• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан 07 Наурыз, 2023

Домбырада – «Дудар-ай», гитарада – «Сәулем-ай»

224 рет
көрсетілді

Адамзат деген ауылдан болғандардың бәрі әуелі Алладан соң, ата-ананы айтады. Барлық елде солай, біздің қазақта екібастан. «Айтар болсаң, Алланы айт» деп тебіренген Бұқардың өзі «Онын­шы тілек тілеңіз: Он ай сені көтерген, омыртқасы үзілген, аязды күнде айналған, бұлтты күнде толғанған, тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен, анаң бір аңырап қалмасқа» депті.

Осы бір ұлы сөзді темірқазық тұтқан «Қазақ газеттері» ЖШС ұжымы кеше әйелдер мен қыз-келіншектерді кәсіби мерекесімен құттықтап, сый-сияпат жасап, шағын мерекелік концерт ұйым­дастырды.

Әйелдердің халықаралық мерекесі қарсаңында кез келген қыз-келіншекке маңайындағы жақын-жуығы, тумалас­тарының ниеті өз алдына, ұжым­да­ғылардың ықыласы бір бөлек. «Көңіл көңілден су ішеді» демей ме? Сондықтан да болар мұндағы мерекелік дастарқан жай емес, рухани әңгімеге бай дастарқан болды. «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Вла­димир Курятов пен бас директордың орынбасары Қамбар Ахметтің құттықтау сөзінен соң өлең мен жырдың көшкіні домбыра мен гитараның сүйемелдеуімен шырқалған әндер қосынына ұласты.

Мұқағалидың «Әйел деген әдемі ғой, әдемі, әдемілік бізге көптік етпейді» деп түйінделетін шумақтары Жүрсін Ерманның «Қай жерде, мейлі, қай елде, әлемнің мәні – әйелде» деген жырына жалғасып жатты. Және бұл өлеңнің шумағын бірі бастап, екіншісі іліп әкетіп отырғанда... Көңіл көтеріледі-ақ. Осы ұжымдағы Дүйсенәлі Әлімақын, Батырхан Сәрсенхан атты жас ақындар өз туындыларын ғана оқып қоймай, ағылшын, қытай, түрік, орыс тілінде өлеңдер жұптады. Ал әнге кезек келгенде әу демейтін қазақ жоқ. Домбырада – «Дудар-ай», гитарада – «Сәулем-ай», та­ғы басқа қазақ әндері шырқалды.

Арулар тойы, аналар мейрамы құтты болсын!