• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ұстаз 07 Наурыз, 2023

Мұғалім миссиясы – адалдық

1058 рет
көрсетілді

М.Жұмабаев атындағы гимназияның қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Мөлдір Әлжанова: «Мен ақын емеспін, бірақ ойымды өлеңмен өрнектейтінім бар», дейді. Ал былайғы жұрт оны ақын деседі және «өлеңге таласы бардың» бәрі мойындайды да. Ақындығы өз алдына. Бүгінгі әңгіме – ақындығы емес, ұстаздығы туралы. Еліміздің «Үздік ұстазы» атанған Мөлдір Жақсыбайқызы «Мен шәкірттің шырағын жағу үшін мектептемін» (Мағжан), дейді.

«Аймақта ұстаздықты кәсіп емес, ұлы қызмет санайтын кім бар?» деп көпке сұрау салғанда, жұртшылық Мөлдірді ұсынды. Әділ бағаны көптен асырып кім айтады? Шәкірттерінің білім додасында топ жарып жүргенін, мұғалімдікті жан-тәнімен жақсы көретінін, кеше ғана елімізде ұйымдастырылған «Үздік ұстаз-2022» байқауында жеңімпаз деп танылғанын төңірегі ғана емес, өңір жұрты тегіс біледі. Өңірде емес, республикада үздік танылу екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Бұл Мөлдір Жақсыбайқызының жиырма жыл­ға жуық мұғалімдік еңбегінің нәти­жесін көрсеткен бір белесі ғана. Алда әлі талай асу бар.

Мөлдір – педагог-зерттеуші, пән олимпиадасында республикалық жүлдегер жүйрігін баптаған ұстаз. Есімі «Қарағанды облысының білім саласындағы 100 жаңа есім» қатарына енген.

«Бір қызығы, мен мұғалімдікке жүрек қалауымен келсем де, ең алғаш ағылшын тіліне қызықтым. Алайда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген мұғалімімнің нұсқауымен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мамандығын таңдадым. Ұстазым «Сен анаңнан ұстаз болып туғансың» дегенді жиі айтатын. Расында, солай екен. Ұстаздың көрегендігіне тәнтімін. Ал бүгінгі ұстазға қойылатын талап пен өзімнің ұстаздық ғұмырыма қарап, жалпы осы күні мұғалімдікке кездейсоқ келген мамандар жоқтың қасы деп білемін», дейді Мөлдір Жақсыбайқызы.

Ұстаздың қолында ұлт бола­шағының кілті тұрғаны баршаға мәлім. Оны күнде жар салып айта бермесек те, көкіректе сайрап жат­қан дүние. Мұғалімдік миссияға адал болу үшін қайтпек керек? Бұл сауалға қатысты Мөлдірдің өз философиясы бар. Ол – «адамдық миссияға адал болуы керек».

«Мұғалімдік миссияға адал болу үшін алдымен адамдық миссияға адал болу керек. Жақсы адам болмай, жақсы мұғалім де бола алмайтын шығармыз. Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев: «Мен шәкірттің шырағын жағу үшін мектептемін», деген екен. Егер ұстаз өн бойына оқушыға деген, өз мамандығына деген сүйіспеншілікті жинақтаса, ол нағыз ұстаз бола алғандығы. Расымен, ұстаздықты шексіз сүйе­мін. Оған күніне мың себеп табылады. Өзімді бұрынғы мұғалім мен қазіргі мұғалімнің ортасындағы көпір іспетті сезінемін. Қазіргі жаңашылдықтың берері де көп. Бүгінгі мұғалім сабақ берудің түрлі тәсілін меңгерген, әртүрлі платформаларды қолданып, түрлі әдіс арқылы баланың қызығушылығын арттыра алатын шебер адам. Бірақ өз басым әдіс қуалап, өзгеріс жасаймыз деп өзегіміз талып, ішкі құндылығымызды, өзіміздің тағы­лымды тәрбиемізден ажырап қалмасақ екен деймін. Ұлттық бол­мысымыздан алыстамай жаңаруы­мыз керек», дейді Мөлдір.

Мұғалімнің пікірінше, ұстаздың беделін заң емес, ұстаздың өзі көтереді. «Педагог мәртебесі туралы» заң мұғалімдік мамандыққа сұранысты арттырған сияқты. Оған бүгінгі болашақ мұғалім – студент­тердің көптігі дәлел», дейді ол.

 

ҚАРАҒАНДЫ