Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров елдің шығыс өңіріне жұмыс сапары барысында Зайсан ауданында болып, Үйдене су қоймасындағы ахуалмен кеңінен танысты.
Гидроқұрылыс 1966 жылы салынған. Содан бері ол жер суару үшін пайдаланылады. Су қоймасында 75 млн текше метр су жиналады және 4 магистралды канал бар.
«Қазсушар» РМК Шығыс Қазақстан филиалының директоры Нұржан Әміржановтың айтуынша, нысан 2018 жылдан бері апаттық жағдайда тұр. Өйткені 2016 жылы басталған қайта жаңарту жұмыстары тексеру кезінде анықталған жобалық сәйкессіздіктерге байланысты тоқтатылған.
Жобалық-сметалық құжаттаманы түзету бойынша өтінім Қаржы министрлігінің қарауында. Жобаның шекті құны – 2,3 млрд теңге. Республикалық бюджеттен 1,9 млрд теңге қажет.
Ұлттық экономика министрі Үйдене су қоймасының Зайсан ауданы үшін стратегиялық маңызы зор екенін және бұл мәселе Қаржы министрлігімен бірлесіп қаралатынын атап өтті. Ал министрдің өзі бұл нысанды мемлекет меншігінде қалуы керек деп санайды.
Сонымен қатар шекара маңындағы аудандарды дамыту мәселесі де көтерілді. Бұл мәселеге министрлік әзірлеген Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде ерекше назар аударылады, деді министр.
Ә.Қуантыров Шығыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында Риддер қаласына барды. Шағын шаһардың тұрғындары әлеуметтік нысандар, спорт кешені, жалға берілетін тұрғын үй және мемлекеттік тілде оқытатын мектеп құрылысына қатысты мәселелерді көтерді.
Ұлттық экономика министрі бұл мәселелердің барлығын жергілікті атқарушы органдармен және мүдделі министрліктермен бірлесіп қарауға дайын екенін атап өтті. Мәселелер кезең-кезеңімен шешілетін болады.
– Риддер – дамып келе жатқан моноқалалардың бірі. Ол өзінің географиялық орналасуымен ерекше. Әлеуеті үлкен. Адами капиталдың сапасы жоғары. Еліміздің өңірлік дамуына жауапты Ұлттық экономика министрлігі моноқалаларды дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Инженерлік және көліктік инфрақұрылымды жаңғыртуға, сондай-ақ моноқалалардағы халықтың өмір сүру деңгейіне ерекше назар аударылды», деді министр.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің айтуынша, Риддер қаласында спорт нысанын салу үшін бекітілген құжаттама бар. Қолданыстағы бағдарламалар шеңберінде қолдау қажет. Бюджеттік өтінім жіберіледі.
«Мектепке келсек, «Шаңыраққа» 60 млн теңге бөлдік. Бұл – 590 орындық мектеп. Әлі де 160 орын бар. Биыл 600 орындық жаңа мектеп аштық, оның 300-і қазақ тілінде. Жаңа мектептің құрылысын бастап жатырмыз, ол қазақтілді болады. Қазірдің өзінде қажеттілікті жауып отырмыз. Одан әрі де даму динамикасын сақтаймыз», деді облыс әкімі.
Сонымен қатар Ұлттық экономика министрі ауысымына 500 келушіге арналған 140 төсектік көпсалалы аурухана кешенінің құрылысымен танысты. Жалпы сметалық құны – 26,6 млрд теңге. Жобаны аяқтау үшін республикалық бюджеттен қаржыландыру қажет. Бұл мәселе тиісті ведомстволармен пысықталатын болады.
Құрылыс жұмыстарын аяқтау келесі жылға жоспарланған.
Шығыс Қазақстан облысы