Атырау полицейлері қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақтарды тапты, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
28 ақпан күні Атырау облысы ПД қызметкерлері «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде Ақсай елдімекені тұсындағы Жайық өзенінің жағалауында қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақтың сақталған жерін анықтаған.
Тексеру кезінде Атырау облысы ПД жылдам қимылдайтын арнайы жасағына тиесілі Форт-500М мылтығы, үш 12 мм калибрлі патрон, екі ГСЗ ДК-130 СГ граната, бір ПР 54 резеңке таяқша және жеке қорғаныс құралдары, оқ өтпейтін кеудеше, каскалар табылып, тәркіленді.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 287-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды.