
Биыл Қазақстан қайырымдылық жасау көрсеткіші бойынша әлемнің 50 елінің қатарына еркін еніп, тұрақты тізімдегі 40-орынға тұрақтаған екен. Мұндай деректі америкалық «Тhe World Giving Index» мониторингтік индексі жариялап отыр.
Зерттеу жүргізілген 119 елдің арасынан қара үзіп, 40-орыннан табылудың бір ерекше айтар тұсы бар: бұған дейін аталған индекс бойынша 54-орында болып келген еліміз биыл бірден 14 көрсеткіш бойынша ілгерілеп, 40-орыннан көрінді.
Айтпақшы, бұл жерде «Тhe World Giving Index» мониторингтік индекс адамдардың жұмыла көрсеткен көмегінің көлеміне қатысты деректерді негізге алған. Яғни бұл елімізде қиындықпен бетпе-бет келген адамдарға қоғам болып жұмылып қол ұшын созу үрдісі қалыптасқанын білдіреді.
Елімізде әртүрлі бағыт бойынша халықпен етене байланыста 17 мыңнан астам ҮЕҰ белсенді жұмыс істейді. Ал «Egov» порталына тіркелген 41 қайырымдылық қоры бар екен. Оның бірі – «Харекет» қоғамдық қайырымдылық қоры.
Ұйым 4 жыл ішінде үйсіз қалып, өмірде қиын жағдайға тап болған жетім балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы және аз қамтылған 500-ден астам мұқтаж отбасыға халық болып асарлатып, 2 мың баланың баспаналы болуына жәрдемдесті. «Ақ жол-М» қоғамдық қоры да ашылғалы бері балалардың церебральді кемістігі, аутизм, эпилепсиямен ауыратын, сондай-ақ көзі көрмейтін, құлағы естімейтін 800-ден астам жеткіншекті қабылдап, жұртшылық көмегімен ем-дом жасаған.
Өткен жылы Президент бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры да азаматтардың нақты мәселесін шешуге бағытталған. Екі жыл ішінде қорға 131,7 млрд теңге қаражат жиналған. Соның негізінде 20-дан астам бағдарлама іске асырылып келеді. Мәселен, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған 98 арнайы мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтқан. Білім ақысын өтеу қиындығына тап болған 1,5 мың жас пен студенттен өтінім түсіп, мұқтаж абитуриенттерге арнап 85 жоғары оқу орнына үш-үштен грант бөлді. Бұған қоса Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасына сирек кездесетін көру нервтері зақымдалған және жұлыны бұзылған Девик ауруына шалдыққан 3 емделушіге «Ритуксимаб» дәрісін жеткізді. Науқастарға 1,8 млн теңге сомасына дәрінің 7 құтысы сатып алыныпты.
«Сүрінгенге – сүйеу, қиналғанға – демеу» болу қазақтың қанында бар қасиет. Бізде осылай жұртшылықтың бірлігін бекемдеп, ынтымағын арттыратын салт пен дәстүр жалғастығы сақталған. Ежелден еншіге тиген бұл дүниелердің бірі ұмыт болса, енді бірі заманмен трансформацияланып, ұйыған ұлттың құндылығын көрсетіп тұр. Оның бірі әрі бірегейі Асар дәстүрі болса керек. Бұл дәстүрдің ерекшелігі де сол, адамдар бірлесіп үй салып, басқа да игі мақсатта бір-біріне көмектесіп, қол ұшын созады. Осы игі істі бүгінде Z ұрпақтың бойына сіңіріп жүрген қайырымдылық қоры – «Asar-Ume».
– «Asar-Ume» қайырымдылық қоры 2019 жылы құрылды. Алғаш үш адамнан бастаған топ, қазір 15 азаматтың басын біріктіріп отырған үлкен ұйым. Еліміздің түкпір-түкпірінде волонтерлеріміз бар. Негізі қор ашылған кезден бастап 600-ге жақын отбасының үйлі болуына халық болып жәрдемдестік. Бастапқыда Алматы қаласындағы көпбалалы отбасылар, оның ішінде кәмелет жасқа толмаған сегіз балалы шаңыраққа көмектестік. Кейін ақырындап жеті, алты, бес балалы деп отбасыларды іріктеп, содан соң республиканың басқа да өңірлеріне шығып, асарлатып, міне, күні бүгінге дейін игіліктің ізін жалғап келеміз. Біз сынықтан сылтау тауып, сылдырлай кеткен шаңырақтан, шынайы мұқтаж отбасыларды ажырату үшін біраз уақыт құжаттарын тексеріп, модерация жасаймыз. Егер өзге қалаларда болса, ол жақтағы еріктілеріміз сол үйге барып, жағдайымен танысып, бізге хабарлайды. Бүгінде оңтүстіктен, әсіресе Шымкент қаласынан өте көп отбасылар өтініш жазады, – деді қайырымдылық қордың аймақтық директоры Бауыржан Ахметов.
