• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
26 Маусым, 2014

Малайзия мал фермасын көбейтпек

299 рет
көрсетілді

Жақында Жамбыл облысының әкімдігі Малайзияның «AGROSTAN FARMS SDN BHD» ком­паниясымен меморандумға қол қойды. Нақтырақ айтсақ, мамыр айында Малайзия премьер-министрі Наджиб Тун Разактың елімізге келген ресми сапары барысында бизнестік құрылымдар арасында жалпы мөлшері 1,1 млрд. доллардан асатын үш келісімшартқа қол қойылған болатын. Бұл жо­балардың екеуі Маңғыстау, біреуі Жамбыл облысында жүзеге асатын болып келісілді. Шетелдік компания Жамбыл жерінде ірі қара мал санын көбейтіп, 500 ферма ашуды мақсат тұтып отыр. Бұл келісімшарт сондай-ақ, өңірдегі ет және сүт шаруашылығын дамытуға үлкен серпін беретіні анық. Инвесторлар сүт пен ет өнім­дерін өңдеу үшін қажетті инфрақұрылымдарды тартып, осы саланы дамытуға жағдай жасайтын болады. Сондай-ақ, селек­циялық жолмен ірі қара малының генетикалық әлеуетін жетілдіру ісі де қолға алынбақ. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Кемелхан Әбілековтің айтуына қарағанда, бұл үшін малазиялық компания 50 мың ірі қара малын әкелуді жоспарлауда. Компания алғашқы кезеңде ел экономикасына 350 млн. АҚШ долларын салады. Сөйтіп, биылғы жылы жемшөп базасын дайындау жұмыстары жүреді. Ал, келесі жылдан бастап 10 мыңнан 30 мың басқа дейін мал әкелініп, 20 мыңы Шу ауданына, қалған 30 мың бас «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық жолының бойы­нан ашылатын шағын фермаларға берілмек. Малайзия – шетелге ет экспорттайтын ең әлеуетті мемлекеттің бірі. Бұл елде азық-түліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық шаралар қарастырылған. «AGROSTAN FARMS SDN BHD» компаниясы да осының арқасында жұмысын өрістетіп отыр. Бұл ком­панияның Жамбыл жерінде қолға алғалы отырған жобасы іске асқан жағдайда жергілікті жерде өңделген ет пен сүт өнімдері шетелге экспортталып, тіпті, облыс тұрғындарының сұранысын қанағаттандыратын болады. Және осы тірліктің арқасында қаншама жанның жұмыспен қам­тылатыны айтпаса да түсінікті. «Қайратты ерде мал тұрар, өнерлі ерде бақ тұрар» деген, Жамбылдың шаруаға бейім, қайратты жігіттерінің ширақ қимылдап, үлкен бір тірлікті бастауға осы жоба зор мүмкіндік беретіні сөзсіз. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.