• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Спорт 02 Наурыз, 2023

Жапон күресінің жампозы

528 рет
көрсетілді

12 наурызда Жапонияның Осака қаласында жалауы жел­бірейтін кәсіпқой сумо күресі кілемінде тарихта қазақ балуа­ны белдеседі. Ол – Ерсін Балтағұл. Жапонша лақап аты – Кинбозан.

«Ерсінді алғаш сумо күресінің аңызы, 68-екозуна (чемпион) Асашёрю көріп, болар балуан­ды жазбай таниды. Әйгілі Аса­шёрюдің көмегімен Ерсін 18 жасында Жапонияға келіп, университетке оқуға түсті. Ол сумо күресінен Жапонияның жас­тар арасында өткен чемпионатында жарқ етіп көзге түсіп, атой­лап алға шықты. Бес ба­шо­да жеткен жеңістерінен кейін сумо күресінің қазылары бір­ауыздан келісіп, жоғары дивизион – макушитаға (табысы мол) өт­кізді», деп жазды Жапония басылымдары.

Е.Балтағұл Рюо Кокугикан са­райында өткен баспасөз мәсли­хатында журналистердің сауалдарына жауап берді.

– Мен әуелі Қазақстан атынан шығып, ең жоғары дивизионда күресетін дәрежелі сумошы бол­ғаныма өте қуаныштымын. Негізі, бұл межеге алғашқы бір-екі турнирде-ақ көтерілуіме мүм­кіндік болған еді. Ендігі мақ­сатым – алда болатын белдесулерде 50 пайыздық жетістікке жетіп, анама сыйлық жасау және жарақат алмау. Жуырда анам сырқаттанып қалғандықтан, еліме барып қайттым. Анам маған «мықты бол» деп батасын берді. Қазақстанда сумо күресін жұрт жақсы біле бермейді, сон­дықтан мені әлі көбі танымай­ды. Өйткені елде сумо күресі теледидардан көрсетілмейді, тек сумоны білетіндер интернет ар­қылы көреді. Біздің еліміз әлем­ге көбінесе дзюдо мен бокс арқылы танымал. Қазір Қазақ­станда Жапонияға келіп, сумо күресімен айналысқысы ке­ле­тін жастардың қатары көбейіп келеді, – деді ол.

Ерсін қазір 25 жаста, бойы 192 см, салмағы 174 кило. Ол бұған дейін елімізде дзюдо күресімен айналысқан.

«Бұл жігіт біз күткен белес­тен биік шықты. Ол алғаш сумо күресіне қадам басқан кезде Кумамото жеріндегі Кинбозан та­уы­н қатты ұнатты. Сондықтан оған Кинбозан деп лақап ат қойдық. Оның айқастардағы ұмтылысы мықты, жеңіске жету мүмкіндігі  – қашанда 90 пайыз. Енді чемпион атанғанша өзі­нің қар­сыластарымен белдесе береді. Сумо жауынгерлік күрес бол­ғандықтан, жасымас жігер мен қайтпас қайрат қажет. Кинбозан өз Отанының рухын көтеріп, мақтанышына айналуы керек», дейді отандасымыздың бапкері Кисе.