• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Ауыл 20 Наурыз, 2023

Ауылдағы интернеттің аужайы

418 рет
көрсетілді

Тұрғындарды интернетпен қамтамасыз ету – кез келген мемлекеттің басты міндеті. Соның нәтижесінде цифрлық шешімдер өмірдің барлық саласында қолданысқа ене бастады. Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды­ пайдалану, су, жылу және басқа да коммуналдық игіліктер секілді күнделікті қажеттілікке айналды.

Қазір әр мемлекет халықты интернет­пен қамтуды арттыру үшін түрлі шара­ларды қолға алып жатыр. Қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қиындық тудыратын ауылдық жерлерге ерекше назар аударылады. 2022 жылдың соңында әлемде қала тұрғындарының интернетпен қамтылуы 78 пайыздан 82 пайызға, ал ауылдардың үлесі 42 пайыз­дан 46 пайызға өскен. Дүниежүзілік желіге қолжетімділік бойынша ауыл мен қала тұрғындарының арасындағы алшақтық өте үлкен.

Finprom.kz-тің хабарлауынша, ай­мақ­тар бойынша ең аз айырмашылық Еуро­пада байқалады: қалалық жерлердегі көр­сеткіш – 91 пайыз, ауылдық жерлерде­ – 83 пайыз. Жалпы, макроөңірлер бо­йынша ауыл тұрғындарын интернетпен­ қамту ТМД елдерінде 74 пайызға, Америкада 68 пайызға, араб елдерінде 56 пайызға тең. Қазақстанда ауыл тұрғындарын интернетпен қамту ерекше­ бақылауға алынып, республика дамуының басты міндеттерінің бірі сана­лады.­ Еске сала кетейік, ел халқының 7,5 млн-ы немесе 38,2 пайызы ауылдық жер­де тұрады.

Қазіргі таңда елімізде ауыл тұр­ғын­дарын интернетпен қамтитын бірқатар бағдарлама бар. Соның ең бас­тысы – «250+»­ бағдарламасы. Бағ­дар­ла­маны 250-ден­ көп тұрғыны бар ауылдар­ды интернет­пен қамтамасыз ететін «Kcell» АҚ (Kcell және Асtiv сауда­ белгілері), Tele2/Altel және «Кар-Тел» ЖШС (Beeline сауда белгісі) ұялы байланыс операторлары жүзеге асырып келеді.

Мысалы, 2020-2022 жылдары Kcell ұялы байланыс операторы міндетті бағдарламалар бойынша 468 базалық стан­саны және ауылдық жерлерде же­ліні дамытудың жеке бағдарламасы бо­йынша 550-ге жуық базалық стансаны­ орнатқан. Компания кең жолақты мобильді қолжетімділікті қамтуды кеңейту және байланыс сапасын арттыру­ бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Былтыр Kcell ауылдық елді мекен­дерде 258 базалық стансаны іске қосты.

«Барлығы 900 мыңға жуық адамға 3G технологиясын пайдалана отырып, ал 660 мыңнан астам адамға 3G/4G техно­ло­гиясын пайдалана отырып интернет берілді. Биыл оператор LTE желісін орнату арқылы тағы 142 ауылдық елді мекенді кең жолақты мобильді интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Қазіргі күні осы тізімдегі 31 елді мекенге LTE желісі қосылды. Сондай-ақ компания 2023-2024 жылдарға арналған өзінің жеке бағдарламасы бо­йынша ауылдық жерлерде кең жолақты мобильді қолжетімділік желісін дамыту­ды жоспарлап отыр. Осы жылдың 6 наурызындағы жағдай бойынша базалық стансалар 7 елді мекенде іске қосылған және тағы 10-ында жұмыс жүргізіліп жатыр», деп хабарлады Finprom.kz.

Бағдарламаларды жүзеге асыру жағдайға оң әсерін тигізіп жатыр. Мәселен, Халықаралық электрбайланыс одағының (ITU) дерегінше, Қазақстандағы интернеттің қолжетімілігі мынадай: ауылдық жерде – 94 пайыз, қала­да – 95 пайыз. Елдегі жағдай орташа­ әлем­дік деңгейден ғана емес, сонымен­ қатар ЕАЭО елдерімен, сондай-ақ көп­те­ген дамыған елмен салыстырғанда әлде­қайда жақсы. Мәселен, Арменияда ауылда­ интернет қолжетімділігі 90 пайызға, Беларусьте – 79 пайызға, Ресейде 78 пайызға тең. Кейбір дамыған елдерде ауылда интернетпен қамтамасыз етілген пайдаланушылардың үлесі келесідей: Швейцарияда – 95 пайыз, Жапонияда – 87 пайыз, Италияда – 74 пайыз, Канадада – 77 пайыз, Бельгияда – 93 пайыз, Францияда – 85 пайыз.

Сектордың осындай қарқынды дамуы үшін байланыс операторлары бұрын-соңды болмаған көлемде қаражат салып жатыр. 2022 жылдың қорытындысы бо­йын­ша, ақпарат және байланыс саласына­ са­лынған инвестиция бір жылда 39,1 па­йызға өсіп, 178,9 млрд теңгеге жетті. Бұл­ тарихи көрсеткіш. Ұзақмерзімді динамикада инвестиция көлемі біртіндеп ұлғая бермек.