• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 05 Наурыз, 2023

Ташкенттегі қос күміс

242 рет
көрсетілді

Өзбекстанның бас шаһары – Таш­кент­те алауы тұтанған дзюдошылардың «Үлкен дулыға» санатындағы кезекті жарысы аяқталды. Аталған жарыстың алғашқы екі күнінде екі отандасымыз финалдық сайыста белдесті.

Атап айтқанда, жарыстың алғашқы күнінде 60 килодағы отандасымыз Нұр­қанат Серікбаев финалдық сынға алқын­бай жеткенімен, бас жүлде үшін өткен бәсекеде кореялық Ким Вон Джинге есе жі­беріп, Ташкент татамиінде күміс жүл­дегер атанды. Жерлесіміз турнирдің ірік­теуінде әзербайжандық Ровшан Алиев пен сау­диялық Мутаз Хавджаны тізе бүктірсе, ширек финалда жарыс қожайыны Дильшодбек Баратовтан айласын асырды. Ал жартылай финалда грузиялық Лухуми Чхвимианиді жеңіп кетті.

Келесі күні Нұрқанаттың ізін ала 73 кило­дағы Азия чемпионы Данияр Шамшаев та финалдық сайысқа жолдама алды. Өкі­нішке қарай, бас жүлде үшін өткен белдесуде Шамшаев та қарсыласына жол беріп қойды. Отандасымыз ақтық сында жарыс қожайыны Муроджан Юлдошевтің осал тұсын таба алмады. Шамшаев бастапқы бәсекелерінде франциялық Аксус Бенджамин мен қырғыз Шыңғысхан Сагиналиевтің адымын аштырмаса, ширек финалда түркиялық татами шеберінің жолын кесті. Жартылай финалда швейцариялық Нилл Штамптан басым түсті.