Орталық сайлау комиссия төрағасының орынбасары Константин Петров бүгін өтіп жатқан сайлауға қатысты ақпаратпен бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазіргі уақытта ел өңірлеріндегі 8 272 учаскеде дауыс беру жүріп жатыр.
«Орталық сайлау комисссиясы облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының комиссиялары ұсынған ақпаратқа сәйкес, 07.00-дегі жағдай бойынша өңірлерде 8 272 учаскеде дауыс берудің басталғанын хабарлайды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының 12 шет мемлекеттегі 13 учаскесінде дауыс беру басталды. 92 учаскеде аумақтық комиссиялардың Конституциялық заң аясында қабылданған шешімдеріне сәйкес, дауыс беру таңғы сағат 06.00-де басталды. 5 өңірдің, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда облыстарының 1 887 учаскесінде дауыс беру астана уақытымен сағат 08.00-де басталады. Барлығы 10 223 учаскесі, оның ішінде 62 шет мемлекеттегі еліміздің 77 учаскесі бар», деді Константин Петров.
Спикердің айтуынша, сайлаушылар тізіміне 12 млн 32 550 адам енген. Учаскелік комиссиялар азаматтардың жазбаша өтініштері бойынша дауыс беру құқығын беретін 12 765 куәлік берді.