Қоғамда жалғызілікті әкелер осы санаттағы әйелдерге қарағанда анағұрлым аз көрінгенімен, бейресми деректерге сүйенсек, қазір елімізде 70 мыңға жуық әке бала-шағасын бір өзі бағып жүрген көрінеді. Олар қандай санатқа жатады, мемлекет тарапынан қандай әлеуметтік көмек алады?
Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы» заңының 124-бабына сүйенсек, егер ата-анасы баласын кәмелет жасқа жеткенше асырап баға алмаса онда алимент төлеуге міндетті. Балаларынан бас тартып, сот шешімімен алимент төлеуге міндеттелген аналар жетіп артылады. Тіпті алимент төлеу туралы міндеттелгенімен оны орындай алмай сот орындаушыларын сандалтып жүргендері де жетерлік
Осы сұрақтарға жауап табу мақсатында біраз мекемелерге сұрау салып көрдік. Алайда жалғызілікті әкелердің статистикасы бөлек жүргізілмейді, осындай аналармен бірге бір санатта бүтін емес отбасы болып саналады екен. Айрықша статусы да жоқ.
Жалғызілікті әке деген санат қоғамда ескеріле бермейтіні осыдан-ақ белгілі болды. Ешбір заңда «жалғызілікті әке» деген ұғым жоқ. Демек, оларға жеңілдік қарастырылмай ма?
Белгілі заңгер Нұра Тынысқызының айтуынша, жалғызілікті әкелер баспанасыз болса, толық емес отбасы ретінде жергілікті атқарушы органның үй кезегіне тұра алады; отбасыларға 44 мыңнан 100 мың теңгеге дейін жәрдемақы төленеді; айлық табысы кедейлік шегінен аз болса, атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі; баласы жарымжан болса, мүгедекті күткені үшін төленетін жәрдемақы бар.
– Бірақ тек жалғызілікті әкелерге ғана емес, осындай санаттарға енгізілген адамдардың барлығына төленетін төлемдермен бірдей. Жалғызілікті әке деген жеке санат та, оларға ғана арналған жеңілдік те жоқ, – деп түсіндірді заңгер.
Алайда материалдық-тұрмыстық құндылықтармен қоса, балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған әкелердің басқа да мұң-зары жетерлік.
Психолог Дина Баймакишева тағдырдың бұл тауқыметі аналарға қарағанда әкелерге әлдеқайда ауыр соғатынын айтады.
– Ер адам үй шаруасын да, өз жұмысын да істеуге мәжбүр. Ежелден түздің адамы саналатын еркек кіндіктіге бұл оңай емес. Үй шаруасын меңгерумен қатар, уақытын ұтымды пайдалануды үйренуі керек. Сондықтан олар балаға тиісінше көңіл бөле алмайды. Өзім жұмыс істейтін гуманитарлық-техникалық колледжде әкесі ғана тәрбиелеп отырған балалар жетерлік. Байқағаным, олардың барлығы да ана жылуын іздейді. Олардың әкелері шетінен еңбекқор, балаларын ешкімнен кем қылмауға тырысады. Жақсы тәрбие берген, дегенмен ананың мейіріміне бөлеу қиын, дейді психолог.
Қазір қоғамда жалғызілікті әкелер көп. Қай-қайсысын әңгімеге тартсақ та мұң-зары ортақ. Бір ғана Мархабай Оразбаевтың басындағы жағдайдың соңы неге ұласқанына қарап түңілгендей болдық....
«Бес баланы тастап кетеді деген ойымда жоқ еді. Газ қойдыра алмай отырмын. Үйдің құжаты соның атында еді. 2013 жылы әкем өлді деп кеткен еді. Содан бері жоқ», дейді Мархабай Оразбаев.
