Елімізде ұлттық спорт түрлерінің дамуына бірден-бір үлес қосып жүрген мекеме – Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы. Наурыз мерекесі қарсаңында аталған орталықтың бас директоры, кезіндегі Азия чемпионаты мен студенттер арасындағы әлем біріншілігінің жүлдегері, Сидней мен Афина Олимпиадасына қатысқан танымал дзюдошы Сағдат Садықовпен әңгімелескен едік.
– Сағдат мырза, сіз басқарып отырған орталық жоғары оқу орындары, колледждер мен гимназияларда, орта мектептерде спорт пен денешынықтыру саласын дамытуға үлес қосып жүр. Қазіргі кезде осы білім ошақтарындағы ұлттық спорт түрлерінің даму деңгейі көңіл көншітерлік деп айтуға бола ма?
– Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы балалар мен жасөспірімдердің бойына саламатты өмір салты құндылықтарын сіңіруде жан-жақты жұмыстар атқарып келеді. Сондай жобалардың бірі әрі бірегейі – қазақ күресінен оқушылар арасында Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевты еске алуға арналған республикалық турнир. Ол өте жоғары деңгейде өтіп жүр. Сонымен қатар мектеп оқушылары мен денешынықтыру мұғалімдері арасында кеңінен танымал «Ұлттық мектеп лигасы» жобасы аясында ұлттық спорт түрлері кеңінен қамтылған. Мәселен, 2012 жылдан бері асық ату, бестас, тоғызқұмалақтан 5-6, 7-8, 9-11-сыныптағы ұлдар мен қыздар арасында жарыс үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Ол мектепішілік іріктеу бәсекелерінен бастау алып, екінші кезең – аудандық пен қалалық, үшінші кезең – облыстық, төртінші кезең – республикалық, яғни финалдық сайыстарға дейін жалғасады. Осы дүбірлі додаларды оқушылар қауымы асыға күтеді.
Биыл алғаш рет 5-6-сыныптағылардың жарысын – Павлодарда, 7-8-сыныптардың сайысын – Алматыда, 9-11-сыныптардың бәсекесін Астанада топтап өткізу жүйесін енгіздік. Аталған спорт түрлері бойынша түрлі федерациялармен бірлесе отырып, лига ережелерін жазып, төрешілер құрамын жасақтаймыз. Әр жыл сайын әр өңірден іріктеліп келген 200-ден аса үздік оқушы республикалық, яғни финалдық кезеңде бақ сынайды. Осы орайда, спортты серік еткен жас жеткіншектер деңгейінің өсуіне барынша күш салып жүрген ұстаздардың ерен еңбегін айрықша атап өткім келеді. Сол себепті атқарылған жұмысқа көңіліміз толады деп айтуға барлық негіз бар.
– Соңғы кездері осы бағытта тағы қандай ауқымды істер қолға алынды?
– Оқу-ағарту министрлігінің қолдауының арқасында республикалық тоғызқұмалақ федерациясымен бірлесе отырып, биыл алғаш рет 2-11-сынып оқушылары арасында «Тоғызқұмалақ Олимпиадасы» ұйымдастырылмақшы. Оқушылардың ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылығын арттыру мақсатында жарыстарды өткізу форматтарын өзгертіп жатырмыз. Осындай іс-шаралар ұйымдастыру арқылы министрлік еліміздегі тоғызқұмалақ қозғалысына барынша қолдау көрсетуді көздеп отыр. Аталған Олимпиада талантты балаларды анықтауға, оқушылардың зейінін арттыруға, ойлау қабілетін дамытуға жол ашып, халықаралық додаларға қатысуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта бұл жоба мектеп спорты аясындағы ауқымды шаралардың біріне айналады. Қазірдің өзінде оқушылар, денешынықтыру мұғалімдері және ата-аналар тарапынан Олимпиадаға деген ерекше қызығушылық байқалып отыр. Бірақ «әттеген-ай» дейтін де тұстарымыз бар. Ең өкініштісі, бүгінгі таңда жергілікті білім басқармалары тарапынан қолдау аздау болып тұр. Осы күнге дейін республикалық кезеңге қатысуға Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау өңірлері ғана өтініш берді. Ал қалған аймақтарда қаржы мәселесі әлі де қарастырылып жатыр.
