Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын жіті назарда ұстау, баға тұрақтылығын сақтау мәселелері жергілікті әкімдік тарапынан қатаң бақылауға алынған. Шымкентте осындай әлеуметтік азық-түлік өнімдерін саудалайтын бірнеше дүкен бар. Соның бірі – Шаяхметов көшесінде орналасқан «Qaz et» әлеуметтік дүкені.
Қала тұрғындарының көпшілігі бағасы төмен болғандықтан етті осы дүкеннен сатып алады. Мұнда сиыр еті 2 300 теңгеден сатылып жатыр. Нарықта оның бағасы кішкене қымбаттау. Аталған сауда нүктесі 2022 жылдың желтоқсан айында ашылған болатын.
Шаһарда тауарлардың бағасын негізсіз өсірмеу жөнінде бірқатар ірі сауда орындарымен келісімдер жасалған. Бүгінде «Магнум» сауда желісінде әлеуметтік маңызы бар 19 тауарға белгіленген баға қойылған. Дүкендер әкімдік бекіткен сол бағадан асырмау керек. Мәселен, арзандатылған азық-түлік тауарларының арасында нанның бағасы – 92 теңге, шекер – 445 теңге, пияз – 225 теңге, сәбіз – 180 теңге, картоп – 180 теңге, күнбағыс майы – 860 теңге болып белгіленген.
Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Жандос Ханиев әлеуметтік ең қажетті деген азық-түлік тауарларының бағасына міндетті түрде мониторинг жасалып отыратынын жеткізді. Маманның айтуынша, бүгінгі таңда шаһардағы азық-түлік нарығында ешқандай тапшылық жоқ. Әкімдік тарапынан жергілікті кәсіпкерлермен 1 жылға келісімшарт түзіліп, оларға айналымға қаражат қарыз есебінде берілген. Осы күнде шаһарда 100-ден астам сауда нысандарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары белгіленген бағада сатылып жатыр.
Осы орайда айта кеткен жөн, баға белгіленгенімен әр тоқсан сайын нарықтағы жағдайға байланысты өзгеріп отырады. Соған сәйкес әр тоқсанда комиссия шешім шығарып, нарықтағы бағадан 10-15 пайыз төмен әлеуметтік баға бекітіледі. Жалпы, алғанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына күнделікті мониторинг жүргізу жалғасын таба береді.