Қазіргі таңда ұлттық спорт түрлерінің ішінде ең шоқтығы биігі – қазақша күрес екені дау туғызбаса керек. Кезінде жұртшылық тек той-томалақ думандарда немесе халық көп жиналатын ас-жиындарда ғана ұйымдастырылатын балуандар бәсекесі деп қараған қазақ күресі қазір тек спорт емес, балуандық өнердің тамаша үлгісі ретінде бүкіл әлемге таныла бастады. Ал төл күресіміздің мұндай дәрежеге жетуіне, ұлттық күресіміздің елімізде өркендеп, бұқаралық сипат алуына үлкен үлес қосқан бірден-бір жоба – «Қазақстан барысы» екенін былайғы жұрт жақсы біледі.
Ең алғаш 2011 жылы тұсауы кесілген қазақ күресінен «Қазақстан барысы» жобасы аз уақытта асқан танымалдыққа ие болып, апайтөс балуандарымыздың думанды бәсекесіне айналып шыға келді. Ұлттық спорт десе ішкен асын жерге қоятын төл спорттың жанашырлары нағыз делебені қоздыратын тамаша белдесулердің куәсі болды. Сондай-ақ айналдырған 10 жылдан аса уақыттың ішінде бұл жоба еліміздегі талай білекті балуандардың жұлдызын жағып бергенін де айта кеткен жөн. Ал сол балуандар өз кезегінде төл күресіміздің бүгінгідей кең қанат жаюына үлесін қосты. Атап айтқанда «Қазақстан барысы» жобасының тұңғыш жеңімпазы, Алматы облысының балуаны – Ұлан Рысқұл, аталған жобаның үш дүркін жеңімпазы, бүгінгі тілмен айтқанда, қазақша күрестің амбассадорына айналған жамбылдық жампоз Бейбіт Ыстыбаев, «Қазақстан барысы» жобасының екі дүркін жеңімпазы Шығыс Қазақстан облысының даңқты балуаны Айбек Нұғымаров, бір-бір реттен үздік шыққан тағы бір шығысқазақстандық Мұхит Тұрсынов, қарағандылық Ержан Шынкеев, қызылордалық Еламан Ерғалиев, алматылық Дәурен Нұралинов пен қызылордалық Мақсат Исағабылов және тағы да басқа балуандар төл күресімізді төрге оздырды. Сонымен қатар қазақ күресінің әлемдік спорт ретінде мойындалуына «Әлем барысы», «Еуразия барысы» секілді турнирлер зор септігін тигізгенін де айта кетуге тиіспіз.
Жуырда ғана Жетісу облысының денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалған алғашқы «барыс» Ұлан Рысқұл «Қазақстан барысы» жобасы ұлттық спорт түрлерінің жандануына үлкен серпіліс әкелгенін айтады.
– Қазақ күресінен «Қазақстан барысы» жобасы еліміздегі ұлттық спорт түрлерінің жаңа деңгейге көтерілуіне, әсіресе төл күресіміздің қарыштап дамуына зор үлесін тигізді. Кейде «егер, бұл жоба болмағанда, қазақ күресі әлі күнге дейін той-томалақтың, ас-жиындардың деңгейінен аса алмас па еді», деп те ойлаймын. Сондықтан осы жобаны қолға алып, қазақ күресінің болашағына даңғыл жол ашып берген жандарға ерекше алғысымды білдіремін. Сондай-ақ бұл жоба ұлттық спорттың кез келген түрін дүние жүзіне дамытуға болатынын дәлелдеп берді. Алдағы уақытта өзге де ұлттық спорт түрлерінің тізгінін ұстап отырған жандар «Қазақстан барысы» жобасын негізге ала отырып, төл спортымызды одан әрі жандандырса екен деймін. Әлемде қанша жерден жаһандану жүріп жатса да, әлі күнге дейін ұлттық спортқа деген сұраныстың бар екеніне көз жеткіздік. Уақыттың өзіне уақыт жетпей жатқан заманда «Қазақстан барысы» жобасы 10 мыңнан аса ұлттық спорт жанашырларын бір спорт кешеніне жинап, 6-7 сағат бойы бозкілемге телміртті. Құдайға шүкір, ата-бабамыздан мұра болып қалған ұлттық ойындарымыз жетерлік қой. Көкпар, теңге ілу, асық ату, садақ ату және тағы басқа түрлерінің негізін сақтай отырып, жаңа заманға сай етіп өткізсе болады, дейді ол.