– Бірқатар жақсы жобаларды қолға алған екенсіздер. Ал сол спортшылар арасында халықаралық деңгейдегі жарыстарда дараланып жүргендер бар ма?
– Мектеп оқушылары спорттық шаралар арқылы дамиды, өседі, дене бітімі жетіліп қалыптасады, ал жас спортшылар әрбір жарыс арқылы шыңдалады. Біздің орталық ұйымдастыратын Спартакиада, Гимназиада, Универсиада сынды жылдар бойы өткізіліп келе жатқан дәстүрлі додалар талай жас жеткіншек үлкен спортқа жолдама берді деп нық сеніммен айта аламын. Солардың арасынан Азамат Бимағамбет (Ақтөбе), Әділет Бекмахан (Астана), Нәдір Ахметов (Павлодар), Ақжібек Манарбекқызы (Астана), Раушан Әуелбай (Астана), Ұлжан Пазылбекқызы (Қызылорда) және тағы басқа дарынды әрі жалынды жастар суырылып шығып, халықаралық деңгейдегі додаларда табысты өнер көрсетіп жүр.
– Төл өнерімізді одан әрі дамыту үшін алдағы уақытта тағы қандай ауқымды іс-шараларды қолға алу қажет деп ойлайсыз?
– Ұлттық спорт түрлері өскелең ұрпақты тәрбиелеп, ұлттың интеллектуалдық әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарады. Жалпы, мен тоғызқұмалақ, бес асық, асық ату секілді зияткерлік ойындарды жүйелі әрі қисынды ойлау қабілетін қалыптастырып, білім мен ғылымға бейімділік негіздерін қалауда ұтымды әрі таптырмас тәрбие құралдары ретінде қабылдаймын. Сол себепті төл өнеріміздің тәрбиелік мазмұнын ашып, оқушылар қатысатын жарыстарды ақпараттандыру мәселесін дамытып, отандық телеарналар мен бұқаралық ақпарат құралдарында креативті сюжеттер шығарып, танымды мақалалар жариялап, үздік есімдерді насихаттау ісін қолға алсақ, тіптен жақсы болар еді. Заманауи тенденция бойынша бүгінгі таңда жарқыратып жарнама жасау, жас жеткіншектердің назарын жаулау маңызды. Ал бұл жұмыстарды атқаруда осы саладағы барлық ұйымдардың бірлесіп әрекет жасағаны жөн. Себебі, барлығымыздың бір ғана мақсат-мұратымыз бар. Ол – өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу.
– Алдағы уақыттағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
– Қазақ ұлтының әлемдік өркениетке қосқан сүбелі үлестерінің бірі – дәп осы төл өнерлеріміз. Әр жарыстың «Біздің сайыстарда жеңімпаздар болса да, жеңілетіндер жоқ. Ұтатын – ұлттық мәдениетіміз» деген баршаға ортақ әрі тұрақты қағидасы бар. Сол себепті де оны одан әрі дамытып, насихаттауға тиіспіз. Мысалы, тоғызқұмалақ федерациясының ресми ақпараты бойынша елімізде 190 мыңнан аса мектеп жасындағы балалар осы спорт түрін серік етеді. Мектептерде 10 мыңнан астам үйірме бар. Алдағы уақытта сол білім ошақтарында үйірмелердің жұмысын жандандырып отырған денешынықтыру пәні мұғалімдері арасында біліктілікті арттыру курстарында шеберлік сабақтар мен семинарлар өткізуді жоспарлап отырмыз. Өйткені кәсіби құзыреті жоғары мамандар шәкірттерді спортқа қызықтырудың жолын біледі. Міне, осындай игі істер мен тынымсыз еңбек арқылы жоғары нәтижелер мен жарқын жеңістерге қол жеткізе алатынымызға кәміл сенеміз.
– Әңгімеңізге көп рахмет.
Әңгімелескен
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»