• RUB:
    5.02
  • USD:
    485.11
  • EUR:
    523.82
Басты сайтқа өту
Денсаулық 16 Наурыз, 2023

Балаларды оңалту тәжірибесі

355 рет
көрсетілді

Жуырда Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты №1 оңалту орталығы коммуналдық-қазыналық кәсіпорны мен Өзбекстанның республикалық мамандандырылған терапия және медициналық оңалту ғылыми-тәжірибелік медицина орталығы арасында меморандумдық келісім жасалды. Оңалту орталығының бас дәрігері Н.Тоқбергенов пен қонақтар делегациясын бастап келген өзбекстандық емдеу ұйымының директоры Б.Аляви аталған құжатқа қол қойды.

Осы келісім аясында қос тарап өзара кәсіби шеберліктерін шыңдап, әріптестік ынтымақтастықты нығайтады. Сондай-ақ медициналық туризм саласында да өзара тәжірибе алмасатын болады. Сонымен бірге өзбекстандық дәрігерлердің айтуынша іс-сапардың тағы бір мақсаты – шымкенттік әріптестерінің оңалту еміндегі әдіс-тәсілдерімен жақынырақ танысу жә­не оларды өз тәжірибелерінде қолдану. Таш­кенттік делегация Шымқаладағы басқа да оңалту орталықтарына барды. Он­дағы сал дертіне шалдыққан балалармен және олардың ата-аналарымен тілдесті. Науқас­тарға көрсетілетін ем түрлерін бақылады.

Өзбекстанда медициналық оңалту ша­расы кеңінен дамыған. Бірақ негізінен ересек адамдарға ғана қызмет көрсетуге бейімделген. Ендігі жерде көршілес ағайын балаларға да оңалту емін жасауды, осы бағытта жұмыстарды жандандыруды қолға алмақшы. Сол үшін тәжірибе алмасу мақсатында Шымкентке келіп отыр. Біз, әрине, мұндай екіжақты әріптестік байланысты орнатуға әрқашанда дайынбыз және қолдан келген көмегімізді аямаймыз. Өз кезегінде шымкенттік реаби­литологтардың да өзбекстандық әріптес­терінен үйренері көп. Қысқаша айтқанда бұл келісім оңалту ем-шарасын екі жаққа да тиімді жолмен ілгерілетуге мүмкіндік береді», деді №1 оңалту орталығының бас дәрігері Н.Тоқбергенов.

Өзбекстандағы терапия және медицина­лық оңалту ғылыми-тәжірибелік медицина орталығы медициналық туризм бөлімінің меңгерушісі, дәрігер-эндокринолог Си­ро­жиддин Холмуминовтің айтуын­ша Шымкент қаласындағы оңалту орта­лық­­та­рындағы мамандармен іскерлік бай­­ла­нысты нығайту, тәжірибе алмасу бізге біліктілікті арттыруға көп мүм­кін­­дік­тер сыйлайды. «№1 оңалту орта­лығы­мен арадағы меморандум қос елдің реа­билитациялық медицина саласын жалға­ған «алтын көпір» іспетті. Екіжақты келісімнің нәтижесінде енді әріптестік байланыстар нығаяды. Білмеген жерімізді қазақстандық мамандардан сұрайтын боламыз. Өз кезегінде медициналық телекөпір арқылы біз де байланысқа шығып, тәжірибе бөлісіп отырамыз» дегенді айтты.

Бүгінгі таңда қаладағы осы оңалту орта­лығында түрлі сал ауруына шал­дыққан 18 жасқа дейінгі балалар емделеді. Емдеу мекемесінің төсек-орны 110 адамға есептелген. 100 төсек-орын жатып емделуге арналса, қалған оның күндізгі стационарда ем қабылдаушылар пайдаланады. Сонымен қатар 1 жасқа дейінгі науқас балалармен бірге болатын ата-аналарына да үш мезгіл тегін ыстық тамақ беріледі. Ал бір жастан жоғары науқастардың ата-аналарына тек жататын төсек-орын ғана тегін.

