Елордада Алғыс айту күніне орай телекөпір ұйымдастырылды. Оған еліміздің барлық өңірінен 40-қа жуық Достық үйлері онлайн қосылды. Іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ҮЕҰ мен ҚХА мүшелері және еріктілер қатысты.
Алғыс айту күні биыл елімізде жетінші мәрте тойланып отыр. Мерекенің мәні – кезінде тағдыр тәлкегімен Қазақстанға қоныс аударған түрлі этнос өкілдерін құшақ жая қарсы алып, ауыртпалық атаулыны бірге көтерген қазақ ұлтына деген елдегі 100-ден аса ұлыс ризашылығының көрінісі. Алайда кейінгі жылдарда бұл мерекенің форматы өзгеріп, мән-мазмұны тереңдей түсті.
1995 жылы 1 наурызда құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамында қазір 350-ден астам ұлттық мәдени орталық бар. Бүгінде бұл ортаның бірлігі мен достығы, республиканың мемлекеттілігі мен тұтастығының символы ретінде қабылданады. Мұны мерекеге орай ұйымдастырылған телекөпірге қатысушылар да баса айтты. Отырыста заманның жаңа сын-қатерлерін және конфессияаралық келісімді нығайтудағы нақты міндеттерді талқылады.
Жиында сөз алған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Сыр өңіріндегі құрғақшылық, Қостанай облысындағы орман өрті мен Павлодар облысындағы техногенді апат сияқты төтенше және табиғи жағдайларда зардап шеккен халыққа көмек көрсеткен қазақстандық құтқарушылар, дәрігерлер, қарапайым азаматтарға ризашылық білдіретінін айтып, қастерлі Отанымыз үшін аянбай еңбек еткен барша маман иелеріне құрмет көрсету керегін айтты.
– Алғыс айту күні мейірімділік пен достықтың жарқын мерекесі ретінде кеңінен аталып өтіледі. Елімізде алғыс айтудың өзіндік мәні бар. Іс-шараның ең негізгі мақсаттарының бірі – өскелең ұрпақты толеранттылыққа, бір-біріне деген сыйластыққа тәрбиелеу. Бұл мерекенің жыл өткен сайын мәні мен мазмұны тереңдеп, сипаты мен құндылығы артып келеді. Мемлекет басшысы Алғыс айту күнін мерекелеудің форматын өзгерту қажет екенін айтқаны белгілі. Сондықтан бұл мереке тұтас қоғамның құндылығына, барша халықтың ортақ мерекесіне айналуы үшін ынтымақ, бірлік, келісіммен бірге айналамызда мейірім мен ізгіліктің салтанат құруы аса маңызды, – деді Д.Қыдырәлі.
Министрдің сөзін жалғаған Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов та жиналғандарға өз алғысын білдірді. Ол көктемнің алғашқы күні – қазақстандықтарды өзара көмек, азаматтық жауапкершілік және еңбек культінің жасампаз құндылықтары негізінде топтастыратын алғыс атмосферасына толы мереке екенін атап өтті.
– Сіздер әрқайсыңыз еңбектеріңізбен, қоғамдық жұмыстарыңызбен, қайырымдылық іс-шараларыңызбен Қазақстанның бейбітшілік пен келісім аумағы болып қалуы үшін еңбектеніп жүрсіздер. Біз Мемлекет басшысына және Ассамблея төрағасына сенімді саяси бағыт пен үлкен ауқымды реформалары үшін зор алғысымызды білдіреміз, – деді ол.
Депортация жылдарында Қазақстанға 800 мыңнан астам неміс, 18 мың корей, 507 мың тау халықтары және тәжік, дүнген секілді өзге де ұлт өкілдері жер аударылған екен. Содан бері қазақ халқымен етене болып кеткен диаспоралар бүгінде өздерінің ұлттық салт-дәстүрлерін сақтап, дамытып бейбіт өмір сүріп келеді. Еліміздегі қоғамдық келісімнің бірегей үлгісін әлемдік қоғамдастық тарапы да жоғары бағалайды. Ал жалпы аймақтарда 12 облыстық, 7 қалалық, 13 аудандық Достық үйлері бар.