Өткен жылдың өзінде қорға көмек сұрап 280-ге жуық отбасы өтініш тастаған. Олардың қажеттілігіне қаражат әр жұма сайын қарапайым халықтан жиналады. Тіпті кейде әр өңірдегі атымтай жомарт азаматтар қомақты қаржы бөліп, мұқтаждың талған өзегіне талғажау тапқан.
– Бір күні бізге өтініш тастаған көпбалалы ана хабарласты. Мемлекеттен беретін жәрдемақысының көлемі өсіпті, өзін тізімнен алып тастауын өтінді. Себебін былайша түсіндірді: «Менен де жағдайы төмен, сіздердің көмектеріңізге мұқтаж жандар бар» деді де, рахметін айтып телефон тұтқасын қоя салды. Арада екі-үш ай өтті. Жаңағы әйел қайта хабарласты. Айтуынша, өлкесіндегі бір кәсіпкер қаланың орталығынан үш бөлмелі пәтер сыйға берген. Біздің көзімізге бірден жас келді. Көрдіңіз бе? Мейірімге толы жүректің ізгі ниетіне Алла тағала қандай шапағатын көрсетті, – деді қордың негізін қалаушылардың бірі Асхат Нұрмашев.
Таң атқан жерде, күн батады, ал қайғы бар жерде, қуаныш та болады. Бірақ алты баланың анасы Арайлым Сатыбалдиеваның 15 жылдық ғұмыры уайым мен қайғыдан көз ашпады. Өйткені жалғызбасты ана жылдар бойы пәтер жалдап, өзгенің үйін паналап келген. Айлығы шайлығынан аспай, балаларын жалғыз өзі асырап жатқан ананың жағдайына қанық болған «Asar-Ume» қайырымдылық қоры, видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеді. Содан кейін, уайым мен мұңға толы өмірі қуанышпен өрілді. Өйткені бейнежазбаны көрген халық, бірден асарлатып, қаржы жинақтады. Қазақтың «көп түкірсе – көл» деген аталы сөзі алтын құрсақты ананың арманын орындауға сеп болды. Дүйім жұрт көпбалалы отбасыға бес бөлмелі үй алып берді.
– Мен өте қуаныштымын, жақында қоныс тойын тойладым. Қазір жағдайым жақсы, әкімдікте ақылы қоғамдық жұмыстар атқарамын. Басты проблема үйлі болу мәселесі шешілді. Енді біртіндеп тұрмысымыз жақсарады деп үміттенемін. Арманымның орындалуына себепші болған қайырымдылық қорына, атсалысқан барша азаматқа алғысым шексіз, – дейді А.Сатыбалдиева.
Қолында сәбиі бар әйел такси жүргізушісі де көптің есінде болар. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада астаналық келіншек бес айлық шақалағымен такси жүргізушісі болып қызмет көрсетіп жүрген. Оны көрген жұртшылық асарлатып, «Біз біргеміз» қоғамдық қоры атынан баспана сыйға тартты. Осылайша, отандастар ауызбіршілігінің арқасында күрмеуге келмейтін қысқа жіптен бүтін киіз үй құрды.
– Не деген бақыт, сене алар емеспін. Сіздерге көп рахмет! Мен әлі сенбеймін! Кіреберісте балалармен түнеп қалған күндерім болды. Күндіз пәтер іздедім, бірақ кішкентай балаларым болғандықтан, ешкім маған үйін жалдап тұруға берген жоқ. Мен қазір өте қуаныштымын. Сіздей мейірімді жандарға мың алғыс! – деп Әсел есімді келіншек жүректегі сөздерін жеткізген еді.