Бастапқы кезде орталық 2018 жылдың қаңтар айында облысқа қарасты мекеме болып ашылған. Кейін Шымкент өз алдына республикалық қала мәртебесін алған соң, сол жылдың қыркүйегінде жергілікті әкімдіктің қарамағына өтеді. Дегенмен орталық мегаполиспен бірге Түркістан облысының да науқастарына бірдей қызмет көрсете береді. Сондықтан мұнда шаһардан бөлек Түркістан аймағынан да балалар келіп, емделіп кетеді.

Оңалту мекемесі бас дәрігерінің орынбасары Мейрамгүл Алтаева орталықта 120 қызметкер жұмыс істейтінін және дәрігерлердің дені жоғары білімді, білікті мамандар екенін айтып өтті. Сондай-ақ балалар оңалту орталығына жергілікті емханада порталға қойылып болған соң келе алады. Және науқастың ауру дәрежесіне қарай жылына бірнеше рет ем қабылдайды.

«Бұл жерде тірек-қимыл қозғалысы бұзылған, церебральді сал ауруынан жұту, шайнау қызметтері нашарлаған және тіл мүкістігі бар балалар мен жасөспірімдер емделеді. Науқастарға негізінен медици­налық және педагогикалық, коррекциялық емдеу түрлері қолданылады. Оларға ортопед-травматолог, неврапотолог, дефектолог, психолог, физиотерапевт және реабилитолог сияқты жоғары санатты дәрігерлер қызмет көрсетеді. Орталықтың басты ерекшелігі – мұнда дәстүрлі емдеу шараларымен бірге заманауи медициналық оңалту тәсілдері де қатар жүргізіледі», деді бас дәрігердің орынбасары.

Мәселен, орталықта кинезотерапия мен ботулинотерапия секілді емдеу түрлері бар екен. Алғашқы емдік тәсіл балалардың бұлшықеттерін денешынықтыру әдісі арқылы дамытуға көмектеседі. Ал ботулинотерапия арнайы препарат арқылы церебральді сал ауруының қиын түріне шалдыққан науқас балалардың сірескен бұлшықеттерін жұмсартады. Өйткені көп жағдайда сал ауруымен ауыратын балалардың аяқ-қолдары, мойындары сіресіп қозғалмайтындықтан ата-аналарына оларға күтім жасау өте қиынға соғады. Мойны бір жағына қарай қисайып қалған балаларға тамақ ішу – өте ауыр. Аяғы екі жаққа ашылмайтын науқас сәбилер мен жасөспірімдерге шалбар кигізу азаптың азабы. Мұндай кезде бұлшықеттерді жұмсартатын арнайы ампула «сиқырлы дәрідей» әсер етеді. Әрі таңнан кешке дейін бала күтіміне байланған ата-ана үшін нағыз көмек. Бұрын бұл емді алу үшін ата-аналар республикалық емдеу орталықтарына баратын. Жолдама алу, ол жаққа бару, кезегін күту қаншама уақытты алатын. Қымбат ампулаға қолдары жеткенше ата-ана байғұс күтумен, әрі-бері шапқылаумен-ақ әбден шаршайтын. Қазір ботулинотерапия жергілікті оңалту орта­лық­тарында қолданыла бастағалы бұл қиындықтардың барлығы да артта қалды. Қайта бұрын қолдары жетпей жүрген қаншама ата-ана күрделі еммен балаларын емдетуге мүмкіндік алды.

Ал кинезотерапияны орталықтың 12 дәрігері арнайы Германиядан келген мамандардың біліктілік курсына қатыса жүріп, оқып үйреніпті. Сонымен бірге 10 маман Астана қаласындағы Ұлттық оңалту орталығында білімдерін шыңдап қайтқан.

