• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 14 Наурыз, 2023

Әлихан Смайылов: Ел экономикасы орнықты өсіп келеді

152 рет
көрсетілді

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында осы жылдың қаңтар-ақпан айларындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, есептік кезеңде Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,3%-ды құрады. Оның ішінде, нақты сектор 2,7%-ға, қызмет көрсету саласы 5%-ға өсті. Барлық негізгі салалар құрылыс, ақпарат және байланыс бойынша оң динамика байқалады, сондай-ақ сауда ең үлкен өсімді көрсетті. Негізгі капиталға инвестициялар ағыны 19,2%-ды құрайды.

Биылғы сыртқы сауда айналымы 15,7%-ға өсіп, $10,3 млрд-қа жетті. Экспорт 0,4%-ға ұлғайып, $6,1 млрд-ты құрады, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты – 21,5%-ға 2,1 млрд-қа дейін, тауарлар импорты 4,2 млрд-қа жетті.

Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың деректері бойынша мемлекеттік бюджетке шамамен 3,4 трлн теңге кіріс түсті (жоспар 107,6%-ға орындалды). Атап айтқанда, республикалық бюджетке – 2,5 трлн (жоспардың 100,5%-ы), жергілікті бюджеттерге – 882 млрд теңге кіріс кірді, барлық өңірлерде жоспар асыра орындалды. Сонымен қатар мемлекеттік бюджет шығыстары 95,8%-ға, республикалық шығыстар 96,5%-ға, жергілікті шығыстар 96,6%-ға орындалды.

Премьер-министр ел экономикасы жыл басынан бері орнықты өсім көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, нақты секторда оң және тұрақты динамика байқалады. 

Мәселен, өңдеу өнеркәсібінде өндіріс 2,5%-ға, құрылыста – 13%-ға дерлік, ауыл шаруашылығында – 4%-ға, қызмет көрсету саласында – 5%-ға өскен. Оң тенденция машина жасауда – 31,5%, оның ішінде автомобиль өнеркәсібінде – 46,5%, локомотивтер мен вагондар өндірісінде – 34% байқалады. Фармацевтикада өсім 17%-ға дерлік, химия өнеркәсібінде – 3,5%-ды, жеңіл өнеркәсіпте – 34%-ды құрады.

Бұл ретте, азық-түлік өнімдерін шығару 10%-ға, минералды өнімдер – 8%-ға, дайын металл бұйымдары – 12,5%-ға өсті. Мұнай өңдеу 5,5%-ға артқан. Сондай-ақ электр энергиясын өндіру саласында – 4,5% және металл кендерін өндіруде – 2,5% өсім байқалады.

Есепті кезеңде барлық негізгі макрокөрсеткіштер бойынша оң динамика Абай, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында байқалады. Ең төменгі көрсеткіштер Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Ұлытау және Жетісу облыстарына тиесілі.

«Сыртқы және ішкі сын-қатерлерді ескере отырып, алдағы айларда экономиканың тұрақты өсу қарқынын ұстап тұру өте маңызды. Осыған байланысты министрлер өңір әкімдерімен бірлесіп, экономиканы одан әрі әртараптандыру мен тұрақты жұмыс орындарын құруға басымдық беруі қажет», деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, іскерлік белсенділікті арттырып, экономиканы сапалы дамуы үшін ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту, жоспарланған инвестициялық жобалар пулын жүзеге асыру жұмысын күшейту қажет. Бұл әсіресе, шикізаттық емес салаларға қатысты.

Сонымен қатар, өңірлердегі бизнес-бастамаларды қолдау мақсатында Алматы мен Шымкент қалаларының тәжірибесіне сүйене отырып, индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктерді одан әрі дамытуды қамтамасыз ету талап етіледі. 

«Бизнеспен тұрақты түрде диалог жүргізіп, олар көтерген барлық түйткілді мәселелерді шешу қажет. Нәтижелі жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және халықтың нақты табысын арттыру негізгі басымдық», деп атап өтті Премьер-министр.

Қорытындылай келе, Үкімет басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаржылық тәртіпті күшейту жөніндегі жұмысын жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.