Бір суреттің көркемдігіне ғана таңдай қағып өте шығуға болады. Енді бір сурет бар, көз сүрінетіндей көркемдік таппайсыз, бірақ айтар ойы, мазмұны терең. Сөйлеп тұрады. Тек, көре біліңіз, түсініңіз...
Жуықта белгілі фототілші Тілеубек Шаяхмет Өскеменнің кіреберісінде терең мағынаға ие фото түсірді. Әрине, әдейілеп емес, «құланның қасуына мылтықтың басуы» демекші, фотоаппараттың шүріппесі басылғанда, тұмсығына оюлы текемет тағылған көлік ыңырана келе жатқан.
Суретке назар аударыңыз; қыстың жайма шуақ күні. Тіпті көктем лебі байқалады. Ертіс пен Үлбі өзенінің түйіскен тұсында орын тепкен Өскемен қаласының кіреберісі. Күні кешеге дейін «Усть-Каменогрск» болып тұрған қала атауы «Oskemen» деп менмұндалайды. Бұл ұлт руханиятындағы үлкен жетістік дер едік. Соңғы жылдары Өскеменнің рухани жаңғыруында шынайы серпіліс байқалады. Идеологиялық тұрғыда ескірген қаншама көше атауы қазақшаланды? Биылдың өзінде бірсыпыра көшеге елге еңбегі сіңген тұлғалардың есімі берілгенін білесіздер. Оның ішінде Еңбек Ері Бошай Кітаппаев, жазушылар Оралхан Бөкей, Талаптан Ахметжанов, қылқалам шебері Әбілхан Қастеев, спортшы Жақсылық Үшкемпіров сынды саңлақтар бар. Ол өз алдына сүйіншілі тақырып. Жаздық та.
Ал «Oskemen» деп қала атауын қасқайтып, кирилл қарпінен алшақтап, латыншаға ұмтылғанымызбен, тақтайдай жолда тұмсығына қазақтың сырмағын таққан ГАЗ-53 көлігі көңілге кірбің ұялатып, ойды басқа арнаға бұра ма қалай? Біріміз қазақылануға ұмтылыс жасап жатсақ, енді бірімізге дәстүр-салттың көк тиынға қажеті жоқтай көрінді. Шындық сол. Киіз үйдің төрінде жататын оюлы сырмақтың қиқымы 1961 жылы шыға бастаған кеңестің көк көлігінде желбіреп жүргені жақсы ма? Кеңестік көлік демекші, рухани құндылығымыздың қадіріне жете алмай жатқанымызбен қоймай, ескі көліктен құтыла алмай келе жатқанымыз және бар. Демек суретте елдің экономикалық мәселесі де қылаң бергендей... «Сырмақты көліктің» орнын басар жаңа көлік алуға қарапайым азаматтардың қалтасы көтермейді. Ескі көлігін ілдәлдап күн көріп жүрген жұрт...
Суреттегі көкжиекте будақтаған көк түтін «Қазцинк» зауытының мұржасы болса керек. Бәлкім «Титан-магний» комбинаты ма? Әлде «Үлбі металлургия» зауыты ма? Иә, Өскемен темір илеген титан қала. Өндірісі өркендеген. Бірақ өкініштісі сол, жамағат ескі көлікке жармасып әлі жүр...
Енді бір жағынан алып қарасақ, сырмақ сыру – үлкен өнер. Бабамыздың қолөнерін қастерлемеген санамыздың деңгейі осы ма дейміз. Пәлсапалық тұрғыдан алып қарасақ, даңғыл жолда келе жатқан жүк көлігі әне-міне өте шығады. Сол секілді бүгінгі кем-кетігіміз де өтпелі шығар. Ертең-ақ жаңа заман, Жаңа Қазақстанда өмір сүріп, өз өндірісіміздің өнімін көрерміз.
Фотосуретті оқыған болдық. Астар іздеп, тым терең бойлай қоймадық. Көргеніміз бен түйгеніміз осы. Байқасаңыз, сурет сөйлеп қана тұрған жоқ, композициялық жағынан да үйлесім тапқан. Көркем туынды. Алдыңғы план, ортаңғы, көкжиек, бәрі-бәрі қамтылған. Әсіресе деректі фотомен айналысып жүрген фототілшілердің архивтерінен көз тоқтата қарайтын суреттер көп кездеседі. Тек, түсіну керек шығар. Айтқандай, кейбір сәтті түсірілген фото бүтін бір мақаланың жүгін көтеріп кетуі мүмкін.
Шығыс Қазақстан облысы