Алматыдағы Паллиативтік көмек орталығына (хоспис) Жапония үкіметі 119 көпқызметті кереует сыйға тартты. Күншығыс елі алдағы уақытта Қостанай мен Шу өңірлерінің ауруханаларына да көмек қолын созбақ.
Дүние жүзі бойынша Хоспис, Паллиативті көмек, Геронтологиялық көмекті ең көп көрсететін мемлекет Жапония болып саналады. Бұл орталықтар сырқаты ауыр пациенттер мен жасы келген қарттарға айрықша көңіл бөліп, көмектесу негізінде құрылған. Елімізде 1997 жылдан бастап Жапония Үкіметінің қайтарымсыз көмек көрсету мақсатындағы «Шөптің тамыры» әлеуметтік бағдарламасы жұмыс істеп келеді. Осы 17 жылда аталмыш әлеуметтік жобаға Жапония үкіметі 5 млн. доллар көлемінде қаржы жұмсаған. 2013 жылы Алматыдағы Паллиативтік көмек орталығы осы бағдарламаға қатысуға өтініш білдіріп, үстіміздегі жылдың 17 наурызында екі тарап келісімшартқа қол қойған болатын.
Өз кезегінде Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Манас Рамазанов аталмыш жоба аясындағы осындай ауқымды сыйлықтары үшін Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының, жалпы медицина қауымдастығы атынан Жапония үкіметіне, сондай-ақ, бүгінгі шараға қатысып отырған Жапонияның Қазақстандағы елшісі Масаеси Камохара мырзаға алғыс білдірді.
– Орталықта емделіп жатқан науқастардың дені онкологиялық дертпен ауыратындар және медициналық қызметкерлердің көмегін қажет ететін жасы келген адамдар. Сондықтан жапондардың көрсетіп отырған көмегі Паллиативті орталық ұжымының жұмысын жеңілдетеді. Мәселен, гигиеналық жағынан, оларды күтіп, тамақтандырғанда үлкен қолғабыс болмақ, – деді М.Рамазанов.
1999 жылы Алматы қаласы әкімдігінің шешімімен іргесі қаланған қалалық Паллиативті көмек орталығының мақсаты – негізінен дауасыз дертке шалдыққан онкологиялық науқастар мен медициналық қызметкерлердің көмегін қажет ететін жасы келген егде адамдарға паллиативті көмек, яғни, ем-дом жасау, ауруды сезбеуге қарсы терапия, кәсіби медбикелік күтім, науқастар мен олардың жақындарына психологиялық жағынан қолдау көрсету. Елімізде заманауи технологияларды пайдаланып, жаңа қондырғылардың игерілуі соңғы 5 жылда түрлі қатерлі дерттің бетін қайтаруға ықпал етуде. Қаладағы Паллиативтік көмек көрсету орталығында ем-дом қабылдап жатқан науқастар да, мейірбикелер де көпқызметті кереуеттерді ұзақ уақыт күтті.
Жапония үкіметінің атынан Алматы қаласындағы онкологиямен ауыратын науқастарға арналған көпқызметті төсекпен қамтамасыз ету жобасының аяқталуымен құттықтаған елші Масаеси Камохара мырза «Шөптің тамыры» бағдарламасы Жапония үкіметінің адамның өмір сүру деңгейін жоғарылату мақсатында құрылғанын, ол үкіметтік емес ұйымдардың, білім беру және медициналық емдеу мекемелерінің жұмыстарын қолдауға бағытталғанын жеткізді.
– Қазақстанда осы бағдарлама аясында, яғни 1997-2014 жылдары 70 жоба республиканың бірнеше аймағында жүзеге асты, – деді елші мырза. – Бұл көпқызметті кереуеттер орталықтағы медицина қызметкерлерінің науқастарға қауіпсіз күтім жасауда үлкен рөл атқарады. Сондықтан да бұл кереуеттер сырқаты ауыр науқастарды күтудегі бірден бір шешім болып табылады, сондай-ақ пациенттердің көңіл-күйіне жақсы әсер етеді деп ойлаймын.
Шындығында да, жаңа технологиямен жасалған мобильді төсектер науқас адамға өте ыңғайлы. Дөңгелегі бар, қозғауға жеңіл. Орталықтың аға медбикесі Нұржан Шотаеваның айтуынша, бұл төсектер медбикелер мен кіші медицина қызметкерлерінің жұмысын 80 пайызға жеңілдетеді. «Біз бұрындары науқастарды өзіміз көтеретінбіз. Қазір көріп отырсыздар, енді өздері отырып, тұра алады. Төсектің екі жағында қорғаныштары бар. Ол да бізге үлкен көмек. Сондықтан, науқас жандарға осындай қолұшын созған Жапония үкіметіне, оның халқына шын жүректен рахмет айтамыз», – деді ол.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.