Алматыдағы «Шымбұлақ» тау-шаңғы базасында ұйымдастырылған фристайл-могулдан Әлем кубогі кезеңі өз мәресіне жетті. Дүние жүзінің таңдаулы спортшылары қатысқан бәсекеде жерлестеріміз күміс медаль жеңіп алды.
Кейінгі жылдары Қазақстанның фристайл-могулшылары халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп жүргенін жанкүйерлер жақсы біледі. Әйелдер арасындағы сайыстарда Юлия Галышева 2019 жылы АҚШ-тың Парк-Сити қаласында өткен әлем біріншілігінде топ жарған болса, 2018 жылғы Пхёнчхан Олимпиадасында ел қоржынына қола жүлде салған еді.
Ерлер бәсекелерінде де табысымыз жаман емес. 2015 жылы Гранададағы студенттер сайысында алтыннан алқа тағып, былтыр Алатау баурайындағы әлем чемпионатында қола жүлде жеңіп алған жерлесіміз Павел Колмаков күні кеше Алматыдағы Әлем кубогінде күміс жүлде олжалап, жергілікті жанкүйерлерді қуанышқа бөледі. Финалдық сайыста 78,72 ұпай жинаған отандасымыз екінші орынға табан тіреді. Бас жүлде Пхёнчхан Олимпиадасының жеңімпазы канадалық Микаэль Кингсберидің (85,67) еншісінде кетсе, қола медаль әлем чемпионатының үш дүркін күміс жүлдегері аустралиялық Мэтт Грэмге бұйырды.