Елімізде қысқы спорт түрлерінің даму қарқыны көңіл қуантарлықтай жағдайда емес. Бүгінде тек шорт-трек пен конькимен жүгіру спортында ғана біршама табысымыз бар деп айтуға болады. Оған жерлестеріміздің Әлем кубогі кезеңдерінде арагідік үздіктер қатарынан көрініп, ел қоржынына жүлде салып жүргені дәлел бола алады. Сондай-ақ кейінгі жылдары биатлон спортында ілгерілеу байқалады. Соның айғағы ретінде жуырда Щучинскіде тұңғыш рет биатлоннан жасөспірімдер мен жастар арасындағы әлем чемпионаты ұйымдастырылды.
Щучинск қаласындағы қысқы спорт түрлері бойынша Олимпиадалық даярлау орталығының базасында өткен жарысқа жер-жаһанның 39 елінен келген 600-ге жуық спортшы қатысып, бір аптаға жалғасқан әлемдік додада 18 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Биатлон жарыстарының көшбасшысы саналатын Германия спортшылары бәсекенің алғашқы күнінен бастап жарыс тізгінін өз қолдарына алып, жаһандық сайыстың соңына дейін жалпыкомандалық есепте ешкімге дес берген жоқ.
Мәселен, Олимпия ойындарының жеңімпазы, Әлем кубогі жарыстарының бірнеше дүркін чемпиондары Арнд Пайффер мен Магдалена Нойнердің ізбасарлары тоғыз қашықтық бойынша оқ бойы озық шықты. Атап айтқанда, жасөспірімдер арасындағы ұлдар сайысында Бенджамин Менц 15 шақырымға жекелей жарыста әлем чемпионы атанса, қыздар бәсекесінде Селина Гротян 7,5 шақырымдық спринтте және 10 шақырымға із кесуде мәре сызығын бірінші кесті. Сонымен қатар Германияның жасөспірім қыздар құрамасы эстафетада топ жарса, аралас эстафетада Франция және Норвегия спортшыларын артқа тастап, алтыннан алқа тақты.
Ал жастар арасындағы жарыста Германияның ерлер құрамасы үздіктер қатарынан көріне алмаса да, қыздары барлық қашықтық бойынша жеңімпаз атанды. Юлия Кинк 10 шақырымға жекелей жарыста тұғырдың ең биік сатысынан көрінсе, Юлия Таннхаймер 6 шақырымдық спринт пен 7,5 шақырымдық із кесуде алдына жан салмады. Эстафета сайысында да неміс қыздарының бағы жанды.
Осылайша, жасөспірімдер мен жастар арасындағы әлем чемпионатында 9 алтын, 6 күміс медаль жеңіп алған Германия биатлоншылары жалпыкомандалық есепте бірінші болды. Екінші орынға 5 алтын, 3 күміс және 9 қола медаль олжалаған даңқты Уле-Эйнар Бьёрндаленнің отандастары жайғасса, үшінші орынды бір-бірден алтын жүлдені қоржынға салған Чехия, Жаңа Зеландия, Словения және Словакия спортшылары түйіндеді. Жалпы, әлем чемпионатында 15 елдің спортшылары жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Ал Қазақстан спортшыларынан ең үздік нәтижеге жасөспірімдер арасында сынға түскен Данил Червенко қол жеткізді. Ол 15 шақырымға жалғасқан жарыста мәре сызығын 41 минут 58 секунд ішінде кесіп, 11-орынға жайғасты. Жерлесіміз төрт оқ ату айлағында бір мәрте ғана мүлт кетіп, жеңімпаз Бенджамин Менцтен 1 минут 45 секундқа қалып қойды. Ал қыздар сайысында ең үздік нәтижені Милана Генева тіркеді. Ол жастар арасындағы 7,5 шақырымдық із кесуде мәреге 15-ші болып жетті. Оның уақыт көрсеткіші – 29 минут, 31 секунд. Нысана көздеу сәтінде үш мәрте мүлт кетті.