Астанада баспасөз хатшыларына арналған екі күндік семинар өтіп жатыр. Іс-шараны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Президенттің баспасөз қызметі, Қазақстандық қоғамдық даму институтының «MediaLab» орталығы және «Maqsut Narikbayev university» бірлесіп ұйымдастырды.
Басты мақсат – мемлекеттік органдарда қызмет ететін коммуникация мамандарының біліктілігін арттыру және кәсіби машықтарын шыңдау. Басқосудың ашылу салтанатына Президент әкімшілігі басшысының орынбасары – Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі және «M.Narikbayev KazGUU university» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев қатысты.
Бұқаралық ақпарат құралдары үшін ақпараттың мазмұны мен шынайылығы, сауаттылығы және жеделдігі жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан қатысушылар 2-3 наурыз күндері қоғаммен байланыс жұмысын ұйымдастыру үдерісінде кризистік коммуникацияның негізгі әдіс-тәсілдері мен құзырлы мекеменің әлеуметтік желілердегі имиджін қалыптастыру, үлестіру бағдарламасын дайындауды және жүзеге асыруды меңгереді. Сондай-ақ ішкі және сыртқы коммуникацияның негізгі элементтері мен қоғаммен байланыс жұмысын тиімді ұйымдастыру және басқарудың заманауи әдістемелерімен танысады. Бұдан бөлек мемлекеттік мекемелердегі коммуникация қызметінің ұзақ мерзімді жұмыс стратегиясын ұйымдастыруды үйренеді.
– Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен Қазақстандық қоғамдық даму институты базасында «MediaLab» орталығы ашылды. Бұл орталық мақсаттарының бірі – коммуникация саласы мамандарының біліктілігін арттыру екенін атап өткім келеді. Семинар – «MediaLab» орталығының алғашқы жобасы. Медиа саласы – біздің қоғамның келбеті. Сіздердің қызметтеріңіз мемлекеттің беделін, мемлекеттік қызметкердің имиджін қалыптастырады. Сондықтан ел алдында абыроймен жүру, кәсіби, рухани тұрғыдан үнемі кемелденіп отыру біздің күн тәртібімізден түспейтін мәселе болуы керек. Баспасөз хатшысы кейде әкімдіктің, министрліктің жұмысын атқаруы мүмкін. Сондықтан осы саланың мамандарына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Жалпы осы сала мандарының біліктілігін арттырып отыру қажет. Медиа және коммуникация мамандары speech writing-ді меңгеруі керек. Өйткені біздегі кейбір мамандар кейде өздерінің не оқып тұрғанын білмейді, тіпті сөздері құрғақ болып жатады. Осы ретте белгілі бір спикермен сөзді алдын ала жоспарлап алу маңызды. Мысалы кейбір кісілердің құрмалас сөйлемдерді айтуда қиындықтары болуы мүмкін. Тіпті «галстук тағу, тақпау» сынды қарапайым дүниелерге дейін баспасөз хатшылары жауапты, – деді Дархан Қыдырәлі.
Сондай-ақ осы жиында бірқатар медиа маман, атап айтқанда Премьер-министрдің фотографы Шүкір Шахай, ІІМ идеологиялық және имидждік жұмыс департаментінің басшысы, полиция полковнигі Альбина Махамбетова, Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз хатшысы Руслан Иманқұлов «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
– Университетіміздің негізгі миссиясы – сапалы әрі қолжетімді білім беру арқылы қоғамға қызмет ету. Мемлекеттік органдардың да негізгі миссиясы халыққа қызмет ету болуы керек. Біз өз кезегімізде университет тарапынан әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз. Қазір қоғамда баспасөз хатшыларына және коммуникация мамандарына сұраныс бар екенін байқап отырмыз. Сәйкесінше, алдағы уақытта дәл осы мамандарға арнайы оқыту курсын, яғни майнор ашу ниетіміз бар, – деді өз сөзінде «M.Narikbayev KazGUU university» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев.
Алғашқы күні медиа және коммуникация мамандары спичрайтер Дана Саудегерованың «Мемлекеттік органдар мен қоғамның байланысы: құралдар мен кейстер», белгілі редактор Назгүл Қожабектің «Пресс-релиз және хабарлама тілін қазақшалау», Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің экс-кеңесші уәкілі Жанболат Үсеновтің «Баспасөз хатшыларының қателіктері. Шетелдік тәжірибе және кризистік коммуникациялар», «Maqsut Narikbayev KazGUU university» АҚ журналистика мамандығының оқытушысы Алма Сайлауқызының «Жазбаша PR-мәтіндер: ақпараттық түрткі түрлері. Пресс-релиз және медиа-кит», PR саласының сарапшысы Ақсұлу Санғалидің «PR тиімділігі неден басталады: стратегия, құрал, іс-әрекет» атты актуалды тақырыптар турасында білікті мамандармен тәжірибе алмасты. Сондай-ақ блогер, әлеуметтік желілер жұмыстары бойынша эксперт Яков Федоровтың «Әлеуметтік желілер арқылы қоғаммен тиімді байланыс орнату стратегиясы» шеберлік сағатынан өтті.
Жалпы, екі күндік семинар барысында мамандар speech writing және баспасөз релизін даярлау, әлеуметтік желілерде ақпаратты ұсыну және жылдам жауап беру, басшымен қарым-қатынасты, команданы, коммуникацияны басқару, баспасөз стратегиясын құру, кризистік коммуникация және шиеленістерді басқару, медиаменеджмент және эмоционалды интеллект машықтарын толық меңгеріп шығады. Бұған қоса арнайы сайт ашылды. Онда әдістемелік ақпараттан бөлек, баспасөз хатшыларына ұсынылатын кітаптар, фильмдер, пайдалы курстар бар. Ал жиынның екінші күнінде «Баспасөз қызметі: шиеленістер мен оларды шешу жолдары», «Қоғаммен байланыс орнату стратегиясы» тақырыптары талқыланады.