• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Маусым, 2014

Жүзден жүйрік қыркүйекте анықталады

280 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінің кешегі брифингі Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демо­графиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ұйымдастырған «Мерейлі отбасы» байқауының алғашқы кезеңдерінің қоры­тындысына арналды. Ана мен баланы қорғау, отбасы институтын нығайту, сондай-ақ, отбасылық құндылықтарды, тарихи дәстүр мен мәдениетті сақтап, жастарды адамгершілікке баулу туралы Елбасы тапсырмасына орай Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның жүйелі жұмыстар атқарып келе жатқаны анық. Сол игілікті істердің бірі – былтыр  қыркүйек айының екінші жексенбісінде тұңғыш рет отбасы күні тойланғаны да көпшіліктің жадында. Елеулі мерекенің қарсаңында алғаш рет «Мерейлі отбасы» атты үлкен байқаудың тұсауы кесіліп, оның жеңімпаздары кезең-кезең бойынша анықталуы тиіс болған. Бірінші кезең аудандар мен қала деңгейінде өткен болса, екінші кезең қатысушылары  облыстар мен Алматы және Астана қалалары деңгейінде жүлделі орындарға ие болды. Мұндағы негізгі мақсат – қазақстандық отбасының оң имиджін дәріптеу, жастарға бақытты жұбайлық өмірді насихаттау десек қателесе қоймаспыз. Кезең-кезеңмен өткізілген үлкен байқаудың алда шешуші кезеңі тұр. Республикалық деңгейде өтіп, жүзден жүйрікті анықтайтын бәйгеге облыстар мен Астана және Алматы қалаларында жеңімпаз болған 16 отбасы жолдама алған. Осы байқаудың жай-жапсары туралы әңгімелеген Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Махаббат Сансызбаева байқауға қатысуға ниет білдірген әрбір отбасының өзіндік ерекшеліктері мен артықшылықтары болғанын, оларды анықтау аймақта жұмыс істеген комиссия мүшелеріне оңайға соқпағанын айта келе, 500-ге жуық отбасының ішінен іріктелген 16 отбасы алдағы 12 қыркүйекте өтетін байқауда бақ сынайтынын жеткізді.  «23 мамыр күні республикалық кезеңге өткен жеңімпаздар анықталды. Атап айтар болсақ, Астана қаласы бойынша жеңімпаз деп танылған Ахметовтер отбасы теміржолшылар әулеті боп есептеледі. Оларда 67 адам теміржолда еңбек етеді. Алматы қаласында әлемдегі 14-ке жуық шыңды бағындырған альпинистер отбасы Жұмаевтар жеңіс тұғырынан көрінді.  Ақмола облысы бойынша жеңімпаз атанған Мұқашевтар отбасының педагогикалық өтілі 300 жылдан асады екен. Алматы облысы бойынша жеңімпаз деп танылған Есхожиндер отбасы 340 баланы асырап алып, Елбасының қолынан сыйлық алған.  Атырау облысының жеңімпаз отбасы – Бешімовтердің 3 буын ұрпағы мұнай саласында еңбек етеді» – деді Махаббат Бекбосынова. Ол сондай-ақ, әрбір облыс бойынша жеңімпаз деп танылған отбасылардың барлығын атап шығып, оларға тән ерекшеліктерді баяндап берді. Брифингке Ұлттық комис­сия­ның төрайымынан өзге «Респуб­ликалық балаларды оңалту орта­лығы» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Бексұлтан Тұтқышев, «Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы» РҚБ президенті Раушан Сәрсембаева, сондай-ақ, «Даму» Кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова қатысып, ұлттық комиссияның ұйытқы болуымен жүзеге асқан басқа да іс-шаралар туралы баяндап берді. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан».