• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 13 Наурыз, 2023

Жария жүктілік

6249 рет
көрсетілді

Жүкті болғанын жалпақ жұртқа жария­лайтын жаман әдет пайда болды кейінгі кездері. Аяғы ауырлағанын растайтын «екі сызықты таяқшаны» әлеуметтік желіге салып, жаңалығын еріне тосынсыймен жеткізетін келіншектердің бұл қылығын біреу түсінсе, енді біразы ерсі са­найды. Жалпы, «Жүктімін!» деп жаһанға жар салудың кімге қандай пайдасы мен қа­жеті бар?

Жақында әлеуметтік желіден бір бейнежазбаны көзім шалып қалды. Әйелі болашақ сәбиінің атынан күйеуіне хат жазып, жүкті екенін «ерекше» тәсілмен жеткізеді. «Әкешім, Алла анашым екеуіңіздің дұғаларыңызды қабыл етті. Мен сіздерді көруге асықпын. Сізге деген үлкен махаббатпен, сәбиіңіз» деп жазылған хатты оқып еңгезердей жігіт еңкілдеп тұрып жылайды. Оған әйелі қосылып егіледі. «Рас па?» деп жыламсырап сұрайды сорасы аққан күйі ері. Әйелі «Рас!» деп қуанышты жаңалығын жүктілікті анықтайтын тестпен нақтылап береді. Екеуі құшақтасып тағы біраз жылап алады да: «Біздің екі сызықшамыз» деп әлгі таяқшаны ұстап фотоға түсіп, оны Instagram-дағы парақшасына салып қояды. Осының барлығын видеоға түсіріп, желіге жүктеген жұптың бала күтіп жүргеніне бір жылдан асқан екен. «Бұл сәбиді тым ұзақ күткенін» жасырмаған танымал жұп – қос қыз тәрбиелеп отырған отбасы. Бейнежазбаны көріп отырып, сырт көзден қорғаштап ұстайтын шаңырақ бақыты, ерлі-зайыптының арасында ғана айтылуға тиіс аяулы сырдың өзі «өмірлік қойылым» болып кеткен бе?» деп ойға қаласың.

Халқымыз әйел жүкті болса, керісінше бұл өзгерісті сырт көзден жасырын ұстаған. Қа­зақ әйелі бала қатайып, іші білініп көзге көрін­генше ешкімге білдірмеуге тырысқан. «Тіл-көз тиеді» деп құрсақ көтерген ананың, нәрестенің денсаулығын ойлаған, перзентінің аман-есен жарық дүниеге келуіне баса назар аударған. «Ұят болады» деп, шаңырақтағы қуаныш пен бақытты жұрттың бәріне жария қылмай, жасырын ұстап, ет жақындарымен ғана бөліскен. Ал қазір ше? Кім көрінгеннің екіқабат екенін жаңалық етіп жариялайтын желі де көп, бойына «шыр» біткенін жасырмайтын жұптар да аз емес. Сондықтан да болар әлеуметтік желіні мағынасыздық жаулап кетті. Бала құрсаққа біте салысымен сүйіншілеп, атой салу, кейін шермиген қарнын еріне сүйгізіп фотоға түсу, баланың ұл не, қыз екенін білу үшін жұртты жинап гендер пати жасау – осының барлығы біреудің қаңсығын таңсық жасау ғана.

Мұның барлығы – қазаққа жат қылық. Оның үстіне сәби сүю, балалы болу – Алла­ның нығметі, аманаты. Ананың міндеті – сол аманатқа қиянат жасалмау. Олай дей­тініміз, бойдағы баланың дұрыс дамып, жетілуіне ең алдымен Ана жауапты. «Екіқабат әйелдің бір аяғы жерде, бір аяғы көрде» деп, болашақ ананың жанында қауіп-қатердің көп болатынын ескерген. Жүктілік кезінде əйел қыл үстінде жүргендей нəзік күйде жүретіндіктен барынша сырт көзден, сұқты жанарлардан сақтанған. Қасиетті Құранда «Сонда оған (әйелге) жүктілігінің әр күні үшін күндіз ораза тұтқанның, түнде Аллаға құлшылық еткеннің сауабы жазылады» делінген. Бұл кезеңнің өте жауапты екенін осыдан-ақ пайымдауға бола­ды.

Әрине, перзент сүю – ұлы бақыт. Ал Ана бақытын сезіну – сөзбен бейнелеп жеткізе алмайтын ерекше сезім. Алайда бұл қуанышты сүйіншілеудің де өз əдебі, жолы бар. Қытай халқы айтпақшы, «бақыттың тыныштықты жақсы көретінін» де естен шығармаған жөн. Себебі «Неңмен мақтансаң, соны жоғал­та­сың» дейді дана халық. Түсіне білген жанға балалы болу бақыты ешкі ойнаққа ай­нал­дыратын, ұпай жинап, танымдылықты арт­тыратын кезекті бір спектакль не шоу емес.

Мұсылман өркениетінің тарихын зерттеп, талай ғылыми еңбек жазған Джирджи Зейдан деген араб жазушысы бар. VII-XII ғасырлардағы «Ислам тарихынан әңгімелер сериясын» құрастырған Зейдан: «Қай ұлт болсын өз бойын өзі ұдайы һәм ұқыптап тексеріп тұрмаса, ұлт ретіндегі ұлық және кішік сипаттарын, құлықтық көзқарасын, тақылет-тәрбиесін, өзіне тән салт-санасын, мәдени өріс-қонысын жіті зерделеп және осы зерделенген тағылымдық-тұрмыстық, тәжірибелік ғибрат алып отырмаса, қайбір қасиетсіз, әсіреңкі әдет-қылықтар атадан балаға ауысып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, әлгі ұлтқа мінез болып сіңісе бастайды. Асқына келе мұндай дерт ұлттық мінездің құ­рам­дас бір бөлшегіне, ажырамас серігіне айналып кетеді», деп жазады.

Ұлт ретінде жоқ-жітігімізді әлі толтырып үлгер­меген халықпыз. Оның үстіне еліктегіш, ерме екенімізді тағы жасырып-жаба алмаймыз. Сырттағы жұрттың жылтырағанының бәрін қазақылығымызға жапсыра берсек, өзіміздің өзегімізді өгейсіп жүргенде ұлттық тамырымыздан ажырап қалмаймыз ба? Өстіп жүргенде жүктілікті жер-жаһанға жариялайтын дерт те ұлттық мінезімізге айналып кетпей ме?..