Наурыз мейрамы қарсаңында Талдықорғанда Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіш ашылды, деп хабарлайды, Egemen.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақынның мүсіні Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы драма театрының алдына қойылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Бейбіт Исабаев, Парламент Сенатының бірқатар депутаты, Абай облысынан арнайы өкілдері, Құнанбай қажының тікелей ұрпағы Хусман Верлишев, сол сияқты өнер майталмандары, өңірдегі ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары қатысты.
Жалпы ескерткіштің тұғыры гранит пен мрамордан дайындалған, мүсіні қоладан құйылған. Тұғыры 5,3 метр, мүсіні - 3,6 метр. Ескерткіштің сәулетшісі - Қазақстан Республикасының құрметті құрылысшысы, ұзақ жыл Сәулетшілер одағын басқарған сәулетші Ақмырза Рүстембеков. Мүсіншісі - Мейірлан Әзмағанбетов. Ол бұған дейін Талдықорғандағы Сүйінбай Аронұлының, Ғали Ормановтың, Нұрғиса Тілендиевтің ескерткіштерін, «Аялы алақан» композициясын жасаған.
Ескерткіштің ашылу салтанатында облыс әкімі арнайы сөз сөйледі.
«Халықтың мүддесінен, көптің мақсат-мұратынан туындаған сол тақырыптар әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Қайта ондағы адамгершілік құндылықтар, мораль философиясы, толық адам ілімі жыл өткен сайын жаңғырып, заман озған сайын жаңа қырлары ашылып жатыр. Қазақстанның жаңа дәуірін жасап, әділетті қоғам құру барысында біз тағы да Абайға жүгінеміз. Ақын айтқан ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек әрқайсымызға аса қажет екенін ұғынамыз. Осы үш асыл қасиеттің адамды алға жетелейтінін, ақиқатқа бастайтынын түйсінеміз. Абай қазақпен бірге жасайды. Оның шығармалары бүгінгі қоғамға ғана емес, келешек ұрпаққа да рухани нәр беріп, терең тағылымын танытатыны анық», деді Бейбіт Исабаев.