• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Наурыз, 2023

Қарттарға сый-құрмет

285 рет
көрсетілді

Тіршілікке жан бітіп, Жер-ана бусанған шақта келетін Наурыз мейрамында Президент Іс басқармасының ұжымы елордадағы «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып, қариялармен амандасып, көңілін аулады.

Қазір орталықта 331 қарт тұрады екен. Олардың арасында I, II топтағы мүгедек жандар, яки зейнеткерлер бар. Мекеме қызметкерлері қарттарға медициналық, психологиялық, еңбек терапиясы, құқық­тық, экономикалық және басқа да бірнеше әлеуметтік қызмет түрін ұсынады. Қария­лар жыл сайын атаулы мерекелерден құр қалмай, мәдени іс-шараларға қатысады.

Осы жолы ақсақал аталар мен ақ жау­лықты аналардың құрметіне Мемлекеттік күзет қызметі оркестрінің өнерпаздары концерт қойды. Оркестр құрамында Айзат Қарабекова, Асылхан Шалқаров, Еркебұлан Сəрсенбеков, Гүлсім Мырза­бекова, Бауыржан Нұрмұханов сынды халықаралық және республикалық өнер байқауларында төбе көрсетіп, топ жарған мәдениет саласының майталмандары болды. Жезтаңдай әншілер оркестрдің сүйемелдеуімен қазақ және орыстың дәстүрлі әндерін бірінен соң бірін құйқылжыта шырқады. Ізінше жиыл­ған көпшілік шебер күйшілердің күй тартысына тәнті болды. Қонақтардың талабы мен талантына куә болған қарттар өнерпаздарға алғыс айтып, қошемет көрсетті. Ал Президент іс басқармасы ұйым­дастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлі­мі меңгерушісінің орынбасары Шол­пан Жұмағұлова қарттарға алғыс айтты.

– Жаңа жылдың бастауы болған Наурыз мерекесі құтты болсын! Қазақ халқы­ның қашанда үлкенге құр­мет, кішіге ізет көрсете білетін қасие­тін білесіздер. Бүгін Президент Іс басқар­масының ұжымы мен оған қарасты ведомстволар өздеріңізге келіп, сый-сияпат көрсетуді ойластырған еді. Сіздер елдің өркендеуіне, дамуына зор үлес қостыңыздар. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін,  деді ол.

Орайлы сәтте Президент Іс бас­қар­ма­сына қарасты Президент Әкім­шілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғима­раттары дирекциясы, Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы, Меди­циналық орталық ауру­ханасы және Материалдық-техни­ка­лық қамтама­сыз ету басқарма­сының Әкім­шілік ғимараттар дирекция­сының қызмет­керлері Наурыз дастарқа­нын жайды. Осы күні Президент Іс бас­қармасының мамандары өзінің жеке қорынан әкелген кітаптарын «Ша­рапат» орталы­ғының кітапханасына тапсыр­ғанын да айта кеткеніміз ләзім.

«Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсе­ту орталығында бөлім меңгерушісі болып еңбек ететін Сәуле Қайырованың айтуынша, Президент Іс басқармасының ұжымы орталыққа жылына кемінде бір мәрте қайырылып, қарттардың көңілін көтеруге ықылас танытады екен.

– Орталықта әр мерекені өз деңгейін­де атап өтеміз. Президент Іс басқармасы жыл сайын келеді. Мекемеде 16 ұлт­тың қарттары тұрады. Барлығы бір отбасындай тату-тәтті өмір сүреді. Орта­лықтың жаңа, кең ғимараты 2007 жылы пайдалануға берілді. Мұнда акт залы, медициналық бөлім, жаттығу залы, музейден басқа да қызмет көрсететін бөлімдер бар. Қысқасы, қарттарға жақ­сы жағдай жасалған. Ұлы Отан соғысы­ның ардагері 98 жасқа қараған Раиса Сафончива да осында тұрады. Ол соғыста пошташы болған. Қазір қызы Ресейде,  дейді бөлім меңгерушісі.

Президент Іс басқармасының ұжымы концерттік бағдарламадан кейін де қарт­тар­дың тұрмыс ахуалымен танысып, емен-жарқын әңгімелесті.