Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров және комиссия мүшесі Сәбила Мұстафина инспекциялық сапармен Павлодар облысы мен Астана қаласының аумақтық сайлау комиссияларына барды.
Сапар барысында ОСК мүшелері Парламент Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу мәселелері бойынша жергілікті жерлерде көшпелі семинар-кеңестер өткізді. Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, облыс прокуратураларының қызметкерлері, аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, кандидаттардың сайлауалды штабтарының өкілдері, халықаралық байқаушылар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Комиссия мүшелері семинарға қатысушыларға сайлау заңнамасының барлық жаңалықтарын, сайлау алдындағы үгітті қаржыландыру мәселелерін түсіндірді, 29 бірмандаттық округте кандидаттарды тіркеу бойынша қорытындыларды жеткізді, сондай-ақ алдағы сайлауға дайындық бойынша атқарылған жұмыс туралы өңірлердің есептерін тыңдады.
Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы Дидар Ибраевтың мәлімдеуінше, қалалар мен аудандардың әкімдіктерінде Call-орталықтар іске қосылған.
– «109 бірыңғай байланыс орталығы» базасында тәулік бойы арнайы байланыс желісі, телеграм-ботта ЖСН бойынша іздеу сервисі жұмыс істейді. 25 ақпанда 512 200 адамнан тұратын сайлаушылар тізімі учаскелік сайлау комиссияларына берілді, – деді аппарат басшысы.
Ол сондай-ақ сайлауды өткізуге барлық 523 сайлау учаскесі тартылатынын атап өтті. Олардың барлығы материалдық-техникалық қамтамасыз етілген, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктері ескерілген.
– Облыс бойынша дауыс беру кезінде ерекше жағдайларға мұқтаж 3 200 мүгедектігі бар сайлаушы бар (899 кресло-арбаны пайдаланушылар, 1 553 көру қабілеті бұзылған және 784 есту қабілеті бұзылған). Барлық сайлау учаскелері мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз кіруіне бар жағдай жасалған ғимараттардың бірінші қабаттарында орналасқан, – деді Дидар Ибраев.
Мүгедектігі бар адамдарға ыңғайлы болу және оларды сайлау учаскелеріне жеткізу үшін дауыс беру күні «Инватакси» қызметі көрсетілетін болады. Есту және көру қабілеті нашар адамдар үшін әр учаскеде диагоналы 54 см компьютерлер, құлаққаптар, үлкейткіштер, Брайль шрифті трафареттермен жабдықталған бұрыштар да дайындалған.
Науқанды өткізу кезеңінде сайлау учаскелеріне бара алмайтын мүгедектігі бар адамдарға дауыс беруге арналған тасымалданатын жәшігі бар көшпелі комиссиялар ұйымдастырылады.
Сондай-ақ кеңес барысында облыс прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев сөз сөйлеп, сайлау үдерісіне қатысушылардың заңнаманы сақтауын қамтамасыз ету жөніндегі қадағалау органының қызметі туралы хабардар етті.
Ал Астана қаласында өткен семинар-кеңес барысында ОСК мүшелері аумақтық сайлау комиссиялары үшін нақты кейстер негізінде іскерлік ойын түрінде тренингтер ұйымдастырды. Семинар-кеңес соңында Ортсайлаукомның мүшелері аумақтық сайлау комиссияларының мүшелерін қызықтырған сұрақтарға жауап берді.