Ес жиып, етек баспаған бала кезімізде: «Кеңес елінде Қазақстан деген мемлекет бар. Қазақтың түп-тұқияны сол жер екен» дегенді ұдайы естіп һәм сол «жұмақ» мекенді аңсап өстік. Яки, біздер үшін «Қазақстан» деген сөз қиялымыздағы «Мекке-Медине» еді. Бір күні дүниені дүңк еткізіп тосын жаңалық естілді. Өзіміздің ауылдас ағамыз Қабидаш «Қазақстаннан әйел алып келіпті».
Арада жылжып жылдар өткенде тәңірдің қалауымен жеңгеміздің жүзін көрдік. «Құралай көз, қолаң шаш, Алма мойын қиғаш қас» деп халық әні «Қарлығашта» айтылатындай-ақ адам екен. Жүзінен мейірім нұры есіп тұр. Бар болмысынан туа біткен бекзаттық менмұндалайды. Мінезі – жібек, сөзі – самал. Тіпті байыпты жүріс – тұрысы халық әні «Гауһар таста» айтылатын:
«Басасың аяғыңды ырғаң-ырғаң,
Сылдырап шашбауың мен
алтын сырғаң.
Жай жүріп шаттанасың әсерленіп,
Әсемсің жүйрік аттай
мойнын бұрған»,
деп келетін сұлу шумақты еске түсірердей...
Хош сонымен... Бертінде білдік. Бұл кісінің мұншалық мәдениетті болуы еркінен тиіс дүние екен. Өйткені, Қазақстан деген елді бұл дүниенің «жұмағы» санайтын, адамдарын қазақы мәдениеттің ерен үлгісі деп пір тұтатын Қобда бетіндегі қоңыр халық Роза Аманқызы осы түсініктің жанды дәлелі, тірі куәсі, рухани шамшырағы деп білді. Ал енді мәдениетті болмай көріңіз.
Осыны түсінген сұңғыла сұлу – сол топырақта 30 жыл өмірін өткізгенде жоғарыда айтқан бекзаттығынан бір сәт жаңылмады. Себебі күллі жұрт өзіне қарап Қазақстанды елестететінін, мұндағы аз халыққа атажұрттың алтын сынығы ретінде таныларын, сол себепті де жақсы болмасқа еш хақысы жоқ екенін апамыз терең түсінді. Қазір ойлап отырсам, ширек ғасырдан астам келін деген атқа сай, озық мәдениеттің үлгі-өнегесін көрсете білу, осы бағыттан жаңылмай өмір сүру түсінген жанға зор сынақ. Ол осының бәрін абыроймен атқарды.
Роза Аманқызы бұрынғы Талдықорған облысы Сарқант ауданының Аманбөктер ауылында туыпты. Түп-тұқияны: Абай елінен, руы – тобықты ішінде жуантаяқ. Әкесі Аман Бекбосынов (1916-1997) кеңес-фин соғысын бастан кешіріп, арада екі жыл өткен соң Екінші дүниежүзілік соғыстың алдыңғы шебінен табылған майдангер. Қанды қырғыннан аман-есен оралған ардагер тоқырау жылдары кеңшар-ұжымшарды басқарған білікті де, білімді тұлға екен. Роза Бекбосынова бір әкеден сегіз ағайынды. Үйдің үлкені өзі. Артынан ерген бес сіңлісі, екі інісі бар.
Кейіпкеріміз туралы 2010 жылы журналист Дана Жүкелқызы республикалық педагогикалық «Бiлiм шапағаты» журналында жариялаған мақаласында: «1958 жылы орта мектепті үздік бітірген Роза Бекбосынова Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқуға қабылданады. Туадан сергек, елгезек қыз жоғары оқу орнында да, сабақты жақсы үлгеріп, құрбыларының арасынан суырылып көзге түсе бастайды. Жанның бәрі жақсыны қаламай ма, Роза қыз да осындай жақсылығымен өзгенің көңілін баурайды. Өзіне деген құштарлығын оятады. Бұл құштарлық сезім – оның өмірін мүлде тосын өлкеден бастарын жас қыз бастапқыда сезді ме екен?» деп жазыпты.
