Грекияның бас шаһары – Афинада ұйымдастырылған көркем гимнастикадан кезекті Әлем кубогінде отандасымыз Елжана Тәниева үздіктер қатарынан көрінді.
Ұршық бағдарламасында жарыс жолына шыққан жерлесіміздің өнерін төрешілер жоғары бағалады. 31,550 ұпайға ие болған Тәниева Әлем кубогінің қола жүлдегері атанды. Бас жүлде германиялық Маргарита Колосованың (31,800) еншісінде кетсе, күміс медаль өзбекстандық Тахмина Икромоваға (31,700) бұйырды.
Сондай-ақ Елжана лента жаттығуында да финалда өнер көрсетіп, жүлделі орынға сынық сүйем жетпей қалды. 28,650 ұпай жинаған ол жарысты төртінші орынмен аяқтады. Әлем кубогі кезеңінде бақ сынаған тағы бір қандасымыз Айбота Ертайқызы іріктеуде 14-орын алып, финалға шыға алмады.