Түркиядағы апатта да бауырлар құр қол отырмады. Қай кезде де «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», түрік ағайынға тонналап киім-кешек, медициналық құралдардан басқа, өзіміздің білікті мамандарды да жөнелтті. Теледидардың ар жағынан қанша отандасымыз жанын шүберекке түйіп, қирандылар астында қалған азаматтардың тез табылуына дұға етіп, жабырқаған жандарға демеу болды.
Жаһанды дүрліктірген коронавирус төбеден төнгенде ел арасынан еріктілер шығып, күн-түн демей әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға дәрі-дәрмек, азық-түлік тасыды. Қырық күн қырғынға, мың күн сүргінге ұшыратпай, жұмыла жәрдемдесті. Әр облыс, аудандарда жүректері елжіреген ел-жұрт, жас пен жасамыс, кәсіпкерлерден бастап, мемлекеттік қызметкерлер, тіпті бір айлыққа қараған қарапайым тұрғындарға дейін қалтадағы барын беріп, ағайынның алғысын алды.
«Кең болсаң, кем болмайсың» деген сөзді ұрандатып, халықтан балақайлардың еміне деп қаржы жинап, өзгелердің жақсылық жасауына себепкер болып жүргендер де бар. Оның бірі – блогер Жансерік Қадырбаев. Ол өзінің Instagram-дағы парақшасы арқылы тараздық Айсезім есімді балдырғанның ем-домына асарлатып, үш күнде 106 млн 700 мың теңге қаржы жинады. Бұл еліміздегі ең ауқымды тарихи көмек еді.
– Кәдімгідей түнде ұйықтайды. Бірақ таңертең оянбай қалу қаупі бар. Белгісіздік. Оның мата нейрондарының өліп жатқаны бізге көрінбейді. Күнде ұйықтаған сайын, қызымыз бізбен бірге оянса екен деген үмітпен ұйықтаймыз, – деді Айсезімнің әкесі. Бүгінде балдырғанның емі жалғасып жатыр. Балақай өз өмірі үшін әлі де күресіп жүр.
– Мені өзгелердің жақсылық жасауына Алла тағала себепкер қылып отыр. Біз 12 мүшеміз сау, жарық дүниені көреміз, жүре аламыз. Қалаған затымызды ала аламыз, жасай аламыз. Осының барлығына шүкіршілік етіп, шын жүректен өзгелердің жағдайын көріп, барымен бөлісе білген жандар, осындай құндылықтарды бойына сіңіре білген сіздер – қазіргі заманның батырларысыздар. Зұлымдық, қаталдық бәрін алып тастап, тек мейірімді жүрекпен қолымыздан келгенше көмектесе берейік, – деді Ж.Қадырбаев.
Амал қанша, қайырымдылық сынды қайырлы қасиет бәріне бірдей тән емес. «Таяқтың екі ұшы бар» демекші, қазір пенделік пейілі тарылып, қаржыға құнығып, түйені түгімен, биені бүгімен жұтатын жемсауы кең жемқорлар да жетеді. Әлдебіреудің ауруын жамап, халықтың жомарттығын бармақ басты, көз қысты әрекетке айналдырып жүргендер де кезігеді. Тіпті елорданың өзінде сауда орталықтарында өткен-кеткен жұртшылықтан садақалатып ақша алып, қалтасын қампитып жүрген талайды көз көрген. Жә, оны қойшы…«Мен көмекке мұқтажбын» деп сау аяғын байлап, киіммен жасырып, арбаға таңылып, қайыр сұрап жан бағып отырғандарды да санауға саусақ жетпес. Біреулер таңданса, енді бірі жоққа шығарар. Алайда санасы жеткендер, сәл ойланар...
Тоқсан ауыз сөздің түйінін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осыдан бес жыл бұрын Жастар жылының жабылу және Волонтер жылының ашылу салтанатында айтқан сөзімен қорытындыласақ.
– Волонтер жылы баршамызға, әсірсе жастарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан сіздерді осы игі бастамаға белсенді атсалысуға шақырамын. Жастарымыз мұқтаж жандарға көмек қолын созуға әрдайым дайын болуы керек. Қайырымдылық пен мейірімділік – қанымызға сіңген қасиет. Қазақта асар жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсету дәстүрі бар. Оның волонтерлікпен үндесетіндігі сөзсіз. Бұл істе біз белсенді жастарымызға зор сенім артамыз. Елге қызмет ету тек білімді ғана емес, намысты да талап етеді. Жас ұрпақтың ар-намысы жоғары болса, мемлекетіміздің мәртебесі биік болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.