• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Төтенше жағдай 14 Наурыз, 2023

Қарғыннан әзір қауіп жоқ

207 рет
көрсетілді

Қар көбесі сөгілді дегенше, тасқын қаупі күшейеді. Қапы қалмас үшін қарекет қажеттігін бұрнағы жылдар ұдайы еске салып жүр. Қарғыннан қатер әзірге Қарағандыға төнген жоқ. Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, аймақта жағдай бүгінде бірқалыпты.

Облыс аумағының 75 пайызын қар басып жатыр. Тек Нұра өзенінде кейінгі жылдар­дағы нормамен салыстырғанда жинақ­талған су қоры 28 пайызға артық. Өзгесінде нормадан 3-10 пайызға төмен. Оларда сең жүргенде арнасынан асып кетпеуі үшін сірескен көк мұзды бұрғылау жүріп жатыр. Бұдан бөлек, су өтетін құбырлар, арықтар аршылуда.

– Ғарыштан бақылау қазіргі уақытта облыс аумағының 75 пайызы қар астында жатқанын көрсетті. Нұра өзені бассейнінде су қоры кейінгі жылдардағы орташа есептен 28 пайызға жоғары, ал қалған өзендерде 3-10 пайызға нормадан төмен. Облыстағы ірі су қоймаларынан су жіберілуде. Атап айтқанда, Самарқанд және Ынтымақ су қоймаларынан секун­дына 5-8 текше метр су жіберіледі. Елді мекендерден 2,1 млн. текше метр қар шыға­рылды. Су басу қаупі бар аймақтарда алдын алу жұмыстары жалғасуда, дейді Төтенше жағ­дайлар депар­та­ментінің басшысы Мұрат Қат­панов.

Бұқар жырау ауданы мен Теміртау қа­ла­сының маңындағы Нұра өзенінде мұз кеп­телістерінің алдын алу үшін мұзды кесу және бұрғылау жұмыстары қауырт жүр­гізілуде. Мұз жамылғысының әлсіреуі де мұз­дың жылжуы ке­зінде өзеннің толып кетуіне жол бермейді. Су тасқыны қаупі бар өңір­лерде алдын алу шаралары жалғасуда. 110 шақырым су бұру траншеялары тартылды. 158 шақырым каналдар мен арықтар тазартылды. 3 286 бірлік су өткіз­гіш құбырлар мен 281 кө­пір тазартыл­ды.

Жалпы, жария етілген деректерге сүйен­сек, өңірде 150-ге жу­ық елді мекен мен 100-ге жуық көлік жолына қызыл судан қауіп бар. Жердің тоңы орташа есеппен 160 см-ге жуықтайды. Облыс бо­йын­ша төтенше жағдайдың алдын алу үшін бюджеттен 3 миллиард теңге бөлінген. Тасқынға тос­қын қою үшін 3,5 мыңға жуық адам және 1 200 техника сақадай-сай.

Облыс әкімі Ермағанбет Бө­лекпаев та­р­а­пынан алдын алу шаралары бойынша құзырлы органдарға нақты тапсырмалар берілді.

–Тасқын сулардың апатсыз өтуі үшін су бұру, арықтар жүйе­лерінің дайындығын барлық жер­де қамтамасыз ету қажет. Сон­дай-ақ жеке аумақтарды қар мен қоқыстан тазарту жөнінде ха­лықпен түсіндіру жұмыстарын жан­дандырыңыз, деді өңір бас­шысы. Сонымен қатар бар­лық гидро­құрылыстың дайын­дығы мен жұмысы тұрақты ба­қы­лауда. Ап­таның соңына дейін автожолдардағы су өткізу құры­лыс­тарын тазалауды аяқтау қа­жет.

Негізі, департамент тарапы­нан басқару ұйымдары үшін тас­қынға қатысты жұмыс алго­ритмі жасалған. Елді мекен­дерде төтенше жағдай туын­да­ғанда басшылыққа алатын нұс­қаулықтар әзір.

 

Қарағанды облысы