Бұған дейін тиісті ұйымдар жария еткен талдаулар елдегі энергетика жүйесінің тозығы жеткенін жалпақ жұртқа мәлім етіп үлгерді. Бұл талдаулар жалпы елдегі осы саланың 60 пайызы тозып тұрғанын көрсеткен-ді. Бұндай олқылықтан Қарағанды аймағы да ада емес. Ондағы тозу осы шамалас. Яғни жылу электр орталықтарының тозуы кеншілер өңірінде 60-70 пайыз. Металлургтер мекені аталған Теміртаудың соңғы жылдары қыстың көзі қырауда дірдек қағуы – соның бір айғағы.
«Бірнеше жыл бойы жөнді жылымай, жұрты жаураған Теміртауда қазіргі таңда ЖЭО-2-де жетінші қазандықтың құрылысы жүріп жатыр. Әзірше мұндағы жұмыстар кестеге сай жүргізілуде. Қажетті жабдықтар орнатылуда», деп мәлімдейді орталық басшылығы.
Аталған құрылыс аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың тікелей бақылауында. Жуырда облыс әкімі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ЖЭО-2-де жетінші қазандық салынып жатқан құрылыс алаңына арнайы барды. Құрылыстың жүру барысын бақылады. Содан соң компанияның бас директоры Владимир Яблонский қатысқан кеңесте қазандыққа қатысты мәселелер талқыға салынды.
– Жұмыс кестеге сай. Конвективті бөлік толығымен жинақталған. Енді біз электр бөлігіне қатысты жұмыстарды бастадық. Электр сымдарын тартуға кірісеміз. Сонымен қатар қазандық оттығын монтаждауға дайындық жүргізілуде, – деді ЖЭО-2 директоры Сергей Кривов.
Қазандық құрылысындағы мамандар тәулік бойы жұмысты тоқтатқан жоқ. Күндізгі және түнгі ауысымдағы жұмыстың нәтижесінде бүгін қазандықтағы құрылыс жұмысының үлесі – 70 пайыз көлемінде.
Сондай-ақ аймақ басшысына жылу электр орталықтарын жөндеуден өткізу де баяндалды. Компания басшылығының мәлімдеуінше, қазір жөндеу жұмыстарын бастауға еш кедергі жоқ.
«Жұмыс жоспары бекітілді. Қаржыландыру бөлінді», дейді Владимир Яблонский. Оның айтуынша, бірінші қазандық кең ауқымды ағымдағы жөндеуден өтеді. Жұмыс алдағы күндері басталады. Оған қоса, биыл ЖЭО-2-де екі қазандықты күрделі жөндеу жоспарланған. Олар – № 4 және №5 қазандықтар. Жұмысқа компания маусымда кіріседі.
Қарағанды облысы