Қазақстанның бірінші, әлемнің 48-ракеткасы Александр Бублик Майами (АҚШ) мастерс турнирінде жарыс жолынан шығып қалды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 50-ракеткасы, америкалық Джеффри-Джон Вулфпен шеберлік байқасты.
Америкалық теннисші 1 сағат 19 минутқа созылған матчта 7:5, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Ол 4 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Бублик 9 эйс, 2 брейкпен (4 брейк-пойнт) көзге түсті.
Вулф екінші айналымда әлемнің 7-ракеткасы, ресейлік Андрей Рублевпен кездеседі.
Жүлде қоры 8,8 млн АҚШ долларына бағаланған дода 2 сәуірде аяқталады. Өткен жылы мұнда әлемнің 1-ракеткасы, испаниялық Карлос Алькарас үздік шыққан еді.
А.Бублик жұптық сында жарыс жолын жалғастырады. Ол сербиялық Миомир Кецмановичпен бірге аргентиналықтар Педро Качин – Франсиско Черундоломен кортқа шығады.
Тағы бір қазақстандық Михаил Кукушкин Швейцарияның Биль қаласында өтіп жатқан челенджер жарысының екінші айналымында тартысты матчта словакиялық Норберт Гомбошқа жол берді – 6:7 (2:7), 6:4, 2:6.