Астанада екі күнге созылған баспасөз хатшыларына арналған семинар қорытындыланды. Жиында медиа және коммуникация мамандарының біліктілігін жетілдіру, қоғам мен мемлекеттік органдар арасында байланысты нығайту, пресс-стратегия құру және мәтінмен жұмыс істеу, имидж қалыптастыру сынды тақырыптар аясында тренингтер мен шеберлік сабақтары өтті.
Семинарға орталық және өңірлік мемлекеттік органдардың бірқатар баспасөз хатшылары қатысты. Іс-шара соңында ұйымдастырушылар семинар қатысушыларына белсенділігі үшін алғыс айтып, сертификат табыстады. Семинардың екінші күні коуч, PR және кризис-менеджер Асқар Өтепқалиевтың эмоционалды интеллект бойынша сарапшы Әсел Мұратованың, медиатренер, редактор Назгүл Қожабектің және «Астана» халықаралық қаржы орталығының коммуникация бойынша басқарушы директоры Елена Пактың шеберлік сағаттарымен жалғасқан болатын. Олар не айтты?
– Баспасөз хатшысының мекемені дағдарыс жағдайына әкелуі мүмкін деген жазбалар мен жарияланымдарды қадағалап отыруы маңызды. Шешімге ықпал ету немесе өзгерту мүмкіндігі болмаса дер кезінде басшылықпен кеңесу қажет. PR қызметі ұйымның бренді мен беделін нығайтуға, позицияны анықтауға, негізгі хабарламаларды таратуға және дағдарыс кезіндегі тәуекелдерді басқаруға жауап береді, – деді Е.Пак.
Ал барлық деңгейдегі баспасөз хатшыларының алдында шеберлік сыныбын өткізген кәсіби спичрайтер Дана Саудегерова мемлекеттік орган өкілі мен журналистер арасындағы қарым-қатынастың өзектілігіне тоқталды.
– Өз аудиториясын білу, дұрыс коммуникация орнатып, сенім ұялату – басты ереже. Әрбір мақсатты аудитория жүздеген сипатқа ие болуы мүмкін. Сондықтан компаниялар кімдерге өнім ұсынатынын және қажетті ақпаратты қалай жеткізу керектігін түсіну үшін өз аудиториясын мұқият зерттейді, – деді Д.Саудегерова.
Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің экс-ресми өкілі Жанболат Үсенов коммуникациядағы дағдарыс жағдайы кезіндегі баспасөз хатшыларының рөліне тоқталды.
– Әуелгі талап – оперативті болу. Аудитория әрқашан жағдайдың түсіндірілуін күтеді. Өзара қарым-қатынастың болмауы сіздің оқиғаңызды басқалардың басқарып кетуіне әсер етеді. Яғни егер сіз түсініктеме бермесеңіз, оны басқа біреу жасайды. Ақпаратыңыз, айтар ойыңыз, мүмкіндігінше, қарапайым және қысқа болуы керек. Контексті түсіну, байланыстарды ұғыну және оларды іс жүзінде қолдану – баспасөз хатшысы жұмысының маңызды аспектілері, – деді Ж.Үсенов.
Сондай-ақ «TANBA» PR агенттігінің басшысы, «PRshy» клубының мүшесі Ақсұлу Санғали тренингте мемлекеттік органдар мен жеке компанияларға PR жасаудың қыр-сырымен бөлісті. Бұған қоса пресс-релиз жазу туралы кеңінен тарқатты.
– Пресс-релиз жазудың 7-8 технологиясы бар. Ең оңайы – «11 жас принципі». Бұл 11 жастағы балалар сіздің жазғаныңызды түсінуі керектігін білдіреді. Пресс-релиз аудиториясы – тек журналист емес, журналист оны халыққа таратады. Ол – бір. Екінші – пресс-релизіңізде, материалдарыңызда аудиал, визуал, эстетикалық контентті пайдалансаңыз, сіздің мәтініңіз әлдеқайда өтімдірек болады, – деп атап өтті ол.
Айтпақшы, екі күндік семинардан білім-білігін шыңдағандардың бірі – Данияр Асқарұлы. Медиа маман қазір Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы. Әрі осы құрылымның жетекшісі.
– Әлеуметтік сипат алған әр түйінді зерделеп, зерттеп, қалың көпшілікке ұсынуда журналистер мен жауапты мекеме өкілдерінің арасындағы байланыс тұрақтылығы ескерілуі шарт. Осы орайда екі тараптың кәсібилігі назардан тыс қалмақ емес. Сондықтан бізге де осындай тренинг, семинар, шеберлік сағаттары керек-ақ. Семинарда баспасөз қызметі стратегиялық агенттікке қарай бой түзеу керек екендігі айтылып өтті. Рас. Бұл тұрғыда бізде шетелден алатын да тәжірибелер өте көп. Бұл семинардың өзінен біраз ақпараттарды білдік. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Президенттің баспасөз қызметі, Қазақстандық қоғамдық даму институты мен «MediaLab» орталығы ұйымдастырған игі ісі жалғасын табады деген сенімдемін, – деді Д.Асқарұлы.