Шымкенттегі дайын сайлау хаттамаларының әлеуметтік желіде таралуы қоғамда саяси науқанның әділдігіне байланысты екіұдай пікір туғызып жібергені рас. Осыған орай Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаев бейнажазба арқылы арнайы мәлімдеме жасады.
«Әлеуметтік желілерде таралып жатқан сайлау учаскелерінің қорытынды хаттамалары бойынша бейнероликтердің шындыққа жанаспайтынын хабарлаймын. Бейнероликте көрсетілген құжаттар мыжылған, оларда ешқандай қолтаңба мен мөр қойылмаған. Роликте көрсетілген мәлеметтерді таза арандатушылық деп есептеймін. Хаттамалар тек сайлау қорытындысына сәйкес толтырылады және нәтижесі жарияланады. Осы іс тиісті органдар тарапынан тексеріліп, құқықтық бағасы беріледі», деді ол.
Осы орайда Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Алмасбек Мамытбеков сайлау кезінде қандай да бір өрескел заң бұзушылықты байқаған азаматтар прокуратураға, полицияға және сайлау комиссиясына шағым түсіруге құқығы бар екенін жеткізді.
Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының сайлауында Шымкент қаласынан 330 сайлау учаскесі ашылып, онда 639 663 сайлаушы тіркелген. Сонымен бірге саяси доданың өту барысын бақылауға ТМД-дан 8, ЕҚЫҰ-дан 24 байқаушы келді.
ШЫМКЕНТ