Қазақстан темір жолы тарихына арналған мақалаларда қазақтан шыққан тұңғыш машинист қыз Зылиха Темірешеваның есімі бір сөйлеммен ғана айтылып қалады. Орал қаласындағы темір жол тарихына арналған әдемі музейде де бұл адам туралы мәлімет, фотосурет жоқ екен.
«Стальная магистрал республики» кітабының авторы Бейсен Шормақов Қазақстан темір жолының тарихын 1894 жылдан бастайды. Ал 1930-жылдардың сарғайған басылымдарын ақтарып отырсаңыз, «СССР-ды ұлы темір жол державасына айналдырайық!» деген ұран жиі көтерілгенін байқаймыз. Бұл Қазақстан аумағында да шойынжол шиыры көбейген кезең. Рязань – Орал темір жолы пайдалануға беріліп, 1935 жылы Мәскеу мен Орал қаласы арасында тұңғыш рет жолаушылар пойызы қатынаған екен. 1938 жылдың 15 мамырынан бастап әйгілі Мәскеу – Алматы пойызы Орал қаласын басып өте бастапты.
Қазақстан темір жолы хроникасының мерейлі даталары қатарында 1936-1939 жылдары Саратовқа шығатын Орал – Илецк бөлігінің пайдалануға берілгендігі жазылған. Міне, дәл осы Орал – Илецк арасын 1936 жылдың 19 желтоқсанда қазақтан шыққан тұңғыш машинист қыз Зылиха Теміршиева басқарған пойыз жүріп өтіпті. Бір қызығы, отарба рөліне тұңғыш отырған қазақ қызы туралы дерек өте мардымсыз. Интернеттен жоғарыда біз келтірген жалғыз сөйлемнен басқа мәлімет таппайсыз. Тек кездейсоқ көне газет тігіндісін ақтарып отырып, Зылиханың өзі жазған мына бір мақалаға тап болдық.
Орал облысындағы комсомол жастардың үні болған «Комсомол ұрпағы» газетінің 1937 жылғы 10 наурыздағы №21(196) санында «Колхоз мүшесінен паровоз мәшинисіне келдім» деген мақала басылған. «Бұрын әйел атаулы, әсіресе қазақ әйелі күнделікті құлдықты тегіс көрді. «Шашы ұзын, ақылы қысқа» деп аталды. Ол өмірден тек бізді октябрь революциясы, Ленин-Сталин партиясы ғана құтқарды. Ескіліктің тұсауынан қалқоз құрылысы босатты. Қазірде әйел жұртшылығы социалды құрылысымызда үлкен орын алып отыр. Соның бірі – мен» деп басталады мақала. Әрине, бұл сол кездегі саяси ұрандар екені белгілі. Біз мақала авторының жеке басына қатысты деректерді іздедік.
«Мен Талөкпе (Бұл қазіргі Батыс Қазақстан облысына қарасты Қазталов – Қ.Қ.) ауданындағы бір кедейдің қызымын. Ең алдымен қалқозға мүше болып кіріп, трактористер курсында оқыдым. Оны бітіріп шығып, екі жыл трактористка болдым. 1933 жылы 3 ай шопырлар курсында оқып шығып, шопыр болып істедім. 1936 жылы июнь айында «Орал – Електің бірінші пойызын алып жүретін машинист қазақ әйелі болсын» деген Қазақстан большевиктерінің басшысы жолдас Мирзоянның нұсқауын жүзеге асыру үшін облыстық ұйымдар мені Орал – Елек темір жолына паровоз машинисті болып шықсын деп практикант етіп жіберген еді. Мен қазірде 22-54 санды паровоз машинистінің жәрдемшісіне емтиханды жақсы тапсырдым. Паровоздың машинисі Курыцин жолдас маған үнемі үйретіп, жәрдем беріп отырады» деп жазады отарба тізгінін ұстаған тұңғыш қазақ қызы.
Мақалада кеңес заманының ауылда, ескіліктің тұсауында жүрген қарапайым қазақ қызын бостандыққа, шырқау биікке шығарғаны туралы жазылғанымен, бұл жолдың оңай болмағанын Зылиханың өзі ашық айтыпты. «Шынында мен 8 март – әйелдер күнін паровоздың машинисті болып қарсы алуым керек еді. Бұл жөнінде маған Швецов (партия мүшесі), Забортайлов (комсомолец), Быков, Дубас сияқтылар кесел жасады. Мені оқытудың, үйретудің, тәрбиелеудің орнына қорлады, боқтап балағаттады. Ұлы орысшылдық жасады, мені ұстатқысы да, жойғысы да келді. Басшы орындардың көмегі арқасында бұл хал түзелді. Бірақ та менің өсуіме кесел жасағандар «әйел машинист бола алмайды» деп СССР-дің сталиндік конституциясына қарсы шыққандар әлі жауапқа тартылмай келеді», деп ашық жазады Зылиха.
Мақаласын «Мамандардан үйреніп, жатпай-тұрмай, оқып білім алып, техниканы меңгере біліп бас машинист болуға 8 март күні уәде берем» деген жолдармен аяқтаған қайсар қыздың одан кейінгі тағдыры бізге белгісіз. Тарихты қарасақ, 1930-жылдары кеңес одағында советтік феминизмнің жарқын өкілі болған Зинаида Троицкаяның есімі жиі аталады. Ол да стахановшы, әлемдегі тұңғыш әйел машинистка атанған әйел. Кезінде оның суреті басылған плакаттар миллион данамен таралып, жарнамаланып жатты. Бірақ осы Зинаиданың өмір жолына қарасаңыз да түрлі қиындық көргенін байқайсыз. «Темір жол, ауыр техника – әйел адамның жұмысы емес» деп, орыс қызының бетінен қаққандар аз болмапты. Өскен ортасы, қаумалаған қоғамы әлдеқайда озық саналатын орыс қызының көргені осындай болса, Зылиханың басындағы халды өзіңіз шамалай беріңіз.
Өкінішке қарай Зылиха Темірешеваның кейінгі өмір жолы туралы әзірге еш мәлімет таппадық. Түрлі құжатты ақтарып, 1899 жылы Қазталов ауданы Еңбек ауылында туған Темірешов Исқақтың өз ауылында бригадир болып жүріп, 1937 жылы шілде айында «халық жауы» деген жаламен ұсталғанын, 2 қыркүйекте ату жазасына кесілгенін көрдік. Дәл осы Қазталов ауданында 1907 жылы туған Лұқпан Темірешев пен 1915 жылы туған Ғалым Темірешев Екінші дүниежүзілік соғыста хабарсыз кеткен. Бұл адамдардың Зылихаға қатысы бар ма, жоқ па, әлде тек ата-тегі ұқсас адамдар ма, оны да білмейміз. Мүмкін осы мақаладан кейін оқырмандар қазақтан шыққан тұңғыш паровозшы қыздың кейінгі тағдыры туралы тың деректермен бөлісер деген ойдамыз.
Батыс Қазақстан облысы