Мерекелік басқосуда тәжік этномәдени орталығының төрағасы Акбаржан Исмаилов та сөз сөйледі. Ол «Алғыс айту күні – өткен тарихымызға тағзым ету күні» дей келе, жиналғандарға мерекенің маңыздылығын тарқатты.
– Адамзаттың бойындағы асыл қасиеттердің бірі – әлсізге қамқор, елге қайырымды болу, қолынан келгенше жақсылық жасау. Сол арқылы қоғам мейірленеді. Осы күні ізгіліктің бәйтерегі гүлденіп, көктеммен бірге жанымыз жадырап, жанымызда жүрген адамдарға алғысымыз артады. Сондықтан да 1 наурыз адамдарды жақындастырып, ел бірлігін нығайтатын мереке. Бұл еліміздің барша этностар арасындағы өзара сенім мен сыйластық деңгейінің жоғары екендігін, өзара түсіністік пен терең құрметті білдіреді. Бұл өзге этностардың қазақтың рухани игілігі – кең пейілділігі мен қайырымдылық дәстүрлеріне терең тағзым белгісі болып қалды. Мен мынау қазақ елінің қасиетті жерінде туып-өстім. Ата-анам да осы торқалы топырақта қазақ халқының қасиетті жерінде дүниеге келді. Алғыс айту күні барлық қазақ еліне құтты болсын, – деді Акбаржан Исмаилов.
Алғыс айту күнінің құрметіне өткен іс-шарада 10-ға жуық азамат Ақпарат және қоғамдық даму министрінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанаи, «Оберег» украина қоғамы жастар қанатының төрағасы Юлия Лагуткино, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің басшысы Әскер Пириев бар. Ал 8 адамға Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» медалі тапсырылды. Төсбелгі таққандардың қатарында Түркия еліндегі зілзаладан зардап шеккен жандарға көмек көрсеткен құтқарушы Жанат Қаймерденов те бар.
– Мен 18 жылдан бері құтқарушы болып жұмыс істеймін. Мемлекет басшысының тапсырмасымен біз Түркияға барған құтқарушылардың екінші тобының қатарында болдық. Адам шығыны көп ауқымды апат аймағында бірінші рет іздеу-құтқару жұмыстарын жүргіздім. Бұған дейін қираған үйлерде, құбырларда жұмыс істеп көргенмін. Тәжірибем де бар. Түркияда құтқарушылар қиындықтарға берілмей, шаршағанға да қарамастан, үздіксіз 12 күн бойы құтқару жұмысының бел ортасында жүрдік. Осы уақыт аралығында біздің топ үш адамды құтқарды. Басқа тапсырмаларды да толық орындадық. Енді біз отбасымызбен жыл сайын осы күнді тойлаймыз. Осы ретте барлық әріптестерімді Алғыс айту мерекесімен құттықтағым келеді, – деді Астана қаласы бойынша ТЖД Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі Жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы Жанат Қаймерденов.
Мұнан бөлек, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» медалі бүгінгі жастар үшін «еңбек адамының» үлгісі болған қарағандылық азамат, Костенко атындағы шахтаның кеншісі Даниэль Дильге және жүздеген ұл-қыздарды спортпен шұғылдануға шабыттандырған кәсіпқой боксшы, әлем чемпионы Фируза Шариповаға да табысталды.
Телекөпір форматында ұйымдастырылған жиынға еліміздің әр өңіріндегі 40-қа жуық Достық үйінен барлығы 400-ден астам адам онлайн қосылды. Сондай-ақ мерекелік отырыста дәстүрлі түрде өткізілетін «Қайырымдылық керуені» атты республикалық форумы басталғанын жариялады.