• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Футбол 20 Наурыз, 2023

EURO-2024: Словения мен Данияны жеңе аламыз ба?

290 рет
көрсетілді

Санаулы күндерден кейін футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі кезекті жорығын бастайды. Былтырғы Ұлттар лигасы турнирінде табысты өнер көрсетіп, жанкүйерлердің қошеметіне бөленген Қазақстан ұлттық құрамасының футболшылары биыл сол жетістігін қайталай ала ма?

Іріктеу матчтарының күнтізбесі бойын­ша, Могамед Адиев шәкірттері наурыз айында екі ойын өткізеді. Атап айтқанда, 23 наурыз күні елордадағы «Астана Аре­на» стадионында Словения футболшыларымен кездессе, араға үш күн салып, 26 наурызда даңқты Дания құрамасымен жасыл алаңда жолығады. Осы екі матч қарсаңында қарсыластарымыздың осы күнге дейін жүріп өткен жолдарына зер салып көрсек.

Жалпы, жеребе таңдап берген жоға­ры­дағы бес қарсыластың үшеуімен Қа­зақстан футболшылары бұған дейін түрлі деңгейдегі турнирлерде бірнеше рет кез­дескенін жанкүйерлер жақсы біледі. Бұл жолғы іріктеуде Солтүстік Ирландия және Словения құрамалары біз үшін жаңа қар­сылас болмақ. Дегенмен, Қазақстанның 19 жасқа дейінгі құрамасы былтыр Еуро­па чемпионатының іріктеу кезеңінде Сол­түстік Ирландия футболшыларымен бір топта өнер көрсеткен. Өкінішке қарай, екі ойын­да да жерлестеріміз 1:2 және 1:3 есе­бімен жеңіліп қалған еді. Бәлкім, ересек­тер құрамамыз інілерінің есесін осы жолы қайтарар.

Солтүстік Ирландияның негізгі құра­масын алдағы уақытта толығырақ таныс­тыра жатармыз. Әзірге, алдағы қар­сылас­тарымыз – Словения және Дания құра­малары туралы айтайық.

61 жастағы жергілікті маман Матьяж Кек баптайтын Словения құрамасы негі­зінен Еуропаның ТОП-5 чемпионатында ойнайтын легионер футболшылармен жасақталған. Атап айтқанда, қақпашы Ян Об­лактан бастап («Атлетико Мадрид», Ис­пания), өткен жылғы Ұлттар лигасының «В» дивизионында үш гол соғып, екі мәрте нә­­тижелі пас асырған 19 жастағы Беньямин Шеш­коға («Зальцбург», Германия) дейінгі фут­­болшылардың басым бөлігі өзге елдің чем­­пионаттарында өнер көрсетеді. Олар­дың қата­рында қорғаушылар – Пе­тар Стоянович («Эмполи»), Яка Бийол («Уди­незе»), жар­­тылай қорғаушылардан Бенд­жамин Вер­бич («Панатинаикос»), Санди Ловрич («Уди­незе») секілді ойыншылар бар.

Әлемдік рейтингте 62-орында тұрған Словения құрамасы 2000 жылы Еуропа чемпионатының топтық кезеңінде тұңғыш рет ойнаса, араға екі жыл салып өз тарихында алғаш рет әлемдік додада бақ сынады. Бірақ екі ретінде де Балқан түбегінде орналасқан елдің өрендері топтық кезеңнен әріге аса алған жоқ. Арада буын алмасу ке­зеңін бастан өткерген словениялықтар 8 жылдан кейін, яғни 2010 жылы да әлем чем­пионатында ойнау мүмкіндігіне ие болды. Дегенмен, бұл жолы да олар доданы топ­тық кезеңнен аяқтауға мәжбүр болды. Словения футболының ең есте қалар кезеңі де дәл осы жыл болатын. Еуропа айма­ғының іріктеуінде үздік шығып, Оң­түс­­тік Африкадағы әлем чемпионатында ой­наған словениялықтар ФИФА рей­тин­гінде 15-орынға дейін көтерілген болатын.

Қазіргі Словения дәл мұндай жетісті­гімен мақтана алмайды. Кейінгі 13 жыл­да олар бірде-бір мәрте Еуропа, әлем чем­­пионаттарының финалдық кезе­ңіне шыға алған жоқ. Соңғы Еуропа бірін­шілігінің іріктеу кезеңінде 10 ойында 14 ұпай жинаған Словения футболшы­лары Польша, Аустрия және Сол­түстік Маке­дониядан кейінгі 4-орынға ие болған еді. Сондай-ақ Қатардағы әлем чем­пио­натының іріктеуінде де Хорватия, Ре­сей және Словакия құрамаларына жол бе­ріп, төртінші орынды қанағат тұтты.

