Ақтаудағы Yessenov university кейінгі жылдары жақсы жобаларымен, тың бастамаларымен қуантып келеді. Жуырда ғана неміс университеттерімен ортақ оқу орнын ашпақ болып уағдаласқан білім ордасы енді мектеп оқушыларының ғылыми әлеуетін дамытып, оларға дұрыс бағыт-бағдар беру ісін назарда ұстамақ.
Университеттің ұйымдастыруымен 8-10-сынып оқушылары арасында «Жас зерттеуші және жаратылыстану ғылымдарының дамуы» атты І республикалық ғылыми жобалар конкурсы өтті. Байқау балалардың зерттеу қызметіне қатысты дағдыларын дамыту, орта жастағы мектеп оқушыларының интеллектуалдық-шығармашылық әлеуетін ынталандыру мақсатында ұйымдастырылды. Сондай-ақ зерттеу жұмыстарына қызығушылық танытқан дарынды оқушыларды анықтау және оларға қолдау көрсету, оқушылардың үздік жетістіктерін насихаттау, оқушылардың өзара қарым-қатынастарын ұйымдастыру, қоғамның тұрақты даму мақсаттарына көпшіліктің назарын аудару сынды маңызды ұстанымдарды да көздегенін атап өтейік.
Алдымен мектепішілік деңгейде бірінші кезеңі өтіп, екінші кезеңі университетте ұйымдастырылды. Үшінші қорытынды кезеңге оқушылар барынша іріктеліп, дайындалып келуге мүмкіндік жасалды. Конкурсқа еліміздің әр облысынан, Назарбаев зияткерлік мектептерінен химия, биология және география секциялары бойынша жалпы 58 жұмыс тіркеліп, іріктеу нәтижесі бойынша конкурстың үшінші кезеңіне 24 ғылыми жоба жолдама алып, қорғалды.
– Ғылымның дамуына тікелей үлес қосатын жастар, бүгінгі мектеп оқушылары екені сөзсіз. Себебі мектеп кезінен ғылымға құштар, жаңа идеяны іске асыруға дайын оқушылар болашақта қазақтың мықты ғалымдары болары анық. Шара аясында түрлі бағытта қызықты да жаңалығы мол ғылыми жобалар қорғалды. Жеңімпаздар мен үздік жобалардың жетекшілері алғыс хаттармен және дипломдарымен, арнайы сыйлықтармен марапатталды. Ғылыми жобаның қатысушылары мықты химиктер, биологтер және географтер екеніне бәріміз бірдей куә болдық. Олар – болашақ ғалымдар. Университет басшылығының қолдауымен ғылыми жобалар конкурсы алдағы жылдары да жалғасын табады, – дейді университет қызметкері, жас ғалым Бақтыбай Жайлау.
Ел ғылымын дамыту үшін жастарға осы бастан қамқорлық жасап, оларды белгілі бір ғылыми салаға бағыттау, үздік нәтижеге қол жеткізуге ұмтылдыру – аға буынның міндеті. «Мектеп жасындағы балалармен мектеп айналыссын» деп отырмай жақсы іске бастамашы бола білген университет ұжымына ризашылық білдіргендер де аз емес.
«Мұндай іс-шаралар айтуға тұрарлық жаңалық! Жастарды қолдау деген жақсы сөз оларға шабыт беретін осындай іс-шаралар арқылы сүйемелденуі керек. Бүкіл әлем блогерлікке бет бұрып тұрғанда, «ғылым жолын қуамын» деген өрендерге «Бәрекелді!» десек жарасар», деп мұхиттың арғы бетінде білім алып жүрген IT-маман Тимур Бектұр әлеуметтік желі арқылы ыстық ықыласын жеткізді.
Жастарға мотивация беру, алға ұмтылдыру – жауапты іс. Оларға бөлінген назар мен құйылған инвестиция – ел ертеңі үшін қаланған кірпіш. Аға буыннан қолдау, қамқорлық көрген жастар ел тірегіне айналары анық.
Маңғыстау облысы