Бұл күндері Оңтүстік Кореяның астанасы – Сеулде шорт-тректен өтіп жатқан әлем чемпионатында Денис Никишаның жеңіс тұғырына көтерілуіне тамаша мүмкіндігі болды.
500 метрлік сайыста сынға түскен 27 жастағы Қостанай облысының тумасы ширек және жартылай финалда мәре сызығын екінші болып қиып өтті. Екі ретінде де ол Бейжің Олимпиадасында жүлделердің толық жиынтығын жеңіп алған канадалық Стивен Дюбуадан ғана қалып қойды. Дәл осы межеде ережені бұзғаны үшін бас жүлдеден бірден-бір үміткер қытайлық Линь Сяоюнь жарыстан шеттетілді.
Финалдық сайыста Денис Никиша жеңіс тұғырына сынық сүйем ғана жетпей, төртінші орынды қанағат тұтты. Жерлесіміздің көрсеткіші – 41,424 секунд. Бас жүлде Пьетро Сигельге (41,166 секунд) бұйырды. Италияның өкілі бұған дейін әлем чемпионатында үш рет қола медаль иеленіп, Олимпия ойындарының екі дүркін жүлдегері атанған болатын. Канадалық Стивен Дюбуа (41,22 секунд) күміс алса, нидерландтық Йенс ван’т Воут (41,243 секунд) қолаға қол созды.
Кеше ерлер мен әйелдер 1 000 метрлік қашықтықта бақ сынады. Өкінішке қарай, бұл сайыста Әділ Ғалиахметов пен Ольга Тихонова ширек финалдық межеден аса алмады.