Оның 1300 жылдық тарихы бар
Қарнақ ауылында 1300 жыл бойы өсіп тұрған тұт ағашы бар. Оның енін бойлағанда алты адамның құшағы әрең жетеді. Имам Бақли мазарында орналасқан бәйтерек жайында әртүрлі аңыз әңгімелер бар. Соның біреуін бізді ағашқа алып барған Қарнақ ауылдық өзбек этномәдени орталығының төрағасы Хусан Садиров айтып берді. Әңгімеге қарағанда, осы жерді мекен етуші Имам Бақли Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әскер басының бір өкілі болған екен. Елді исламға шақырып, мұсылманшылықты үйрету үшін осында қалыпты. Сол кісінің отырғызған тұт ағашы деген де бір әпсана бар.
Бүгінде бұл ағаш Имам Бақли мазарында үлкен болып өсіп тұр. Сабыржан Юсупов мұндай бәйтерек ауылда екеу болғанын айтады. Оның бірі бұдан көп жыл бұрын балалар сол маңда от жағып ойнап жүргенде өртеніп кетіпті. Алып ағаштың әулиелік қасиеті де жоқ емес.
– Қазіргі өсіп тұрған алып ағаштың бір жерін түртіп, жапырағын жұлып, зиян тигізсе адамның түсіне небір жаман оқиғалар кіреді екен. Бұрындары ағаштың төменгі жағынан ағып өтетін бұлақ болған. Сол суды ішкен адам ауруынан тез айығып, жаралары де жазылып кететін. Өзіміз кішкентай күнімізде осы маңда тұрдық. Қатарлас балалар күнде осында ойнайтынбыз. Ағаштың ортасы кеуектеніп кеткен. Жаңбыр жауа қалса, ішіне онға жуық бала кіріп паналап отыратынбыз. Бұрындары мұнда алыстан зиярат етіп келушілер көп болатын. Олар ағаштың астында құран оқытып, ас беретін. Әлі де әулие ағашы деп арнайы келетіндер бар. Алдағы уақытта сол маңды тазалап, жол салып реттеп қоюды жоспарлап отырмыз, – дейді ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сабыржан Юсупов.
Бүгінгі күні алып ағаш қартайғанымен, өмір сүруге ұмтылысын көрсетіп, бұтақтары көгеріп, жапырақ ашып тұр. Бір қызығы мұндағы тұрғындардың көпшілігі ауылда осындай алып ағаштың бар екенін білмейді екен.
Қайрат ЗАЙНИШЕВ.
Оңтүстік Қазақстан облысы.