Расында солай. Роза Аманқызы институтта оқып жүріп моңғолиялық студент, өзінің курстасы Қабидаш Қалиасқарұлымен танысады. Осы таныстықтан соң екеуі отау көтереді. Алатаудың бөктерінде туған ару бұрын көрмеген, естіп-білмеген жат өлке – Алтайға асып барады.
Бертінде ауылдас ағам Қабидаш Қалиасқарұлынан «көке Роза апаймен қалай таныстың?» деп сұрамаймын ба, марқұм қалжыңбас адам еді. – 1958 жылы Алматыға оқуға келдім, – дейді ағамыз. – Розаны көрдім де «здрасти» деп қалдым, жап-жас қыз мені орыс тілін біледі екен деп ойлап ұнатып қалды емес пе, – деп кеңк-кеңк күлетін. Бұл әрине қалжың.
Роза апай мен Қабаң ағамыз екеуі бір топта оқыпты. Әуелгі таныстық сыйластыққа, уақыт өте келе сүйіспеншілікке алмасқан. Сөйтіп, екі жас институт бітірмей тұрып шаңырақ көтерген. Қабаң айтады: «1962 жылы Алматыда үйлендік. Неке куәлік алайық деп ЗАГС-ке барсақ сондағы орыс қыздар айтады: «Әйеліңіз сіздің фамилияны алу керек» деп. Содан жаман тіліммен ойбай салдым: «Бұл не сұмдық біздің ауылда келін атасының атын атау деген аса ауыр қылмыс саналады. Бүйтіп қор қылмаңдар, үйренген өздерің аталарыңның атын атай беріңдер!» деп, жатып кеп туладым. Сөйтіп, апамыз өз фамилиясында қалыпты.
Ақыры, әсем Алматыда шаңырақ көтерген екі жас қолтықтасып Қобда бетіндегі қоңыр елге аттанбаққа қам жасайды. Ол үшін Роза Аманқызы шетелге шығатын КСРО төлқұжатын алуы керек екен. Осы құжатты табаны күректей алты ай күткен. Бірақ тұңғыш қызы Жаннаға рұқсат берілмей нәресте нағашы атасы Аман мен нағашы әжесі Әсия Шығанбайқызының қолында басы бүтін қалып қойған, сөйтіп бұл бала төркін жұртында ержетіпті.
Қанша дегенмен іргелі ел емес пе, Қабаң қазақстандық аруды әкеле жатқаны туралы хабар тиген күллі аймақ қос ғашықты аяғынан тік тұрып қарсы алыпты. Бұл оқиға жайында Роза апамыз: «Ел-жұрт ұлан-асыр той жасады. Тойдан кейін аймақтың халқы күн құрғатпай ағаң екеумізді қонаққа шақырады. Танымайтын, көрмеген адамдар күнде таңертең келіп: «Әй, қарағым, келінжан алыс жерден жалғыз басың қарайып бізді ел деп келдің ғой, төркініңді сағынып жүрген шығарсаң, үйден дәм тат!» деп, қиылып тұрады. Расын айтсам, Қабаң екеуміз өз үйімізден екі жыл тамақ ішпедік. Өлгей қаласын айнала қыдырып қонақ болдық» дейді.
