Елімізде жастар жұмыссыздығы 3,8 пайызды құрайды. Ресми дерекке сүйенсек, республика бойынша жұмыссыз жастардың басым бөлігі – Астана қаласында. Өзекті мәселенің түйінін тарқату үшін жауаптылар елорданың бес ауданында біртіндеп «Жастарға қызмет көрсету орталығын» ашуды қолға алып отыр.
Мұндағы басты мақсат – мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар және жастар арасындағы жұмыссыздық, тұрғын үй, білім, денсаулық және тағы басқа да бағыттар бойынша консультативтік көмек көрсету. Жастарға қызмет көрсету орталығы алғаш болып Есіл ауданының Қабанбай батыр даңғылы, 58б мекенжайында салтанатты түрде ашылды.
– Жалпы, жастар саясатының басты жұмыстарының бірі – оларға жан-жақты қолдау көрсету, бағыт-бағдар беру. Осы бағытта өткен жылдан бастап, елорда жастарына кеңес беру, жұмысқа орналастыру мақсатында «Жастарға қызмет көрсету орталықтары» көмек көрсетіп келеді. Мысалы, былтыр төрт ауданнан бес орталық ашылды. Біз бір жылдың ішінде 10 мыңға жуық жасқа кеңес бердік. Нәтижесінде, 3,5 мыңға жуық азаматты жұмысқа орналастырдық. Мамандардың жол сілтеуімен үйлі болғандары да бар. «Елорда жастары» бағдарламасы бойынша жастарға 5 пайыздық жеңілдетілген несие беріледі, – деді Астана қаласы жастар саясаты басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров.
Орталықта мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары, жұмысқа орналасу мәселелері, волонтерлік қызмет, жастар бастамаларын қолдау, құқықтық және психологиялық көмек көрсетіледі. Мұнда коворкинг бөлімі де жұмыс істейді.
– Бізге жастар әлеуметтік желілер арқылы да байланысқа шығады. Онда сұранысқа ие бос жұмыс орындары жарияланып отырады. Осы ретте жұмыс қызықтырған оқырмандарға бірнеше мүмкіндікті қарастырып, олардың пошталарына жолдаймын, – деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының қызметкері Жангүл Қамбар.