• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Бокс 21 Наурыз, 2023

Қатарымыз сирей бастады

210 рет
көрсетілді

Үндістанның бас шаһары – Делиде өтіп жатқан бокс­тан қыздар арасындағы әлем чемпионатының бесінші жарыс күнінен кейін жерлестеріміздің қатары сирей бастады. Жаһандық доданың бәсекелері бел ортасына жетпей жатып, екі отандасымыз жарыс жолынан шығып қалды. Біріншісі – екі дүркін әлем чемпионы, 12 дүркін ел біріншілігінің жеңімпазы Назым Қызайбай (50 кг) болса, екіншісі – былтырғы Азия чемпионатының 52 килодағы қола жүлдегері Жазира Орақбаева.

Делидегі əлем чемпио­на­тының төртінші күнінде шаршы алаңға Назым Қызайбай (50 кг) мен Карина Ибрагимова (57 кг) көтерілді. Олимпиада бағдарламасына енетін екі сал­мақтың алғашқысында жұды­­рықтасқан Назым Қызай­бай Делидегі тұсаукесер кез­десуінде вьетнамдық Тхи Там Нгуеннен жеңіліп қалды. Бойы мен қолының ұзындығын ұтым­ды пайдаланған Вьетнам боксшысына қазақтың дарынды қызы еш қарсылық көрсете алмады.

Назымның ізін ала шаршы алаңға 57 килодағы Карина Ибрагимова шықты. Былтыр Ыс­танбұлда өткен әлем чем­пионатының қола жүлдегері алғашқы айқасынан-ақ биыл да жүлделі орындардан бас­ты үміткер екенін байқатты. Бірін­ші кездесуін колумбиялық Валерия Арболеда Мендосамен өткізген Карина қарсыласын екінші раундта техникалық нокаутпен жеңіп, келесі кезеңге қиналмай өтті.

Жарыстың келесі күнінде бокс жанкүйерлері төрт отан­дасымыздың жекпе-жегін тамашалады. Мәдина Нұршаева (70 кг), Жайна Шекербекова (54 кг) мен Валентина Хальзова (75 кг) бәсекелерін жеңіспен аяқтап, қазақ еліне қуаныш сый­ласа, алғашқы әлем чемпионатына қатысқан Жазира Орақбаева (52 кг) ел үмітін ақ­тай алмады.

Бірінші айналымда тай­пейлік Чан Чиа-Хсунді нокаут­пен жеңіп, мамандардың назарын өзіне аудартқан Орақ­баева екінші айналымда үндіс­тандық Сакши Сакшиден айласын асыра алмады. Аса тартысты өткен кездесуде шаршы алаң қожайыны төрешілердің ортақ шешімімен жеңіске жетті – 5:0.

70 кило салмақтағы Мәдина Нұршаева алғашқы кездесуінде кореялық Чой Хонгёнді сенімді жеңді. Бірінші және екінші раундта белсенді болған жер­лесіміз соңғы раундта қар­қы­нын үдетіп, қарсыласын бір мәрте нокдаунға жіберді – 5:0. Мадина ширек финалда бра­зилиялық Барбара Дос Сан­тоспен қолғап түйістіреді.

54 кило салмақтағы Жайна Шекербекова екінші айналымда өзбекстандық азулы бокс­шымен жұдырықтасты. 2021 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы Нигина Уктамова мен әлем біріншіліктерінің үш дүр­кін жүлдегері Жайна аян­бай айқасты. Техника жа­ғынан да, соққы жағынан да мықтылық танытқан жерлесіміз бұл кез­десуді өз пайдасына аяқ­тады. Шекербекова ширек фи­налда колумбиялық Мар­сел Кастаньед Ариаспен жұ­ды­рықтасады. Айта кетейік, жер­лесіміз алғашқы айналымда Оң­түстік Корея өкілі Э Чжи Имнен басым түскен болатын.

Бесінші күннің нүктесін Валентина Хальзова қойды. Бұған дейін 70 кило салмақ дәрежесінде жұдырықтасып, биылдан бастап Олимпиада бағдарламасына енетін 75 килода өнер көрсете бастаған Вален­тина Делидегі әлем чем­пио­натын жеңіспен бас­та­ды. Дүниежүзілік до­да­ның екінші айналымында қазақ­стандық боксшы вене­суэлалық Мариэлис Ирис­пен жұ­ды­рық­тасты. Талай додаларда жүлде алып, бокс мамандарын мық­тылығымен мойындатқан отандасымыз венесуэлалық бокс­шыны еш қиындықсыз жеңді – 5:0. Хальзова келесі ке­зеңде түр­киялық Элиф Гю­нермен кез­деседі.

Ал кеше былтырғы әлем чем­пионатының күміс жүл­дегері, 2022 жылғы Азия чем­пио­ны 48 килодағы Алуа Бал­­қыбекова, 57 килодағы Ка­рина Ибрагимова, 63 кило салмақ­тағы Аида Әбікеева, 60 килода жұдырықтасатын Рим­ма Воло­сенко және 66 кило сал­мақтағы Надежда Рябец кезекті жекпе-жектерін өткізді.

А.Балқыбекова ресейлік Юлия Чумгалаковамен, К.Ибра­гимова әзербайжандық Махсати Хамзаевамен, А.Әбікеева қы­тайлық Ченьгю Янмен жұды­рықтасса, Р.Волосенко сер­биялық Наталья Садринмен, Н.Рябец доминикандық Мари Моронт Эрнандеспен қолғап түйістірді.