Бірде реті келгенде кейіпкерімізден «қанша дегенмен жат ел, жатырқау өлке әредікте «бекер келдім-ау» деген ой болды ма?» деп сұрадым. Күлді. «Алғаш ағаңнан Бай-Өлке қандай жер деп сұрамаймын ба? Ол кісі: «Алматы сияқты алмасы төгіліп жатады, жасыл-желек орман», деді. Сендім. Келген соң «Қаба әлгі жасыл-желек орманың, төгіліп жатқан алмаң қайда?» десем, ағаң шімірікпей: «Е, қазір қыс емес пе, біздің жақтың ағашы жерге сіңіп кетеді, көктемде құлпырып шыға келеді», дейді. Ағаларың айтқан алмасын күтіп ол жақта 30 жыл ғұмырым өтті. Қос жанары мөлдіреп, атажұрттың сынық айнасын көргендей елжіреп тұрған елге бауыр баспау мүмкін бе...», деді. Рас-ау. Осы кісіге Қобда бетінің қазақтары қарыздар екенін түсіндім. Міне, бұл мақала сол қарыздың кішкентай өтеуі. Өйткені ол 1963 жылы Бай-Өлкеге табаны тиіп, отыз жылдан соң атажұртқа қоныс аударғанға дейін ондағы қазақтың алғашқы рухани ордасы 10 жылдық қазақ орта мектебінде 30 жыл ұстаздық етті.
Осы аралықта, апайдың алдынан тәлім алып, түлеп ұшқан шәкірттері қаншама. Мысалы, 1966 жылы Роза Аманқызының жетекшілігімен мектеп бітірген бір сыныптан үш ғылым докторы шығыпты. Атап айтқанда, олар – биология ғылымдарының докторлығын Германияның Гумбольд атындағы Берлин университетінде қорғаған, Моңғолия Ғылым академиясының академигі Мағаш Аятханұлы, экономика ғылымдарының докторлығын Мәскеуде қорғаған Дөрбетхан Тотилаұлы, техника ғылымдарының докторлық дәрежесін Чехия елінде қорғаған Кәни Кәбдиұлы.
Сонымен бірге асыл ұстаздың кейінгі төл шәкірттерінің қатарында физика ғылымдарының докторлығын Мажарстанда қорғаған Оқас Құрманұлы, ауылшаруашылық саласының білгір ғалымы Сайт Заханұлы, танымал түрколог Қаржаубай Сартқожаұлы, өлкеге танымал қаламгерлер: профессор-журналист Зүлкәпіл Мәулітұлы һәм дәл қазір қазақ еліне танылып жүрген журналшы һәм ғалым азаматтар: Абай Мауқара, Ақеділ Тойшан, Бақытбек Бәміш, Бабақұмар Қиянатұлы, Досымбек Қатыран және осы жолдардың авторы.
* * *
Айта берсек, әңгіме көп. Ағартушы – ұстаз, тәлімгер-тәрбиеші, мейірімді ана, қайырымды келін Роза Аманқызы жайында қысқа қайырып айтқанда осы. Қабаң екеуі екі қыз, екі ұл өсірді. Үлкен қызы Жанна Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың биология факультетін, І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-дің филология факультетін бітірсе, екінші қызы Ира Иркутск университетінің заң факультетін, үлкен ұлы Нұрлан Тюмень индустриялық институтын инженер мамандығын, кенжесі Нұрсерік Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың журналистика факультетін тәмамдапты. Қазір барлығы да жемісті еңбек етіп жүр. Апамыз осылардан тараған 7 немере мен 9 шөберенің тілеуін тілеп, қазір Астана қаласында тұрып жатыр.
Шаңырақ иесі Қабидаш Қалиасқарұлы 2020 жылы қаңтар айында дүниеден өтті. Атам қазақ «жақсы әйел жарының басын өрге сүйрейді» дегендей жарының алқауымен Қабаң Алматыдағы М.Әуезов атындағы өнер және әдебиет институтының ғылыми кеңесінде филология ғылымдарының кандидаты, 1992 жылы докторлық атағын қорғап, ең бастысы Моңғолия қазақтарының фольклорын ғылыми айналымға енгізді. Мұндай үлкен іске кірісу үшін сол саланы жақсы білетін маман әрі жан-жары Роза Аманқызының рухани қолдауы болғаны анық.