Көктем туа таулы жерде көшкін жүрерін білмейді емес, біледі ел. Біле тұра тағылық құрып, тау-тас аралап кететіндер көп. Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері қайсыбіріне тұсау болады?! Сонда да ескерту жұмыстарын жүргізіп-ақ жатыр.
Жуықта Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері таулы жерде қалып қойсаңыз, қалай аман қалу керектігін үйретті. Алдын ала жазылған бағдарлама бойынша Риддер қаласының маңындағы тау шаңғы базасында қар көшкіні түсіп, туристердің бірі қар құрсауында қамалып қалған. Күнтізбеде көктем шыққанымен, таулы жердің қары сірескен күйі жатыр. Аяз қысып барады. Тау басында жатқан қардың көбесі сәуір болмай, сөгіле қоймайды. Сондықтан да құтқарушылар жеткенше үсіп қалмаудың амалын қарастырған жөн.
Таулы жерде аман қалу үшін адамға ең қажеті – су, тамақ, қалқалау жер және сіріңке. Құтқарушылардың кеңесіне құлақ түрсек, ең алдымен, желдің өтінен алыстау жерге жетіп, қос іспетті қалқа жасап алған абзал. Қарды қазып, бетіне ағаш бүрлерімен қымтаса, тіпті дұрыс. Астыңғы жағынан жанған оттың жылуы тысқа тарамайтындай болса, үсіп қалмасың анық. Айтқандай, жаздыгүні от жағу оңай шығар, ал ылғалды бойына сіңірген ағаш тез тұтана қояр ма екен. Демек қар баспаған кепкен қарағай бүрлерін жинап, тұтатып көру керек. Жалындап жана бастаған соң ғана ылғал тартқан кесек ағашты тастау керек. Егер жанқалтаңызда от жағуға арналған сұйықтық болса, су тартқан ағаштың өзін тұтатып жіберуге болады. Міне, қар құрсауында қалсаңыз, не істеу керектігін құтқарушылар іс жүзінде көрсетті.
Жалпы, далалы жерге шығып бара жатқан турист сөмкесіне оттықтан бөлек, пышақ, компас, жылы киім, дәрі-дәрмек, қол шам, су алып жүргені дұрыс. Бұл құтқарушылардың да ақыл-кеңесі. Ал оқыс жағдайға тап болған турист бірден 112 нөміріне хабарлағаны дұрыс.
Дәл қазіргі уақытта шығыста көшкін жүру қаупі өте жоғары. Ең дұрысы, тау-тасқа шығуды кейінге қалдыра тұрған жөн.
Шығыс Қазақстан облысы