Орталықта, бұдан бөлек, галотерапия, психологиялық оңалту, монтессори, сенсор бөлмесі, эрготерапия, ойын терапиясы секілді қосымша емдеу шаралары жүргізіледі. Ең бастысы емнің барлық түрі де балаларға тегін көрсетіледі.

«Биыл көктемде қызым Айзере екі жасқа толады. Туылғалы аяғын онша баса алмайтын. Майда заттарды ұстауға қиналатын. Сөйтіп, біреулерге барып аяғына массаж жасаттық. Одан қызым жақсы болып кеткен жоқ. Керісінше, одан бетер жүре алмай қалды. Сөйтіп, жүргенде осы орталыққа жолдамамен келіп, емдік денешынықтыру курстарынан өттік. Содан бері құдайға шүкір қызым аяғын басып, өздігінен жүріп кетті. Басқа да емдік шаралардың нәтижесінде тілі шығып, майда заттарды ұстайтын болды. Осында келгелі шынымды айтсам қызым кәдімгідей ашылды. Бұрын тірек-қимылындағы ауруынан ба, сөйле десе аузын ашпайтын, мінезі жаман тұйық еді. Қазір мінез-құлқы өзгеріп, адамдарға күліп қарайтын болды. Үйде де былдырлап, әр нәрсені айтып, тыным таппайды. Бұл – менің төртіншім. Бұдан бөлек, үш балам бар. Өзім болса, бала күтіміне байланысты декреттік демалыстамын. Осындай емдеу мекемесін ашып, халыққа жағдай жасап отырған мемлекетке рахмет. Медициналық ұйымның қызметін ұйымдастырып, мүгедектігі бар балаларға қамқорлық танытқан жергілікті әкімдіктің де еңбегі жана берсін. Шынымен де бұл ата-ана үшін үлкен көмек қой. Жекеменшік клиникаларға бара беруге көп ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Сондықтан тегін медициналық оңалту көмегін көрсететін мұндай орталықтардың бары қандай жақ­сы болған. Уақыт озған сайын еліміздің де ме­дицина саласында үлкен өзгерістер болып жатыр. Оны күнде көріп, байқап жү­рміз. Кешегі уақыт пен бүгінгі кезді салыс­тыруға болмайды. Бүгінгі ұлттық денсау­лық сақтау саласы сапа жағынан әлде­қайда дамып кеткен. Оны осындай оңалту орталықтарынан-ақ көруге болады. Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Барлық сала жаңғырып жатыр. Әділетті Қазақстанды құрамыз деген жоспармен қазір бүкіл еліміз бойынша жаңғырту бастамалары қолға алына бастады. Сондықтан ұлттық медицина сапасы бұдан да жақсарып, әлеуеті артады деген сенімдемін», деді кішкентай Айзеренің анасы Д.Жанықұлова.

Айта кету керек, мегаполисте қалпына келтіру мен оңалту емін ұсынатын 10 ме­ди­­циналық ұйым бар. Оларда оңалту ем-ша­расы 3 негізгі бағыт бойынша жүр­гізілді. Атап айтқанда неврология-ней­ро­хи­рур­гиялық, кардиология-кар­дио­хи­рур­гия­лық және ортопедия-травмато­логия­лық. Ресми дерек бойынша, былтыр қала­да­ғы оңалту еміне мұқтаж 8 671 балаға реаби­литациялық қызмет көрсетілген. Соны­мен бірге жүйке жүйесі ауруларымен диспансерлік есепте тұратын бес мың­нан астам бала оңалту емін алған. Мұн­дай орталықтар шаһардағы сал ауруына ұшыраған балалардың 75 пайызын қамти­ды. Жергілікті оңалту мекемелерінен бөлек науқастар республикалық «Бурабай», «Бал­бұлақ», «Алатау» сынды ұлттық балалар оңалту орталықтарында ем қабылдауға жіберіліп тұрады.