Сондай-ақ Ұлан Рысқұл «Қазақстан барысы» турнирі өзіне танымалдық сыйлағанын және өмірін күрт өзгерткенін жасырмайды.
– Осыдан 12 жыл бұрын жеңімпаз атансам да, әлі күнге дейін турнирдегі жеңісімді, сол кездегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Дзюдо күресімен 15 жыл айналысқаныммен, мені елге танытқан «Қазақстан барысы» жобасы. Өмірімді күрт өзгертті деп айтсам артық болмас. Қазақстанның қай бұрышына барсам да, қонақжай халқымыз мені үлкен құрметпен қарсы алады. Көбісі «балам саған ұқсаған, еліміздің атын әлемге танытатын балуан болсын деп спортқа, қазақша күрес үйірмесіне бердім», деп жатады. Бұл – халқымыздың бізге деген пейілі, ықыласы деп білемін. Осындай жылы сөздерді естіп, спортқа бекер келмеген екенбіз ғой деген ойға қаламыз. Бір баланың дұрыс жолға түсуіне, спортқа келуіне септігіміз тиіп жатса, бізге одан асқан бақыттың керегі жоқ шығар, сірә! дейді жобаның тұңғыш жеңімпазы.
Ал «Қазақтан барысында» үш рет жеңімпаз атанамын деп халық алдында уәде беріп, ер жігітке тән мінез көрсетіп, уәде үдесінен шыққан Бейбіт Ыстыбаев қазақ күресіне бергенімізден алғанымыз көп болды, дейді.
– Елімізде төл күресімізден «Қазақстан барысы» деген ірі турнир ұйымдастырылады екен дегенде ерекше қуанғандардың бірі мен едім. Өйткені бала кезімнен бері күреспен шұғылданып келемін. Спортшы болған соң, жетістікке қол жеткізуің керек, жаңа белестерді бағындыруың керек. «Қазақстан барысы» жобасы басталғанға дейін түрлі жиын-тойларда күрестік. Алғашында теледидар, кілем үшін де белдескенмін. Түйе үшін де күрескен кезім болған. Бірақ кейін тек көлік үшін ғана белдесемін деп шештім. Себебі ол кезде мен өзіме өте сенімді болатынмын. Спортшы майдаланбауы керек деп ойладым. Қалтамда нан алып жейтін ақшам болмаса да, қаржыға қатты мұқтаж болып тұрсам да, өзімнің ұстанымымнан таймай, жарыстарға қатыспайтынмын. Өзіме тек ірі жүлде үшін күресемін деп шарт қойған болатынмын. Сөйтіп жүргенде «Қазақстан барысы» жобасы ұйымдастырылып, өзім үшін жаңа белесті бағындыруға тырыстым. Тіпті, өзіме сенімді болғаным соншалық, «Бұл жарыста мен жеңемін, қарсыластарыма турнирге келіп әуре болмай-ақ қойыңдар», деп те айтқанмын. Өйткені тұңғыш «Барыс» атану арманым еді, амал нешік, алғашқы талпынысымда тұғырдың биік сатысынан көріне алмадым. Ештен кеш жақсы дейді ғой. Келесі жылғы додада өз мықтылығымды дәлелдедім. Жеңістің тәтті дәмін сезіне алғаныма қуаныштымын. Өз алдыма «Қазақстан барысы» турнирінде үш мәрте топ жарып, сол ойымды жүзеге асырғаннан кейін спортпен қош айтысамын деп мақсат қойған болатынмын. Құдайға шүкір, ел алдында масқара болмай, мақсатыма қол жеткіздім, деген еді Б.Ыстыбаев бір сұхбатында.
Қысқаша айтқанда, «Қазақстан барысы» жобасы аз уақыттың ішінде төл күресіміздің тынысын ашып қана қоймай, өскелең жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге, саламатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортты серік етуіне айтарлықтай үлесін қосты.