• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Наурыз, 2023

Жолақы төлеуден жалтарғандар көп

373 рет
көрсетілді

Алматы қалалық Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «ONAY» жүйесі, төлем терминалдарының жұмысы мен жолақыны төлемейтін жолаушылар туралы кеңінен айтылды. Өйткені қоғамдық көліктерде жиі қайталанатын келеңсіз құбылыс бар. Автобусқа отырғандардың барлығы бір кісідей жолақыны төлей салмайды. Кейбірі тексерушілер кіргенде ғана телефонын шұқылай бастайды. Әсіресе, бұл жағдай мектеп оқушылары мен студенттер арасында жиі байқалады. Тексеріс болмаса, төлемей жүре береді.

Сонымен осы брифингте тасымалдаушылар алматылықтарды жолақыны төлеудің балама әдістерін қолдануға шақырды.

Бүгінде Алматыда қоғамдық көлікпен жүру ақысын төлеудің бірнеше түрі бар. «ONAY» көлік картасы, «ONAY» мобильді қосымшасы, QR кодты сканерлеу немесе мобильді қосымшада қоғамдық көлікте көрсетілген 7 таңбалы сандық кодты енгізу, SMS, Beeline абоненттері телефоннан *9909# немесе *202# командасын теру арқылы жолақыны төлеуге болады. Сондай-ақ көлік жүргізушісіне қолма-қол төлем жасай аласыз. Мұндай жағдайда жолақы 150 теңге болады. Одан кейін жүргізуші жолаушыға «ONAY»-дың қағаз билетін беруге тиіс.

«Алматыэлектротранс» тасымал­дау­шысының мәліметі бойынша, қа­лалық бағыттарда жолақыны тө­леуден жалтару шамамен 20 пайызды құ­райды. 4 жыл бұрын қалалық ба­ғыт­тар бойынша тө­лемеу 30 пайызға жуық болса, қала маңын­дағы маршруттарда бұл көрсеткіш 70 пайызға жеткен.

«Бірақ осы көрсеткіштің өзі аз емес. Бұл компанияның, кө­бірек автобус алуына, қосалқы бөлшектерді сатып алуына әсер етеді. Сондай-ақ жоспарлау өлшемдерінің бірі – жолаушылар ағынын дәл анықтауға мүмкіндік бермейді. Ол барлық үде­ріске әсер етеді. Яғни төлемнен жал­тару арқылы мұндай жолаушылар бірінші кезекте өздеріне ғана емес, басқа да өзі сияқты жолаушыларға зиян келтіреді. Бірақ барлық жолаушы жолақыны төлеуден жалтарады деуге болмайды. Тегін жүру деген болмайтынын да жақсы түсінетін жұрт бар. Мәселен, жедел желі телефонына төлем жасамаған жолаушылардың суреттері жиі түседі. Жолақы төлемеген­дер­ді жолау­шылардың өздері сөгіп, бе­тіне айтып жататын жағдайлар бар», дейді Пайдалану жө­ніндегі дирек­тор­дың орынбасары Абылайхан Омархан.

Қазіргі уақытта билетсіз жол жүргені үшін салынатын айыппұл мөлшері – 2 АЕК. Билетсіз жүретін жолаушыларды күнделікті бақылау және тексеру жұмыстарын 50 маман жүргізеді. Олардың міндетіне жолаушылардың төлем жасау фактілерін тексеру, сондай-ақ қолданыстағы төлем түрлерін түсіндіру кіреді.

Сонымен қатар билет тексеруші жолаушы тарапынан тасымалдау ережелерін бұзу фактілері орын алса, мысалы, жолаушы итін тұмылдырықсыз, қарғы баусыз алып жүрсе немесе өзі мас болса, түсіріп кетуге құқылы.

Жолаушы төлеуден, тексерушінің талаптарына бағынудан бас тартқан жағдайларда, нұсқаулыққа сәйкес ол полицияның әкімшілік айыппұл салуы үшін 102 нөміріне қоңырау шалуға құқылы. Осылайша, жыл басынан бері тасымалдау барысын тексеруші 113 рет қоңырау шалып, полицейлер мұндай жолаушыларға тиісінше 113 хаттама толтырған.

Төлемеу фактілерінің азаю ырға­ғына қарамастан, қаладағы ахуал өзгере қоймаған. Тасымалдаушылар жолаушының жолақыны уақытында төлеу міндетін қатаң түрде ескертуге мәжбүр болып отыр. Себебі бұл автобус паркін ұстауға тікелей әсер етеді.

 

АЛМАТЫ