Словенияның ең кейінгі бес ойынының нәтижесіне тоқталар болсақ, бес матчтың үшеуінде жеңіске жетіп, екеуінде тең түс­кен. Ұлттар лигасы аясындағы ойында Норвегия құрамасынан 2:1 есебімен басым түссе, былтыр қарашада сырт алаңда Ру­мынияны да дәл сондай есеппен тізе бүктірген болатын. Кейіннен өз алаңында Черногорияны бір доп айырмасымен сан соқ­тырған. Соңғы екі матч жолдастық кез­­десу аясында өткен болатын. Сонымен қатар Сербия (2:2) және Швециямен (1:1) тең ойнаған.

Ал Дания құрамасына келер болсақ, даниялықтар Қазақстан құрамасына да, жанкүйерлеріне де жақсы таныс. Өйт­­кені екі елдің құрамалары осымен үшін­ші мәрте бір топта ойнағалы тұр. Бұ­ған дейін екі рет әлем чемпионатының ірік­теу кезеңдерінде жолдары түйіссе, биыл алғаш рет Еуропа біріншілігінің ірік­теуінде жасыл алаңда жолықпақ. Қа­зақ­стан мен Дания құрамаларының та­ныстығы сонау 2005 жылы басталған. Бір қызығы, екі елдің футболшылары алғаш рет 2005 жылдың 26 наурызында ойнаған екен. Енді, міне арада тұп-тура 13 жыл өткенде бесінші мәрте кездеспек.

Өкініштісі, Копенгагенде өткен бірін­ші ойында жерлестеріміз алаң иелерінен 3:0 есебімен жеңіліп қалды. Бұл ойын­да Нильсен Петер дубльдің авторы атан­са, Кристиан Поульсен бір мәрте мер­гендігімен көзге түскен-ді. Алматыдағы қа­рымта матчта да жерлестеріміз 1:2 есе­бімен жол берді. Микаэль Гравгард пен Йон Даль Томассонның голдарына 86-минутта Александр Кучма бір голмен жауап берген еді. Кейіннен араға 11 жыл салып екі құрама 2018 жылы Ресейде ұйым­дастырылған әлем чемпионатының іріктеуінде тағы кездесті. Бұл жолғы ойындарда да Дания құрамасының мерейі үстем болды – 4:1, 3:1.

1992 жылғы Еуропа чемпионатына Югославия құрамасының орнына қатысқан даниялықтардың бағы жанып, өз тарихында тұңғыш рет Еуропа чемпио­ны атанды. Сондай-ақ олар 2020 жылғы кәрі құрлық додасының қола жүлдегері атанды. Дания қазіргі таңда ФИФА рей­тингінде 14-орында тұр. Құраманы жер­гілікті маман Каспер Юльманн 2020 жылдан бері жаттықтырып келеді.

Каспер Юльманн наурыз айындағы жиынға былтырғы әлем чемпионатына қатысқан бірнеше футболшыны шақырған екен. Десе де Қатардағы доп додасында өнер көрсеткен жартылай қорғаушы Кристиан Эриксен, шабуылшы Андреас Сков-Ольсен, Андреас Корнелиус және тағы басқа футболшылар бас бапкердің тізіміне енбей қалған.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы бұл іріктеуде «H» тобында Дания, Финляндия, Словения, Солтүстік Ирландия және Сан-Мариномен кәрі құрлық біріншілігінің жолдамасын сарапқа салады. Ал келесі жылғы Еуропа чемпионатын Германия осымен екінші рет өз елінде қабылдамақ. Матч­тар 2024 жылдың 14 маусымы мен 14 шіл­десі аралығында Берлин, Кельн, Дорт­мунд, Дюссельдорф, Франкфурт, Гель­зенкирхен, Гамбург, Лейпциг, Мюнхен және Штутгарт қалаларындағы стадиондарда өтеді.

Ал 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі 2023 жылдың наурызында басталып, қарашасында өз мәресіне жетеді. Топта бірінші және екінші орын алған құрамалар кәрі құрлық біріншілігіне тікелей жолдама алады.