3-5 наурыз аралығында Өзбекстанның астанасы – Ташкентте өтетін Гранд слэм турнирінде Қазақстанның дзюдошылары қандай құрамда өнер көрсететіні белгілі болды.
Еліміздің ерлер құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов бұл жарыста 13 шәкіртіне сенім артып отыр. Солардың арасынан Ғұсман Қырғызбаев пен Данияр Шамшаевты ерекше атап өтуге болады. Есет Қуанов
(66 кг), Нұрлыхан Шархан (100 кг), Ғалымжан Қырықбай мен Әділ Оразбаевты да (+100 кг) сақа спортшылар қатарына қосуға болады. Жоғарыда есімдері аталған балуандардан бөлек, Мерей Марханбетов пен Нұрқанат Серікбаев (60 кг), Дархан Қойбағар (73 кг), Абылайхан Жұбаназар (81 кг), Мұхаммедали Мавлидов (90 кг), Айдар Арапов (90 кг) және Бекарыс Сәдуақас (100 кг) сынды балуандар татамиге шығады.
Әйелдер арасындағы жарыста Ғалия Тынбаева (48 кг) пен Камилә Берліқашқа (+78 кг) ерекше үміт артамыз. Сондай-ақ Ташкент татамиіне тағы 10 бұрымдымыз шығады.