Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының екінші туры аясында өткен жеті ойынның үшеуінде ірі есеп тіркелді.
«Ақтөбе» өз алаңында «Оқжетпесті» қабылдады. Есеп – 5:1. Бұл голдардың авторлары – Әлібек Қасым (26 минут, пенальтиден), Максим Самородов (41), Самородов (45+3, пенальтиден), Идрис Умаев (75) және Ескендір Қыбырбай (88). «Шахтер» Астанада «Ордабасыдан» 1:4 есебімен ойсырай ұтылды. Алғашқы үш голды Гафуржан Сүйімбаев (3), Асхат Тағыберген (59) және Мамаду Мбодж (67) соқты. 71-минутта Айдос Тәттібаев есеп айырмашылығын қысқартқанымен, бәсекенің аяқталуына шамамен 10 минуттай уақыт қалғанда Шохбоз Омаров матчтың соңғы нүктесін қойды. «Қайрат» сырт алаңда «Ақсудан» 3:1 есебімен айласын асырды. Алматылықтар сапынан Артур Шушеначев (39), Жоао Пауло (75) және Еркебұлан Сейдахмет (88) мергендік танытса, ақсулықтар арасынан Мирас Тұрлыбек (82) нысананы дәл көздеді.
Ал қалған кездесулер мынадай нәтижелермен аяқталды: «Каспий» – «Тобыл» 0:1, «Атырау» – «Қайсар» 2:1, «Қызылжар» – «Мақтаарал» 1:0 және «Жетісу» – «Астана» 0:2.