Он екі жыл отасқан жары жолдасын бір-ақ күнде тастап кете барған. Қырық жастағы әйел туған балаларына да қайырылмай ғайып болыпты. Мархабай Оразбаев алты баланы бауырына басып, бір жылдай өмір сүріп көрген. Алайда үлкені мүгедек болғандықтан, амалсыздан Есік қаласындағы арнайы интернатқа тапсырған. Көп ұзамай қалған 5 бүлдіршінді де жергілікті әкімдік Талғар қаласындағы Тұяқ Есқожина басқаратын балалар үйіне тапсырыпты.
Енді алимент жайына еппен ойысып көрсек. Алимент төлемей жүрген әкелерді естісек, бүгінде алимент төлемей істі болған әйелдер жөнінде де деректер кездесе бастады. Мәселен, 2021 жылы Қостанайда алимент төлегісі келмеген әйел алты айға абақтыға қамалды. Әйелдің кәмелет жасқа толмаған балаларына берешегі 3 миллион теңгеден асқан. Ол 2018 жылдан бері алимент төлемеген. Осыған дейін сот үкімімен әйел бірнеше рет әкімшілік және қылмыстық жазаға тартылған. Тіпті, шартты түрде бір жылға бас бостандығынан да шектелген. Бірақ еш нәтиже шықпаған соң, сот орындаушылары жазаның қатаң түрін қолданыпты.
Жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының басшысы Несібелі Бәсенова: «Бас бостандығынан айырылғанымен, оның қарызы жойылмайды. Егер сот орындаушы жұмысқа тұрғызатын болса, орындау парағын сонда жіберіп, алты ай мерзім күтеміз. Түскен, төлеген қаржы баласына беріледі. Шыққаннан кейін алты айдың алиментін тағы да есептеп қосып береміз. Қомақты қаржы болайын деп тұр. Екі баланы әкесі өсіріп жатыр», деді.
Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы» заңының 124-бабына сүйенсек, егер ата-анасы баласын кәмелет жасқа жеткенше асырап баға алмаса, онда алимент төлеуге міндетті. Балаларынан бас тартып, сот шешімімен алимент төлеуге міндеттелген аналар жетіп артылады. Тіпті, алимент төлеу міндеттелгенімен, оны орындай алмай сот орындаушыларын сандалтып жүргендері де жетерлік. Мұндайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 522-бабы, яғни сот орындаушысының заңды қызметіне кедергі жасау, 524-бабы сот және басқа органдардың (лауазымды тұлғалардың) қаулыларын орындамау және 525-бабы сот орындаушысының талабын орындамау, 528-бабы сот қаулыларын орындауда сот орындаушысына кедергі жасау бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартуға болатыны туралы ескертпе алғандар да көп көрінеді. Алайда ескертпе алып, есі кіргендердің қатары кеміп отырған жоқ. Тіпті, заңды күшіне енген сот шешімін және басқа сот актілерін қасақана орындамау жағдайында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 362-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы ескертілсе де елемейтіндер де бар. Сөйтіп алимент төлеуден қашып жүрген әкелерден енді әйелдер де қалыспайтын сияқты.
Қоғам белсендісі Бейсен Ахмет: «жалғызілікті ер адамдар бастарын біріктіріп, түрлі түйткілдерді бірлесіп шешуге септесетін, мәселе көтеретін, өз қиындықтарына қоғам назарын аудартатын бір қоғам керек», дейді.
– Ер адамдар өзгелерден жәрдем сұрауға арланады. Көпшілігі өздеріне тиесілі көмектен де бейхабар, ал сұрап білуге намыстары жібермейді. Оның үстіне ішкі күйзеліс бар. Сондықтан оларға заңгерлік, психологиялық, моралдық, материалдық көмек көрсететін кризистік орталық, әкелер мектебі сияқты бір ұйым керек-ақ. Ал әзірге жалғыздықты серік еткен адамзаттың күшті бөлігіне өз қазанында өзі қайнап, қалай да болса ұрпағына лайықты тәрбие беруге тырысып бағудан басқа амал жоқ, – дейді Бейсен Ахмет.